26 Наурыз, 2011

Гидротехникалық құрылғылар қауіпсіздігіне бей-жай қарамайық

563 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Біздің депутаттық сауалымызға еліміздегі гидротехникалық құрылғылардың қауіпсіздігі себеп болып отыр. Қазіргі таңда республикамызда алты жүз елуден аса ірі су құрылғылары мен су тоғандары бар, бұл гидротехникалық құрылғылар негізінен экономикалық тұрғыдан дамыған және халық тығыз орналасқан аймақтарға салынған. Осы сала мамандарының ай­туын­ша, су шаруашылығы объектілерінің нақты тозуы 60% құрайды және стра­те­гия­лық маңызы бар гидротехникалық құрыл­ғы­лардың беріктігі мен қауіпсіздігі төмендеген. Сонымен қатар, 30-40 жылдан аса уа­қыт пайдалануда болған бөгеттердің апат­қа ұшырау ықтималдылығы күрт арта­тын­ды­ғы да белгілі. Сондықтан су тоғандарын бұзып өтетін толқындардың әсерінен бо­латын зақымдар мен қираудан келетін әлеу­меттік салдар мен материалдық шы­ғын­дар басқа инженерлік құрылғыларда болатын апаттармен салыстырғанда шығыны орасан зор. Осы бөгеттердегі апаттар кезінде болған адам өлімі мен материалдық шығындар табиғат апатының салдарымен тепе-тең болып келеді. Бұған Алматы облысы Қызылағаш ауылында болған су тасқыны нақты мысал бола алады, су бөгетінің бұзылуы салдарынан тұрғын үйлерді түгел су шайып, жүздеген адам баспанасыз қалды, адам өліміне әкелді. Бұл – Қазақстанда соңғы жылдары орын алған ең ауқымды қайғылы оқиға. Осы қайғылы оқиғаның орын алуы себептерінің бірі – әлеуетті қауіпті объек­тілер қатарына жататын гидротехникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету саласында заңды тұрғыда мемлекеттік реттеудің болмауы. Көктем болса, келді. Бұл аса сақтықты қажет етеді. Сондықтан аталған мәселені заңдық тұрғыдан реттеу кешеуілдетілмеуі тиіс. Дамыған елдердің осы саладағы заңнамаларын талдайтын болсақ, бөгет­тердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ортақ мәселені оқшаулап алуға мүмкіндік беріп, оларға бөгеттердің қауіпсіздігі сала­сын құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан реттеу нысаны, реттеуші органның құзіреті мен құқығы, реттеу режімінің мазмұны жатады. Бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қатынасты мемлекеттік реттеу ымырасыз мәселелердің бірі болып табылады. Ірі көлемде әлеуметтік-эконо­микалық салдарға алып келетін апаттар ке­з­інде құқықтық келіспеушіліктер туын­дайды, апат салдарынан шығынның едәуір көлемде болуына байланысты оларды жою тек мемлекеттік заңнамалар және солармен қарастырылған нормативтік құқықтық актілер негізінде ғана мүмкін. Сондай-ақ ерекше стратегиялық ма­ңызы бар су шаруашылығы құрылғы­ларының тізбесіне енгізілмеген бөгеттерді жекешелендіру тәртібі, меншік иесі ауысқан жағдайда олардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетіндігі де ескерусіз қалып отыр. Көрсетілген деректер су қоймалары­ның және басқа да субағандық гидротех­ни­калық құрылғылардың қауіпсіздігі саласында құқықтық қатынастарды реттейтін заң жобасын әзірлеу қажет екендігін көрсетеді. Осы себепті Үкімет аталған мәселені кешіктірмей қолға алуы тиіс деп есептейміз. Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты.