Кеше Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевтың төрағалық етуімен осы ұйымның жылдық қорытындысына арналған мәжіліс өтті.
Мәжілісте федерацияның өткен жылғы жұмысы, төрешілер мен бапкерлердің қызметі, ерлер және әйелдер арасында өткен ел чемпионатының қорытындысы, елімізде алғаш рет ұйымдастырылған әйелдер арасындағы Азия чемпионаты, «Астана арландары» кәсіпқой спорт клубы» ЖШС-нің қызметі мен басқа да мәселелер қаралды.
Осы мәселелер бойынша жиында федерацияның басшылары сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстар туралы кеңірек мәлімет берді. Онда ерлер және әйелдер арасында өткен халықаралық, елішілік жарыстардың нәтижелеріне жоғары баға берілді. Мәселен, боксшылар арасында бәсекелестікті арттыру үшін өткен Қазақстан Бокс федерациясының кубогы жолындағы жарыстар мен басқа да турнирлерге мамандар тарапынан лайықты баға берілсе, жиынға қатысушылардың бәрі Бүкіләлемдік бокс тұжырымы бойынша кәсіпқой боксшылардың арасында өтіп жатқан жарысқа қатысу үшін құрылған «Астана арландары» ұлттық құрамасының нәтижелерін бас бармақпен бағалады.
Естеріңізге сала кетсек, «Астана арландары» командасы жақында Оңтүстік Кореяның «Қызыл қанаттылар» боксшыларымен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, «арландар» жартылай финалға жолдама алса, оның құрамындағы Қанат Әбутәліпов пен Ержан Мүсәпіров Олимпиада жолдамасы үшін күресу мүмкіндігіне ие болды. Ал әуесқойлар арасында өткен соңғы жарыста Қазақстан құрамасы 3 алтын жүлдені жеңіп алды. Баку қаласында өткен халықаралық турнирге барған 10 боксшының ішінде Мәди Шолақов (55 кг.), Ғани Жайлауов (60 кг.) пен Бақытжан Қожабеков (69 кг.) алтыннан алқа тақты.
Дегенмен, бокстағы осындай көңіл көншітерлік нәтижелер айтылғанымен, мамандар балалар және жасөспірімдер, жастар боксын, спорттық медицинаны дамытуда, төрешілер мен бапкерлер қызметін жетілдіруде кемшіліктердің бар екенін жасырмады. Осы мәселеге байланысты бірнеше ұсыныстар жасалды. Мәселен, федерация басшысы Тимур Құлыбаев Қытайда әрбір боксшыны жарысқа дайындау үшін онымен төрт дәрігердің, ал бізде бір ғана дәрігердің жұмыс істейтінін айтып, алдағы кезде біздің елде де бір боксшымен бірнеше адам жұмыс істеу керек деген ұсынысын білдірді. Сондай-ақ, мамандар балалар мен жасөспірімдер боксын қолдау үшін Бокс академиясының құрылысын тездетіп, онда жастардың бойындағы қабілет-дарынды ашу үшін бар жағдайды жасау керектігін ескертті.
Сонымен бірге, мәжілісте осы жылы Астанада тұңғыш рет кадеттер арасында өтетін әлем чемпионатына дайындық, 2013 жылы ересектер арасында әлем чемпионатын өткізу, Лондон Олимпиадасына жолдама алу мәселелері қаралды.
Дастан КЕНЖАЛИН.