Оның әжесі Кәсіп – үш жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның қызы, атасы Қани – Арқаның Робин Гуды іспеттес Мәдидің ағайыны. Осы себепті, екі күрескер ақынның өлеңдері мен олар жайындағы аңыз-әңгімелерді қаршадай кезінен үлкендердің аузынан естіп, зердесіне құйды, екеуіне ұқсап жүрек жұтқан ақын болуды көкседі. Әйтсе де, оның өмірі, тіпті өзі қатарлы қаламгерге де ұқсамай, өзгеше өрбіді, шығармашылық жолы да басқаша қалыптасты.
Павлодар қаласындағы №3 мектеп-интернаттың 9-сыныбында оқитын талапкер ақын жұртшылықтың жадынан өше бастаған ұлт қаһармандары мен тұлғалардың тағдырларын, ұлттық көтерілістер мен қозғалыстардың тарихын білмекке құштарлық танытып, көп ізденген. Сәбит Мұқановтың мақалалары жинағынан Алаш қайраткерлері Әлихан, Ахмет, Жүсіпбек, Міржақып, Мағжан жөніндегі деректерді тірнектеп жинады, Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабынан Мұстафа Шоқайдың образын байқап байыптады, Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романынан ұлт азаттық көтерілісінің көсемі Кенесары ханның бейнесін көріп, қаһармандығына қайран қалды.
Әңгімеміздің кейіпкері ақын Арман Қани небәрі он бес жасында 1969 жылы ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымын құрып, жұртшылықты азаттыққа үндеді, отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған өлеңдер жазды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті 1970 жылдың қаңтар айында аталмыш ұйымды әшкерелеп, Арман мен оның үзеңгілес серіктерінің іс-әрекеттеріне тергеу амалдарын жүргізді. Ресми емес дерек көздеріне қарағанда, Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы белсенді жас ұландардың бірнешеуін бас бостандығынан айыру жазасына кесу жөнінде Қазақстан компартиясы Орталық комитетіне ұсыныс жасаған көрінеді, бұлардың бақытына қарай, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келісім бермеген екен. Әйтсе де, белсенді жасөспірімдер жазасыз қалған жоқ.
Жас ұландардың ісі мектеп жиналысы, комсомолдар жиналысы, ата-аналар жиналысы, педагогтар кеңесі, қалалық комсомол комитеті бюросында қаралып, бұларға үсті-үстіне моральдық-психологиялық соққы берілді. Мұғалімдердің бірі жас ұландарды «Интернаттың тегін тамағын ішіп, империалистердің сөздерін сөйлеген арамтамақтар! Алаш орданың сорақы істеріне еліктеген сорлылар!» – деп ғайбаттады, екінші біреуі: «Егер маған Сталин заманындағыдай билік берсе, бұл балаларды ата-аналарымен қосып қойып, өз қолыммен ататын едім!» – деп айбат шекті. Осындай жиындардың соңында Арман мен бірнеше серігіне «Ұлттық саясат мәселесіндегі өрескел идеялық-саяси қателігі үшін» деген айып тағылып, комсомол қатарынан шығарылды және оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылып, мектептен қуылды.
Осылайша, кәмелет жасына толмай жатып, қоғамнан теперіш көрген бозбала ауылға келіп қара жұмысқа бой ұсынды. Май ауданының Ақшиман кеңшарында қырықтық, сақман, шөп егу, пішен дайындау тәрізді науқандық жұмыстарда шама-шарқынша еңбек етті.
Амал не, сезімтал ақынның өлеңдері қыл аяғы аудандық газетке де басылған жоқ. КГБ-ның қара тізімінде тұрған адамның туындыларын компартия басылымында жариялау саяси қателік саналды. Бірақ, ұлтшылдығы үшін комсомол қатарынан және оқудан шығарылған жас ақынға тағдыр тосын сыйлық жасады: 1982 жылы оның бір топ өлеңі Қазақстан комсомолы сыйлығының иегері, еліміздің әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» өлеңінің авторы, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сәт сапар тілеуімен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді!.. Ал келесі жылы Қазақстан Жазушылар одағы және Қазақстан комсомолы Орталық комитеті ұйымдастырған шығармашыл жастардың «Жігер» фестиваліне қатысып, дипломант атанды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген!» деп, қазақтың мұңы мен шаттығын Кеңес өкіметінен қаймықпай егіле жырлаған Жұбан Молдағалиевтің қолынан диплом алды. Іле оның туындыларына қазақ поэзиясының көрнекті тұлғалары Қуандық Шаңғытбаев пен Мұзафар Әлімбаев толымды баға берді.
Жақсылардың жан жылуының арқасында Арман ақынның шығармашылық жолындағы сірескен сең қозғалды.
Ол 1989 жылғы ақпанда Олжас Сүлейменовтің Семей ядролық полигонындағы жарылыстарды дереу тоқтату жөніндегі ашық мәлімдемесіне орай, Павлодардағы орталық алаңға таяу көпшілік орында қолына плакат ұстап тұрып мыңдаған бейбітшіл адамның қолын жинады. Рас, көптің арасынан мұны келеке қылып мысқылдағандар да, керісінше, қатерлі іске бел буған бұған іштей жандары ашып, мүсіркегендер де ұшырасты. Ғайбаттау мен табалаудың талайын бастан өткерген діні қатты жігіт мұндай әрекеттерге селт еткен жоқ.
Сол жылдың қыркүйек айында Алматыда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш құрылтайына делегат болып қатысты. «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстары, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымдарының іс-қимылдарына белсене араласты.
Тағдыры тартысқа толы талантты ақынның бүгінгі тұрмыс-тіршілігі көз қуантады. Бірнеше кітабы шығып, өлең өлкесіндегі өмірі тың туындыларымен толықты. Дәлірек айтсақ, «Ар алдында» (2001) жинағы, «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ» (2004), «Тамшылар» (2004), «Шындықпен бетпе-бет» (2006), «Жұлдызды тұман» (2008), «Сен және мен» (2012), «Үйлесім – Гармония» (2014), «Баянауыл жырлары» атты жинақтары жарық көріп, шығармашылық жолы шырайлана түсті.
«Ар алдында» жинағы үшін Павлодар қаласы шығармашыл зиялыларының «Қауышу» слетінде «Жылдың үздік ақыны» атағымен марапатталды.
Енді егемен елдің оқушыларының ұйымы да «Жас ұлан» аталады. Бір кезде өзі оқыған, қазіргі уақытта «дарынды балаларға арналған гимназия-интернат» аталатын оқу орны Арманды «Жас ұлан» ұйымы қатарына оқушыларды қабылдау шарасына арнайы шақырған. Интернаттағы көрнекі орынға үздік түлектердің бірі ретінде оның да фотосуреті ілініп, өмірбаяны жазылып қойылған.
Қалай десек те, қазіргі әкімдер Арман Қаниға құрметпен қарайды, бірі ақынның отбасына жайлы пәтер берсе, екіншісі жыр жинақтарын шығаруға қолдау көрсетті, енді бірі грантпен, құрмет грамоталарымен марапаттады. Мемлекет те, қоғамдық ұйымдар да еңбегін елеусіз қалдырған емес. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін», «Павлодар қаласының құрметті азаматы», «Баянауыл ауданының құрметті азаматы» атақтарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Павлодар облысына 75 жыл», «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік медальдарымен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алғыс хаттарымен марапатталып, құрметтелді. Оның кеудесіне «Невада-Семей қозғалысына 25 жыл» төсбелгісін Олжас Сүлейменовтің өзі қадады.
Жуырда «Сен және мен» жыр жинағы үшін алашшыл ақын Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. Ұлы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында берілген сыйлықтың мән-маңызы азаттық үшін күрескен ол үшін айрықша екені анық!
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»