Кеше Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырыста ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауын бақылау жөніндегі 1-14 наурыз аралығындағы №1 аралық есебін бекіту туралы хаттамалық шешім қабылданды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың мәлім етуінше, құжатты ЕҚЫҰ/ДИАҚБ 21 наурызда жария еткен. Ол 12 бөлімнен тұрады, оның негізгі бөлігінде сайлаудың құқықтық базасына қысқаша шолу жасалған. Сондай-ақ құжат кезектен тыс президент сайлауына байланысты әкімшілендіру жүйесі, кандидаттарды ұсыну мен тіркеу тәртібі, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі, азаматтардың арыз-шағымдарын қарау тәртібі мен процедуралары, байқаушылар қызметінің құқықтық негіздері сияқты бірқатар мәселелерді қамтиды.
Есеп негізінен ақпараттық бейтарап сипатқа ие. Онда Орталық сайлау комиссиясының сайлауға әзірлену мен оны өткізу жұмыстарын жақсы жүргізіп жатқандығы, ОСК өзінің мәжілістерін тұрақты түрде өткізіп, оны қоғамға барынша ашық ұйымдастырып жүргендігі айтылған. Есептің мәліметтері бойынша, ОСК журналистермен сайлауға байланысты брифингтерді де тұрақты өткізіп, ақпараттық веб-сайтына мәліметтер орналастырып отырады.
– Халықаралық ұйым миссиясының есебінде сайлауды ұйымдастырушыларды оқыту, сайлаушыларды сайлаудың өтетіндігінен хабардар ету мақсатында жүргізіп жатқан жұмыстары да жақсы бағаланған, – деді ОСК басшысы Қ.Тұрғанқұлов осы туралы. – Есепте сарапшылардың сайлауды ұйымдастыруға байланысты сыни көзқарастары да жарияланған. Олар Лингвистикалық комиссияның жұмысы мен Комиссия мүшелерінің президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалауы, кандидаттардың ақпарат құралдарына теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етуі және ақпарат құралдарындағы кандидаттар туралы материалдардың жариялануы сияқты сан түрлі мәселелерді қамтиды. Сарапшылар тарапынан берілген сыни бағалардың арасында нақты фактілермен дәлелдеуді және сайлауға қатысты заңдар мен халықаралық талаптардың нақты баптарына сілтеме жасап, дәлелдеуді қажет ететін мәселелер де бар.
* * *
Кеше Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуымен кезектен тыс президент сайлауына байқаушы ретінде қатысатын халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің 328 байқаушысын тіркеді.
ОСК мүшесі Татьяна Охлопкованың хабардар еткеніндей, бүгінде кезектен тыс президент сайлауына тіркелген байқаушылардың жалпы саны 868-ге жетті. Олардың арасында ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясынан – 335, ТМД миссиясынан – 375, ШЫҰ миссиясынан – 12, төрт халықаралық ұйымнан – 22, шет мемлекеттерден 124 байқаушы бар.