26 Наурыз, 2011

Әзіз жүрек Әзаға

568 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Өмірден өткен бір жайсаң! Таудай тұлға, қимас жан. Халқының бір панасындай һәм данасындай сирек жаратылыс. Өзімен ілесіп кеткендей бар асыл іс. Ол – әзіз жүрек Әзілхан Нұршайықов еді... Кәдімгі біздің Әзағаң! ... Бәрі есте, жадта қашалған. Сол қаралы шақтан бері қырық күн қалай жылыстап кеткен? Табанының ізі қалған өз ауласында Әзағаңның жаназасы шығарылып, зембілді Астанадан барған жазушы Кеңес Юсуп екеуміз де демей, көтерісе түсіп, көлік қорабына қойыстық... Бедерлі де берекесіз тірліктен ажыраған алғашқы – бақилық қадам басталды... Алда Әуезов театры. Қаралы жиын. Қабырға сөгіліп, аза тұтылды. Соңғы бекет – Кеңсай еді... ... Мәңгілік махаббат маздағының белгісіндей етіп, өзі соқтырған Халима зайыбының күмбезіне – өлшеулі қара жерге Әзағаңның жамбасы тиген! Тәуелсіздікке тұшыну Тәуелсіздікті бойтұмардай қастер­ле­ген бірегей жазушы осы – Әзағаң еді. Қай шығармасын алмаңыз, баршасы Тәуел­сіз­дік идеясына қызмет еткендей ғой. Көр­кем очерктері мен әңгімелерін былай қой­ғанда, «Ақиқат пен аңыздағы», «Махаббат, қызық мол жылдардағы» өзекті пікірлер бүгінгі егемендіктің аңсарлы ойларын қаузауымен іште тынып жатқан жанартау сынды жанға дәрумен болып, әсерге бө­леп, ертеңгі күн­нен көп үміттендіретін. «Тәуел­сіздік тәтті арман еді, соның бал-шырынын сорудамыз ғой. Бізден өткен ба­қытты ұлт болмас, сірә. Тек соның ер­теңгі ұрпаққа жұғысты болуы үшін күш салайық!», – деп Әзағаң үнемі алаңкөңіл жүретінін сезетінбіз. Бір жолы әңгіме Тәуелсіздік тақы­ры­бына ойысты да Әзағаң шешіле, көсіле сөй­леді. Ауызша әңгіменің хас жебері деп, классик Ғабит Мүсірепов бағалаған ғой. Көр­кем әң­гіме ауызша баянда түгі жыл­тырай құлпырып, әуестік, тіпті әуе­гей құ­марыңды еселейді. Ал саяси сарын-сарап­тама сақтықсыз жүлге­лен­бейді. Тұл­пар-сөзіңнің өзін тұсаулап тастайды. Сонда да бұғалыққа басын енді ұсын­ғы­сы келмейтіндей, өр мінезбен Әзағаң: «1986 жылы Қазақстанда болған Жел­тоқ­сан оқиғасы ХХ ғасырдағы ең қуатты идеологиялық жары­лыс болды. Ол екі күнге ғана созылған, ең қысқа мерзімде өт­кен, құр қол революция еді. Бұл қару­сыз революция дүниежүзілік социализм­нің шаңырағын шайқалтты. Оған қазақ халқының ұлттық рухы қуат берді», – деп тегеурінді ойымен Тәуелсіздіктің түп-төр­кінін тереңнен таратып, тәлім қыла сөй­леген-тін. Әр ұлы істің басталуына оның кейінгі ұлы қос­талуы демесін болуы керектігін және бір шегелеп тас­тай­тын. Әзаға­ның дауысы ашық, сың­­ғыр­лап шығып, шы­мырлап сіңетін еді ғой құлаққа. Сол жолғы Тәуелсіздік тол­ғауын­­да үні қандай ғажап еді, қоңыраудай күмбірледі. Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойымен елім аман-есен қауыш­са деп, армандайтын. Ақ батасын беретін. Тоқсанға таянған жасында Ел тілегін жүрек хошымен еселеп, қара сөзімен жыр­лаудан әсте тежелген жоқ. Әзағаң Алматыда отырып-ақ әр қада­мын, сапарын дегендей, Астанадағы бізге құлақ­қа­ғыс қылып қоятын. 2010 жылдың 14 жел­тоқ­санында ұшып келіп, ертесіне – өзінің 88 жасқа толған күні Республиканың Тәуелсіздік күніне арналған салтантты жиналысқа қа­тысты. Сөйтіп Тәуелсіздіктің 19 жылының ме­ре­кесіне куә болды. Түс ауа Елбасының қо­лынан «Отан» орденін алды. Марапатқа бө­леніп тұрып, жалындап сөз сөйледі. Бір кезде оң қолын төс қалтасына сүңгітіп жіберді... Осы сәт Елбасы да ықы­ластанып, Әзағаң ұсын­ған әлдене шап-ша­ғын қорапшаны алып, қос білегін өзімсініп қысып-қысып қой­ды. Әзағаң Елбасына қа­ра­тып сөз баста­ған секілді еді, теле­көрініс шорт үзіліп қалды... Кейін сұрадым ғой, сол жолғы әңгі­ме­сі­нің сыңайын. «Мәңгілік махаббат жырын» шырпы қорапшасынан сәл асыңқы кө­лем­де, қос томша етіп шығарғаны мәлім. Соны Тәуелсіздік тойына тарту етіпті. « Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Өзіңіз оқыған кітап­ты осылайша жүрегім тұсынан суырып алып сыйлап тұрмын! Өзіңізге деген халық махаббаты мәңгілік болсын!» – депті ғой қай­ран Әзағам. Кейін: «Өзгелер кітабын Ел­ба­сыға қолма-қол тапсыра алмай әуре­лен­се, мен қулығымды осылай асырып жібердім»,– деп әзілдесе де той атаулыға құр қол бар­май­тын дархан көңілді жазушы бұл жолы да Тәуелсіздік тойына өзіндік соңғы шашуын шаша білген екен-ау! Және қандай жара­сымды шашу! Елбасы жүзін нұ­р­лан­дырған тосын сый! Кеуілін көтерген керемет кәде! Елбасы сол қос томшаның бастапқы ба­сылымын оқып, кезінде Әзағаңа: «... Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі заманда жастар көбірек оқитын хикая. Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз – ел қазынасы. Өміріңіз – үлгі!»,– деп пікір білдіріп, хат жазған еді... Әзағаң Елбасымен жүрекпен табысып, шынайы достаса білген ғазиз жан еді. Әсіресе Тәуелсіздік таңы атқаннан бергі кезеңде, Елбасы саясатын қолдап, халқы­ның тағдырына қатысты терең пайыммен кең толғап, келісті көсемсөздер жазды. Елі мен Ерінің мерейін асырған мұндай өрелі сөз­дерін соңғы демі таусылғанша айтып кетті... Өмір үнемі қызығымен әлпештей беріп пе? Бір сәтте-ақ қаралы сұсымен ауда­ры­лып түскен. Бұрын шығармаларына сүй­сі­ніп, ыстық ықыласын білдіріп жүрген Ел­басы Ә.Нұршайықовтай сөз шебері бақиға аттан­ғанда: «... Мен оның өзіме берген ба­та­сын, жаз­ған хаттарын, арамызда болған әң­гіме­лерді ұмытпаймын. Әзағаның өне­гелі өмірін, жарқын бейнесін, ғибраты мол шығарма­ларын халқымыздың да ұмыт­па­сына сенемін», – деп көңіл айту жедел­хатын жолдаған. Әзағаң жауһар жазуымен қоса, бақытқа бөленген баталы қарт еді. Менің екі түрлі батам бар дейтін ол кісі. Бірі үлкен бата, екіншісі кіші бата. Үлкен батам : «Қазақ­стан картасындағы Жер аман болсын!» деп басталады. Ол батаны үлкен, салтанатты жиындарда беремін. – Ал кіші батаңыз қандай? – Кіші батам: «Ел тыныш, экономика күшті болсын!» деген екі ауыз сөз ғана. Бұл – дастарқан басында беретін батам. Осы сөздері есімізге түскенде, тағы бірі кимелеген. Қазақстанның алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына қосылсын деген ұранға қатысты ойын өрбіткен Әзағаң: «Оның үстіне мен Қазақстан махаббат елі болса екен деп тілеймін!»,– деп жайдары жымиған. ...Тәуменді жұртқа тәуекел берген Тәуел­сіз­дігімізге тұшынумен бірге, оның мәңгілік тұ­ғыр­лы болуына алаңдап, ақыл қосқан абыз ақ­сақалымыз еді ғой, жарықтық Әзілхан ағамыз! «Егеменге» елегізитін Әзағаң талай жоғары лауазымды қыз­мет­терді белі қайыспай көтере білген ерен ұйым­дастырғыш әрі табанды да талап қой­ғыш, өлшеусіз өнегесін жазуымен шегелеп, бекемдеуге бейім жанкешті, жылы жүрек жан. Соның бәрін жіпке тізу міндет емес. Біз­ге оны етене жақын етіп, рухани жым­дас­тырып жіберетіні – «Егемен Қазақстан» («Со­циалистік Қа­зақстан») газеті бас редак­торының орын­ба­сары болғандығы. Жазушылық қастерлілігін былай қойғанда, осы қызметтестік жағынан жанымызға жақын тартамыз, әу бастан. Өзі де «Егемен» десе, елпек қағып, елең­деп, елгезектеніп тұрады. Мақалалары мен эсселері, көсемсөздері мен естеліктері жиі жарияланады. Әгәрки, басшылар тарапынан өтініш түсе қал­ды ма, тауанын қайырмай, табанда жазып жібереді. Әр нәрсеге мәттақам ғой, Әзағаң. Өзіне тапсырма беріп, жақсы дүниенің жарық көруіне себепкер болған газет басшылары С.Абдрахманов пен Ж.Ауп­баевтың ізгілікке ұмтылыс­тары­на разы­лы­ғын үш томдық «Өмір өрнектері» кітабында әлденеше рет білдіріпті-ау (Өзі «Өмір өр­нектерінің» ғұмырлы боларына шүбә­лан­­байтын. Т.Ахтановтың: «Артымда оқылатын бір шығармам қалса, ол – «Махаббат мұңы» повесім болар», дегенін алға тартып, осылай үміттенгені есімде). Сөзіміздің тігісін одан әрі жатқыза түссек, былайша тиянақтауға болар еді. «Егемен Қазақстанның» былтырғы жылғы 22 мау­сым­дағы санында Ә.Нұршайықовтың «Замандасқа хат» деген тұтас бетті қамтыған мақаласы шық­ты. Негізінен онда Елбасының халқына қалтқ­ы­сыз қызметінің алуан қыры ашылып, сара­ла­на­ды. Соған орай дара тұлғаны ләйім, ұлықтай білудің нәзік иірімі тарқатылады. Замандаспен сырласа отырып, Ел мен Ердің арасына дәне­керліктің батпан жүгін әр қазақстандықтың иы­ғына артқан­дай болады. Бұл мақала оқыр­ман­дардан зор қолдау тауып, пікірлер тасқыны толассыз ағылды. Бұндайда автор жай жата ма? Ре­дакцияға алғыс хатын жолдап үлгерді. Жа­рияланымды оқыған Нұр­сұл­тан Әбішұлы­ның өзімен тікелей телефон арқылы сөй­лес­кенін айта келіп, былай түйін­дейді: «Мені осындай зор қуанышқа жеткізгені үшін «Егемен Қазақ­стан­ға» рахмет айтып, сізге алғыс жолдап отырмын, Сауытбек інім. Олай дейтінім – маған осы мақаланы жазуға тап­сы­рысты өзіңіз берген едіңіз ғой». Елбасы екінің біріне қоңырау шала ма? Газет ық­па­лына бас исе, Әзағаңның кішіктігі де. «Ай­на­лайын Сауытбекжан терең білімді әрі мәдениетті азамат қой. Ондай басшы бас­па­сөздің бағы», – деп сүйсінгенін де естігенбіз. Асылы, ол кісі асыра мадаққа сараң еді ғой... Еліміздің әр жақсылығына сүйініп, кемшілігіне күйініп жүретін еді тарланбоз. Жү­ректегісін «Егемен» арқылы жеткізіп жат­­а­тын. Былтыр су тасқынының апатына ұшы­ра­ған қызылағаштықтарға рухани дем беріп: «Берік болыңдар, бекем болыңдар, бауыр­лар!»– деп араша түсті. Көктемнің қызыл суына мелдектеген шығысқазақ­стан­дық­тар­ды да қайратқа шақырып, облыс әкімі Б.Сапарбаевтың халықпен етенелігін өзгелерге үлгі ете білгені бар. Жайсаң жүрек әлдекімге жағынып сөйлемейтін, жақсылық еткен екен, нұры тасысын деп бәйек қағатын. Еркінсіп сөйлесетін дәрежеге жеткен соң, сөз шіркін, кейде бұғалықсыз кетеді екен. Сұра­майтынды сұрап қаласың. Дұрысына – іле жауап беріледі де, бұрысына – тежеліп қалады, тіпті үнсіз құтылады. Ұзақ жа­сауы­ның сыры мең­зел­генде, қалам мен еңбектің тыншымай қабы­суын, адам баласына қы­лау­дай жамандық ойла­майтынын, ретті жерінде кемшілікті бетке ба­са­тынын, жөнсізінде то­сы­латынын, жалтақ мінезден ада екендігін жа­намалап сездіретін. Оқыр­мандармен бай­ланыс – жазушының ғұмырын жетелеген сы­ңай­лы. Мысалы, өз сөзімен ай­т­сақ, әйелдер мерекесімен отыз ана, келін-кепшікті құт­тық­таса, мың жасағандай күй кешеді екен... Ал «Егеменге» мақаласы шыққан күні жү­регі той жасайды-мыс... Естігенімізді айтамыз да. Көргеніміз ше? Көз сүйсініп, көңіл то­ғая­ды. 2009 жылдың 22-25 желтоқсанында «Еге­­мен Қазақстанның» 90 жылдығы Астанада той­лан­ды. Әзағаңның күтуші қолба­ла­лығына бекітіліппіз. Қасынан бір елі қал­май­мыз. Қаншама жыл хаттасып-біліс­кен­дігі­мізден бе, сырласпыз деуден гөрі, доспыз дегеніміз жарасар. Елбасы өзінің тапсыр­мас­ы­мен салдырған «Егеменнің» редакция-үйіне келетін болып, Әзағаң сол сәтте сөйлейтін сө­зін қағазға түсіріпті. Қонақ үйде маған дауыс­тап оқиды да, менің ескертуімсіз-ақ өзі қыр­най­ды әр жерін. Шыңдайды. Қайыра оқы­­ғанда әуезі мен сөзі бұлбұл көмейінен шық­қандай боп жүректі шымырлата жө­не­леді. «Қатырған екенсіз» деймін. Шынымен бе дегендей Әзағаң қара көзілдірігін алып, жасаураған көзін қол орамалымен сүртіп, та­ғы оқи жөне­ле­ді... Қыран дауыс саң­қыл­дай­ды. Ертең Ел­ба­сы­ның еститінін күні бұ­рын елестетіп, жү­регім қуа­нып кетеді... Әттең-ай, уақыт тап­шы­­лы­ғынан Елбасы ол шалқы­ма­ны ести алмады. Есесіне, сал­та­нат­ты жиын төрінде Әзағаң: «... Қазақ хал­қы­ның рухани мәң­­гілік азығы, қазақ­ста­н­дықтардың бірлігі мен ынт­ы­мағының мыз­ғы­мас қазығы – «Егемен Қазақ­стан!..», деп өз сөзіне өзі ілесіп ұшып кететіндей, қанат­танып, шабыттанып сөйлеп тұрды. Тойға шашусыз жүрмейтін Әзағаң «Еге­мен­нің» әр жасына балап 90 кітап әкел­мек екен, шамасы 60 кітапқа жетіпті. Редакцияда тарату маған жүктелді. Қайсысына жеткіземін, Алматы бөлімшесінің тойшылары да түгел қамтылмай қалды. Соған өкініш білдіріп едім, кешкі шәйін асықпай ұрттап отыр­ған Әзағаң: «Ой, пәлі-ай», деп орнынан тұ­рып кетті де алматылық қонақтарға іле қо­ңы­рау шалып, сол жақтан кітап жеткізіп беретінін хабарлауымды өтінді. Олардың кешкі пойызға мінгенін білуші едім. Әзағаңның көңілін қимай жазғыш қызымыз Айнаш Есалиге шығып, Бақыт, Гүлзейнеп, т.б. қызмет­кер­лерімізге айтарсың деп, әлгіндей сәлемін жеткіздім... Келеңсіз кішкене сызатқа да са­ңы­лау қалдырмайтын неткен тәртіпті жүрек еді... ... Әзағаң демі үзілгенде, «Егемені» де егілді! Махаббат мұраты 2010 жылдың 15 желтоқсанында «Хабар» арнасынан «Махаббат, қызық мол жылдар» романының жарыққа шыққанына 40 жыл толуына орай арнаулы қойылым көрсетілді. Оны Әзағаң қызықтай алмады. Тәуелсіздік күнінің салтанатына қатысты, «Отан» орденін алды дегендей. Туған күнімен, жоғары марапатымен әрең құттықтап үлгергенмін. Кешкі бір жиналғанымызда біз телехабар жө­нінде айтып бердік. «Көрермендерге ой тастаса, кәдеге жарады», – деп мұңдылау күйінде бірауық үнсіз отырды да реті келсе бейне­тас­паға жаздыртып қоюымды өтінді. Құп дегем. Бірақ... тек наурыздың басында ғана жаз­дырта алдым. Әзағаң көре алмай кетті... Сол жолғы «Сонымен, солай дейік...» ха­барын қайталап көріп отырмын. Япыр-ау, шы­нымен өмір өтпелі ме екен? Бүгінгі бар, ертең жоқ бола ма? Өлді деуге қалай ғана қиямыз Әзағаңды! Қараңызшы. Тіп-тірі! Қорытынды сөзіне құлақ түріңізші. Тай­пал­тып жөнелді дейсіз: «Республикамызда тұң­ғыш рет өтіп отырған кітап тойының – «Махаббат, қызық мол жыл­дар» романының 40 жылдық тойының өтуіне ұйытқы болған Премьер-Министр Мәсімов мыр­заға, министрлер Құлмұхаммед, Жұма­ғұлов, Жұма­ға­лиев мырзаларға және «Хабар» телеар­на­сы­ның қызметкерлеріне шын жүректен алғыс ай­тамын. Осы хабарға қатысып отырған бәр­леріңізге алғыс айтам, алғыс айтам... Осы тойдың тәбәрігі болсын деп, сіздерге шашу­ды өзім шашайын, Алматыдан 40 кітап арқа­лап әке­ліп едім...» Студиядағылар қозға­лақ­тап, кө­ңіл­деніп қалды. Әзағаң кітаптарын қол­таңба­сы­мен үлестіре бастады. Сол шат­та­ныс күйінде мәңгілікке кітап сыйлай беретіндей... Ербол мен Меңтайды кім білмейді! Роман аталса болды-ақ, осы екеуінің мөлдір махаббаты санада салтанат құрады. Осы хабарда Кентауда тұратын Нұрғамиланың (Мең­тай) өз курстасы Әзілханға ыстық тілегі ақ­тарылды. «Әзілханым-ау! Жақсы шығар­ма­лар жазып, халқыңды қуан­та бер!»– деп демігіп сөйледі. Бастапқы бір сө­зін­де ден­сау­лы­ғының сыр беріп жүргенін аң­ғар­тып қалған. «Сен аман бол!» деген жүрек сөзі кеуде сырылынан да сезілетіндей. Беу, Мең­тай­дың махаббаты! Ерболдың ғашық жүрегі! Талай ұрпақ өнеге етер өздеріңді! Абайша айт­қан­дай: «Ғашықтық келсе, жеңер бо­йың­ды алып, Жү­де­тер безгек ауру сықылданып. Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе, Дәмеленсе, өртенер күйіп-жа­нып», – дегенді басынан дәп қазір өт­керіп жүр­ген кім бар екен? Айтшы? Ұялмашы! Жасыр­ма­шы! Сендердің түбі, махаббатта жұл­дыз­дарың жа­нады. Әзағам әр жүрекке сүйіс­пен­шілік шы­рағын жағу үшін өмірге келген. Кетсе де сол өшпес алауын әр жүректе махаббат маздасын деп, тамызыққа тастаған... Өшіріп ала көрмеші! Әзағаның ХХ ғасырдағы екі ерлігін айтсақ, оның қандай тұлға екендігі айқын­дала түседі. Бірі – Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік ерлігі, екіншісі – әдебиет май­да­нындағы батыр­лық пен махаббатты қалт­қы­сыз жырлаған ерлігі. Осы екеуі-ақ классик жазушыны алғы ғасырларға жетелей берері анық. Тек Өзіне, қос қанаты – еңбегі мен ақылына сенгені: Алла берген таусылмас ырыздығы екен! Махаббат тірексіз болмайтындай. Оның мәнінің жалқылықтан жалпылыққа ауысуы – адамның, қоғамның, заманның маңызын еселемек. 2005 жылы «Махаббат жыршысы» эпистолярлық хикаятым жарық көргенде, Әз­ағаң мейірімінің шуағына өзгені де бөле­генімізді аңғармағандаймыз-ау. Солай бо­лып­ты. Махаббатпен махаббат есендесіп, құ­шақтасқандай екен, ыстық табысқандай екен. Бәрі-бәрі Әзағаңнан тараған шуақ, ша­па­ғат. Осы еңбекке кіріскелі жүргенімде Әзағаңнан келген хаттың мына үзігін келтірейінші: «Сіздің 14 қазанда (2002 ж.) маған жолдаған көлемді хатыңызды алдым. Ауруханада жатып оқып, жан тебірентер хаты­ңыз­дан күшті қуат алдым. Мен туралы шы­ғар­машылық ниетіңізге шексіз ризамын. Сұ­раған мәліметтеріңіздің бәрін жіберемін. Ауруханадан есеңгіреп шықтым. Есімді жиғаннан кейін ол өтінішіңізді орындауға кірісемін... Менің өмір жолым ешкімге керексіз шығар деп ойлаушы едім. Сіздің хатыңыздан кейін менің де бастан кешкендерім біреу болмаса, біреуге керек екен-ау деп үміттеніп қалдым». Үлкеннің иілгенінен нұр тамшылайды екен. Махаббатқа таңдай қағып өткен Әзағаң­нан талай нәрлі сөздер қалды. Тірісінде асыл жары Халимадай – махаббат мұра­ты­на жетіп, өлісінде сол аяулысының қасына жам­бастай жығылған таза жүректі жан өзінің: «Қасиеттеп, құрметтеп, Сенің ма­хаб­ба­тыңды. Ұрпаққа үлгі болсын деп, Алашқа жайдым атыңды» деген өмірлік антына ақтық демі таусылғанша адал бола білді. «Көзбен көз «тілдессе» – құмарлық; жан­­мен жан «сөйлессе» – ғашықтық. Ға­шық­тық­тың екінші аты – махаббат! Адамға бақыт беретін ең зор талант – махаббат!» – дегенде, Әз­ағаңның тілінен бал сорға­ла­ғанын көрдік-ау!   Соңғы сөз серпіні Соңғы дерлік бір жазбасына Әзағаң: «Желмаяға мініп желе жорытқан Асан қайғы бабамыз сияқты, мәшине мініп, Қа­зақ­станды араласам, жас ұрпаққа Тәуелсіздік жырын жыр­лап, ақыл-кеңес айтып, халыққа кітап­тарымды таратсам, сөйтіп, қалған өмірімді жол үстінде өткізсем деймін. Үйде жатып өлгім келмейді...»,– деп түртіп қойыпты. Алла аузына салғандай екен осы сөз­дер­ді. Бақиға үйінде жатып аттанбады. Ел­басы қолынан биылғы 7 ақпанда мемлекеттік стипендия алысымен іле сол жерден ауру­ха­наға түсті. Ажалмен алты тәулік арпа­лы­сып, жан берді. Соңында Жаннат, Жанна, Арнұр, Жан­нұр балалары, «аталаған» немерелері мен «бабалаған» шөберелері қалды шырылдап. Ондаған кітаптары – елдің рухани байлығына айналды. Үйінде шөме­ле­дей үйіліп (өз қара­жатына шығарған) жатқандары қаншама? Соңғы 5-6 жылдан бері Әзағаңа әдеби хатшы ретінде болысып, барлық шығар­ма­ларын компьютерге басып, көмектесіп жүрген Гүлсара Иманова деген азаматшаның айтқа­нындай, жазушы әманда таңғы серуенін Абай атасының ескерткішінен бастауды әдетке ай­на­л­дырыпты. Соңғы рет, 6 ақпан күні ескерткішті сипалап тұрып: «Абеке, Алматының үс­ті­­нен қарап тұрсың ба? Ел-жұрт аман, мен ер­тең Президенттің қолынан стипендия ала­мын. Аруағыңыз қолдай жүрсін!»– депті. Осы­ны естігенде 2009 жылдың аяғында Әзағаң­ның Астананы аралай жүріп, Қабанбай, Бөген­бай батырлардың, Кенесары, Жамбыл, Бауыр­жан, Әлия ескерткіштерін құшақтап суретке түс­кені есіме оралды. Кейде көзіне жас іркілетін... Бауыржанға «сәлем» бергенде, жасаура­ған жанарын жасырып сүрткенін байқап қалғам. Балалары айтып отырды, облыс әкімінің шақыртуымен Өскеменге Азиада жеңім­паз­дарын құрметтеуге арналған салтанатқа бар­мақ болып, жол сөмкесін есік көзіне да­йын­дап қойыпты. Сол екі ортада Елбасы сти­пен­дия тапсырады деген хабар жетіп, тұсалып қалған екен. Жыл аяғында ғана Өскеменде Азиада алауын 200 метрге алып жүгіріп, ентікпей, жиналғандар алдында сөз сөйлеген. Бұл алау елімнің, менің жүрегімнің алауы. Спортшы достарым, сол алауды сендердің жүректеріңе тұтаттым. Алаулы жүрек – жалаулы да жеңісті боларына сенемін дегендей мәністе аппақ қарда аппақ азиадалық киімге шымқай оранып алған Әзағаң бейне бір Олимпиада чемпионындай, несі бар жазу­шылықтың чемпионы ғой, ағынан ақта­ры­лып бата берген. «Алаугердің» батасы қабыл болғанын жұртшылық және біледі. Өткен жыл сапарлы жыл болды Әзағаң үшін. Бармаған жері, баспаған тауы жоқтай. Расы сол, еліміздің төрт бұрышын түгел аралады. Туған өңіріне әлсін-әлі барды. Нақ бір бой жазып жүргендей-ақ... Өмірінің өтіп бара жатқанын сезгендей, соң­ғы кезде асығып, қатты алаңдайтын болып­ты. Былтыр он кітап шығарып, екеуін баспаға тап­сырып қойса да «қолжаз­ба­ларымды үл­гер­те ал­май жатырмын»,– деп бармақ ұшынан жа­нын сорғандай жиі күй­гелектенетін күй кешкен. Елдік мүдде әркез есінен шықпайтын еді. Елбасына жолдаған өтінішінде: «Астанада – Сәкеннің, Талдықорғанда – Ілиястың жеке мұ­ражайлары бар. Бұл өте жақсы – халықтың рухани байлығына қосылған лайықты қазына. Ал Қостанайда Бейімбеттің мұражайы бол­мауын қалай ұғуға болады? Халық қалай түсі­не­ді?..»– деп осындай жоқты жоқтаушы жазу­шы-ғалым Т.Бейісқұлов көтерген мәселеге шындап араласқаны бар. Немесе, М.Қасым­бековке: «Түптің түбінде Тәуелсіз Респуб­ли­камыздың тұңғыш Президенті туралы деректі де, көркем, жаңа да, жақсы кітап жазу Сіздің ғана қолыңыздан келеді деп ойлаймын»,– деп ыстық ықыласын білдіруі, үміттендіруі – ағалық қамқорлығы емес пе! Қазақтың айтулы зиялылары И. Тасмағамбетовке, Н. Сабильянов пен Б. Тұрғараевқа деген ілтипаты дара өнегеге татырлық еді. Қайсыбірін тізбелейміз, төбе бидей төл сөзін арнаудан жалықпаған жайсаң жаратылыс еді ғой Әзағамыз! «Мен өлерде аузыма қандай сөздер тү­сер екен» деп ойладым бүгін,– деп жаз­ғаны бар Әзағаңның (15.06.2009 жыл). – Ақырғы сөзім мынадай болса екен деп тіледім. – Қош болыңдар, адамдар. Араздаспаңдар, тө­белеспеңдер, соғыспаңдар, тату болың­дар! Бірақ кім білсін соңғы сөздің қандай боларын. Әлде, Халима сияқты, үнсіз өтіп кетуім де мүмкін ғой». ... Өзі сезгендей, үнсіз өтіп кетіп еді! ... Білгені, жоқтап, аза тұтқаны – бас аяғы бір жарым ай ішінде Хадишадан, Розадан, Қадырдан, Жұмағалидан, Өтежан­нан, Нематтан, Құдайбергеннен, Дүйсен­бек­тен айырылып қалғаны еді! Келместің кемесінің кезегі өзіне тіреліп тұрыпты-ау!.. Қайсар ӘЛІМ, Астана.