Людмила Распопованың тоқыма қуыршақтары Қостанай өңіріндегі мүгедек балалар мен олардың ата-анасына біршама таныс көрінеді. Оны балалар қолына киіп алып ойнайды. Өзі көп жылдар әлеуметтік салада қызмет істеген Л.Распопова үйде отырып қалған балаларға қуыршақ тоқуды әдетке айналдырып, уақыт өте ол өзінің сүйікті ісіне айналған. Ал Рыскүл Әбілова «Тильда» деп аталатын қуыршақтар сериясын қолдан тігіп жасайды. Өзі тігінші, университетте қол еңбегінен сабақ беретін Р.Әбілова қуыршақ тігуді студенттерге, ынта білдіргендердің барлығына үйретумен келеді.
– Кешке жұмыстан келген соң қуыршақ тігу – менің ең сүйікті ермегім. Қазір қол еңбегінің қайсысы болса да жұртшылықтың қызығушылығын тудырады және тез саудаланады, – дейді Р.Әбілова. Ольга Зотова көп жылдан бері табиғи асыл тастардан әйелдердің моншақ, сырға, алқасын жасаумен айналысады. Таза табиғи лағыл, ақық тастарды өңдеу, бір бейнеге келтіру әйел адамға оңай да шаруа емес. Ол жасаған әшекейлерге сұраныс көп.
Ал Қарлығаш Жүсіпбекованың сүйікті ісі алдымен көрерменді таңғалдырады. Ол кәдімгі сөмкенің, күрткелердің сыдырмағынан әйелдердің әшекей заттарын жасайды. Көздің жауын алатын сырға мен алқаны, жүзікті сыдырмақтан жасады дегенге сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің.
– Осы іспен айналысқаныма бір жарым жылдай уақыт болды. Қайдан үйренгенімді айтайын – интернеттен! Жұмыстан қолым босаса сыдырмақтан бір бұйым жасап шығаруға тырысамын. Қазір жасаған бұйымдарымның саны үш жүзге дейін барады, бірақ көбін достарыма, туыстарыма сыйладым. Қалғанын саттым, сұраныс берушілер де жетеді, – дейді Қ.Жүсіпбекова. Сондай-ақ, Анастасия Шурупова кәдімгі сабын жасаумен айналысады.
Әйтсе де, қолөнермен айналысу оңай да, арзан да шаруа емес көрінеді. Мысалы, А.Шурупова сабынның материалын, формасын Ресейден, тіпті Еуропадан алдырады. Әрине, арзан емес. Ал Рыскүл Әбілованың қуыршақ тігетін мата алу үшін Ресейдің Челябі, Екатеринбург қалаларына жол жүріп кететін кездері аз болмайды. Елена Корякина қуыршақтарын қойдың жүнінен жасайды. Ол үшін алдымен жүнді өңдеп, киіз басып, оны қуыршақ кейпіне келтіреді. Бір қуыршаққа үш күндей уақыты кетеді екен.
Қолөнершілердің қайсысымен сөйлессең де, сүйікті ісіне тек еңбегін ғана емес, жан шуағын төгетінін айтады. Сонымен қатар, шығармашылықта адам қиялының шегі болмайды. Кәдімгі шыны шөлмектерден жасалған сұлу вазалар да – осы қолөнершілер қиялының жемісі.
– Көрмеге қатысқан шеберлер өзінің сүйікті қолөнерінсіз өмірін елестете алмайды. Қолдан жасалған, тіккен, тоқылған бұйымдар қазір ерекше бағаланады. Олардың әлеуметтік желілерде арнайы парақшалары, тіпті интернет-дүкендері де бар, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Салтанат Қарабаева.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ