Жуырда Алматыда Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы атынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков Ресей Федерациясының БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу дөңгелек үстел түрінде ұйымдастырылғандықтан, журналистер өздерін қызықтырған сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Кандидатпен кездесуге келген журналистердің арасында «Московский комсомолец», «Комсомольская правда», «Парламентская газета», «Новые известия» газеттері мен «Профиль» журналының, «Голос России» радиосының, сондай-ақ, «Россия-24» телеарнасы мен РИА Новости, «МИР» телекомпанияларының өкілдері болды.
Ж.Ахметбеков басқосу барысында жиналғандар алдында өзінің сайлауалды тұғырнамасын баяндап, «Жамбыл Ахметбековтің үш бастамасы» бағдарламасының мән-маңызын түсіндіріп берді.
Шара аясында ресейлік журналистер «Не себепті президенттік сайлауға түстіңіз және мұнымен нені көздеп отырсыз?», «Сайлау кезінде халықтың қай әлеуеттік бөлігі сізге көбірек дауыс береді деп ойлайсыз?», «Сайлауға түсу барысында ел тұрғындарының қанша пайыз дауысын аламын деп отырсыз?», «Қазіргі таңда жүргізіліп отырған саясаттан қандай кемшіліктерді айтар едіңіз?», «Сіз референдумға қандай көзқараспен қарадыңыз?» деген тұрғыда бірқатар сауалдар қойды.
Жамбыл Ахметбеков биылғы жылдың 14 ақпанындағы Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының съезінде өзінің партия атынан сайлауға түскенін, алайда, бұл үлкен жауапкершілікті жүктейтіндіктен, аталған саяси науқанға барлық күш-жігерін жұмсап отырғанын жеткізді. «Біздің сайлауалды тұғырнамамыздың басты мақсаты – елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру», – деді кандидат өз сөзінде.
Ал бір журналистің «Сайлау кезінде халықтың қай әлеуметтік бөлігі сізге көбірек дауыс береді деп ойлайсыз?» – деген сауалына Ж.Ахметбеков өзінің бағдарламасының әлеуметтік аз қамтылған топтарына, атап айтқанда, зейнеткерлерге, мемлекеттің қамқорлығына зәру мүгедек жандарға, жұмыссыздар мен өз ісін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлерге арналғандығын жеткізді. «Алдын- ала ешқандай болжам жасағым келмейді. Мен Алматы облысы тұрғындарына дейін Ақмола және Жамбыл облысының халқымен кездестім. Бұл кездесулердің нәтижесі көңілдегідей болады деп ойлаймын. Біздің бағдарламамыз қоғамның әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына арналғанын айттым ғой. Ал бүгінде еліміздегі мұндай тұрғындардың жалпы саны 2,7 млн. адамды құрайды. Тағы бір атап өтерлігі, осыншама халықтың 75 мыңға жуығы біздің партияға мүше. Сондықтан, төменгі көрсеткіштен емес, керісінше, жақсы нәтижеден үміттіміз», – деді бұл турасында Ж.Ахметбеков.
Кездесу соңында президенттіктен үміткер ресейлік БАҚ журналистеріне сұхбат берді. Олар өз кезектерінде кандидатқа алдағы сайлау науқанында сәттілік тіледі.
Басқосудан кейін Ж.Ахметбеков Шаңырақ ауылы тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандырып отырған мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Назгүл МАҚАЖАН, Ж.Ахметбековтің сайлауалды штабының қызметкері.