Жәрмеңке
Бұдан екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Туған ел – алтын бесігім», «Туған жерге тағзым» акциялары дүниеге келген еді. Оның аясында облыстың барлық қалалары мен аудандарында арзан бағамен азық-түлікті саудалау, өнерпаз жастардың ел арасында жиі болып, ән мен күймен сусындату, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту, Өскемен және Семей қалаларында әр аптаның сенбісінде жәрмеңке өтуде.
Өткен аптада Өскемендегі Республика алаңында Зайсан ауданы қожалық иелерінің өндірген азық-түлік жәрмеңкесі болып өтті. Зайсандықтар 80 ірі қара, 2 түйе, 30 қой етін, 5 жылқы етін, 8 тонна картоп пен 2 тонна қырыққабат, 2 тонна өсімдік майын, 1 тоннаға жуық талқан, тары, жент, құрт-ірімшік, басқа да тауарларды алып келді. Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдин атқарып жатқан істері жайлы әңгімелеп берді.
– Өткен жылы ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемі 4 млрд. 300 миллион теңгені құрады. Қазір ауданда біршама игі істер атқарылып жатыр. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Айдар Барысов Зайсан қаласында сүт зауытын ашу мақсатында жаңа қондырғыларды орната бастады. «Жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда қыруар шаруалар жүзеге асырылып, мектептер ағымдағы жөндеуден өтіп, абаттандыру жұмыстары атқарылды. «Балапан» бағдарламасы аясында аудандағы ауылдарда балабақша, шағын орталықтар ашылып, жұмыс істей бастады. Өңір басшысы Б. Сапарбаев Сарытеректегі балабақшаның, Дайырдағы мектеп-интернаттың ашылу рәсіміне қатысып, жұртшылықтың қуанышымен бөлісті.
Табиғаттың тосын апатынан зардап шеккен Тасбастау ауылына Бердібек Сапарбаев бірнеше мәрте келіп, халықпен жүздесуі, қиын сәтте олардың жанынан табылуы, тұрғындарды жағдайдың оң болуына сендіруі ел қамын ойлаған нағыз басшының үлгісі емес пе! Тасбастаулықтар жаңа баспаналарға ие болып, апаттан кейінгі ауыл тікелей өңір басшысының қамқорлығы арқасында қайта түледі.
– Ауылшаруашылық құрылымдарына көктемгі су тасқыны кезінде шығынға ұшыраған мал басының орнын толтыру мақсатында мемлекеттен 19 млн. теңге қаржы бөлініп, жеңілдікпен несие берілді. Халықтың еңсесі көтеріліп қалды, мұндай жәрмеңкелер тұрақты өтіп тұрады, – деді аудан әкімі Серік Зайнулдин.
Таңғы сағат 9-да облыс әкімі Бердібек Сапарбеков жәрмеңкені аралап, қожалық иелерімен әңгімелесті. Кеңсай ауылдық округінің әкімі Жетпісбай Әбдірахманов жәрмеңкеге алты ірі қара, екі жылқы, бес қой етін отыз қап картоп әкелгенін айтты. Ірі қара етінің 1 килосы 700 теңге. Ал, картоптың 1 килосы 60 теңге. Дәл сол күні орталық базарда ірі қара еті мен картоптың бағасы 2 есе қымбат болатын. Аудандағы ірі қожалық иесі Ербол Келгенбаев тіркемесі бар «Камаз»-бен 30 ірі қараның етін әкеліпті. Ал, түйе етін қала тұрғындары әп-сәтте талап алып кетті. Өңір басшысы, аудан әкімі Серік Зинабекұлына бүгінгі жәрмеңкені жақсы ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты. Сол күні Республика алаңында зайсандықтар әннен шашу шашып, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 игі іс» шарасы жайлы мағлұматтар берді.
Жаңаша өткен наурыз
Өткен жылы ауа райының қолайсыз болып, бірқатар елді мекендерде су тасқыны болуы салдарынан зайсандықтар Наурыз мерекесін атап өте алмаған. Әсіресе, Тасбастау ауылында апаттың салдарынан 30-ға тарта тұрғын үй жарамсыз болып қалған еді. Биыл Наурыз тойын мәнді де сәнді атап өтудің реті келді.
21 наурыз күні «Шығыс сақинасы» көлік дәлізімен Зайсанға қарай сапарға шықтық. Күн суық, қардың қалыңдығы былтырғыдан кем емес. Тарбағатай ауданы мен Зайсанның арасындағы күре жолды 1 метрге дейін қалың қар басып қалған. Мұның алдында қалың жауған қар мен дүлей боранның салдарынан жол екі күн жабық тұрған. Жолшыларға рахмет, табиғат сынынан абыроймен шығып, жолды тазартып үлгерген.
Биыл зайсандықтар мерекені жаңаша сипатта өткізуді ұйғарыпты. Сол күні кешкілік мәдениет үйінде Наурызға арналған ән кеші болып өтті. Оның тұсауын белгілі айтыскер ақын Серік Құсанбаев кесіп, жырдан шашу шашты, есімі елге танымал әнші Шаһизада көпшілікке өнер көрсетті. Екі сағат бойы ән шырқаған Шаһизадаға жұртшылық тәнті болып, ризашылықтарын білдірді.
Аудандық әкімдіктің алдындағы кең алаңда 30-ға тарта киіз үй сап түзеген. Әр ауылдық округ 2-3-тен киіз үй тігіпті. Оның өзіндік мәні бар. Наурызға арналған киіз үйлер сайысында Зайсандағы Әлия Құсманова жетекшілік ететін № 11 кәсіптік лицейдің 8 қанатты киіз үйі бас жүлдені жеңіп алды. Бұдан кейінгі жүлделі үш орынға аудандық медициналық бірлестігі, Дәуленов орта мектебі мен Айнабұлақ ауылдық округі, 2017-әскери бөлімі, Ломоносов орта мектебі, Қаратал ауылдық округі ұжымдары ие болды.
Наурызда аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Зайсанбек Қажановтың және «Сайхан» спорт клубының ұйымдастыруымен орталықтағы шағын футбол алаңында тоғызқұмалақ, арқан тартыс, қолтірес, үстел теннисі, гір көтеру, бағанаға шығу, шахмат, дойбы сынды бірқатар спорттық ойындар ұйымдастырылса, Әуезов мектебі мен мәдениет үйі жанындағы спорт командалары өзара сынға түсті. Спорт мектебінде қазақша күрестен бәсеке тартысты өтті. Бұл жарыстарға ауыл, қала спортшылары қатысып бақтарын сынады. Тоғызқұмалақтан қыздар арасында І-орынды Нұргүл Әзірханова, ІІ-орынды Кәусар Ынтымақ, ал ІІІ-орынды Алтынай Бақбаева жеңіп алды.
Шахматтан ерлер арасында Қ.Ниғматулин мен Қ.Сағымжанов көш бастады. Оқушылар арасындағы бұл сайыста Ж.Қанатұлы, Е.Абзиев, Ә.Тұрысбеков тиісінше топ жарды. Қыздар арасындағы осы сында І орын Т.Бейсенбаеваға, ІІ орын Ғ.Тасқынбаеваға, ІІІ орын Е.Шалғынбековаға бұйырды. Дәл осындай көрсеткіш бойынша дойбы жарысында ұлдар арасында І-орынға Д.Қалелов, ІІ-орынға Қ.Дәуітбаев, ІІІ-орынға А.Қауылбеков тұрақтады. Қыздар арасында Г.Тасқынбаеваға, Қ.Бидахметоваға және Қ.Бауыржановаға ешкім тең келмеді. Үстел теннисінен қыздар арасында М.Оразова, Б.Оразова, Р.Оразбекова жүлделі орындарды иеленсе, ұлдар арасында О.Әбдиев, М.Рахимов, М.Егінбаев жеңіс тұғырына көтерілді.
Наурыз мерекесінде Шаһизада әннен шашу шашып, өнерпаздар мың бұралып би биледі.
Мереке күні көрші Қытай мемлекетінің Шыңжан-Ұйғыр автономиялы районы Алтай аймағы сыртқы экономикалық сауда мекемесінің орынбасары Жеңіс Қабдікәрімұлы, Шыңжан-Жиншину-Хуанти жауапкершілігі шектеулі сауда серіктестігінің директоры У-Го-Бин 10 тонна көкөністі екі есе арзан бағамен саудалап, тұрғындардың алғысына ие болды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы.