19 наурыз, сенбі күні Орталық сайлау комиссиясында 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауындағы ақпараттық дауларды қарау жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Оған ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен ТМД миссияларының байқаушылары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясы» РҚБ-нің байқаушылары қатысты.
Отырыста кеңес мүшелері Орталық сайлау комиссиясының Байланыс және ақпарат министрлігімен бірлесіп жүргізіп отырған БАҚ-тар мониторингінің аралық қорытындыларын талқылады. Мониторинг 53 баспа басылымдарын, 11 республикалық телеарнаны, 6 ақпараттық агенттікті және 11 мейлінше танымал қоғамдық-саяси интернет-ресурстарды қамтиды. Мониторинг мәліметтеріне қарағанда, 3-16 наурыз аралығында баспа басылымдарында президенттікке кандидаттар Ж.Ахметбеков туралы – 110, М.Елеусізов туралы – 101, Ғ.Қасымов туралы – 96, Н.Назарбаев туралы 129 материал жарияланған. Ал аталған күндер ішінде республикалық телеарналар эфиріне президенттікке кандидаттар Ж.Ахметбеков бойынша – 148, М.Елеусізов бойынша – 163, Ғ.Қасымов бойынша – 161, Н.Назарбаев бойынша 108 материал шыққан. Материалдардың жалпы санының 51 пайызы «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарының еншісіне тиеді.
Кандидаттардың телеарналар эфирінің жаңалықтар блогы аясында кандидаттардың қызметін жария етуге арналған сюжеттер уақытының ұзақтығына келсек, ол Ж.Ахметбеков жөнінде 24 пайызды, М.Елеусізов туралы 27 пайызды, Ғ.Қасымов туралы 28 пайызды, Н.Назарбаев туралы 21 пайызды құраған. Мониторинг жүргізу барысында кандидаттардың кәсіби қызметіне байланысты материалдар да есепке алынады. Елбасы өзінің өкілеттіктерін сайлау науқаны барысында да атқаруы тиіс екенін ескерсек, мұндай материалдың көбі Іс басындағы Президенттің қызметіне арналғаны түсінікті.
Осыдан біраз уақыт бұрын ОСК-ге кандидаттар М.Елеусізов пен Ғ.Қасымов сайлауалды үгіт шараларына арналған билбордтарды орналастыруға байланысты өтініш білдірген болатын. Орталық сайлау комиссиясы үміткерлерге бұл мәселеге қолдау көрсету туралы шаралар қабылдады. Қазіргі уақытта осы екі кандидаттың сайлау қорлары қаражаты есебінен олардың 100-ден астам билбордтары дайындалып, олар Алматы және Астана қалалары мен еліміздің өзге де өңірлерінде орналастырылды.
Отырыста Қоғамдық кеңес Ортсайлаукомға БАҚ-тардың үгіт науқанын жариялау жөніндегі жұмысында орын алған кемшіліктерге қатысты ұсыныстар да білдірді. Мысалы, «Украінські новини» газетінде Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың сайлауалды тұғырнамаларының «Сайлаушыларды ақпараттандыру мақсатында» деген редакторлық алғысөзбен мақала жариялануына байланысты Орталық сайлау комиссиясына осы мәселені шешу үшін прокуратура органдарына жүгінуді ұсынды.
Сонымен қатар, «Известия-Казахстан» газетінде «За выборность акимов и судей» деген тақырыпта мақала жарияланған еді. Мақала президенттікке кандидат М.Елеусізовке арналған. Мақаланың бірінші азат жолында президенттікке кандидат Ж.Ахметбековтің аты-жөні аталады. Осыған байланысты кандидаттар М.Елеусізов те, Ж.Ахметбеков те мақаланы теріске шығару жөнінде өтініш білдірмеген. Қоғамдық кеңес «Известия-Казахстан» газетіне аталған материалды теріске шығару туралы мақала жариялауды ұсынды.
«Астана» телеарнасы 13 наурызда президенттікке кандидат Ж.Ахметбековтің үгіттік роликтерін эфирге шығарған екен. Ал қаржыландыру көзі туралы ақпарат көрсетілмеген бұл ролик 7 рет көрсетілген. Осыған орай Қоғамдық кеңес қаржыландыру көздері туралы мәселелерді болдырмау мақсатында барлық телеарналарға үгіт материалдарының шығарылуын қаржыландыру көздері туралы мәліметтерді жариялау қажеттігін ескертті.
– Барлық кандидаттар үшін БАҚ-тарға тең қол жеткізу талабы, жалпылай алғанда, орындалып отыр деген тұжырым жасауға болады, – деді отырыста Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, Қоғамдық кеңестің төрайымы Ләззат Сүлеймен. – Баспа және электронды БАҚ-тарда кандидаттардың қызметін жариялау тең жағдайда және шамамен тең көлемде жүргізіліп келеді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.