29 Наурыз, 2011

Ауыр атлетика: бүгін және ертең

1229 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Соңғы кездері ауыр атлетикадан Қазақ­стан құрамасы әр жарыстарда кем дегенде екі-үш алтын жүлде алатын жағдайға жетіп отыр. Бұған Бейжің Олимпиадасы, 2009 және 2010 жылдары өткен әлем чемпионаттары мен Азия ойындары дәлел бола алады. Қытайда Қа­зақ­стан құрамасы бір алтын, екі күміс және бір қо­ла иеленсе, Гоянг пен Антальядағы әлем­дік додада алты алтын және бір қола медаль же­ңіп ал­ды. Ал былтыр Гуанчжоуда өткен Азия ойын­да­рын­да спорт­шы­ларымыз үш ал­тын және күміс пен қола жүлделер әкелді. Бұл Ауыр атлетика феде­ра­циясының жарыс­тың осы түрін жыл­­дан жылға дамыту үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасап ке­ле жатқанын көрсетеді. Жақында біз осы жағдайды білу үшін Азия ауыр атлетика конфедерациясының вице-президенті, еліміздің ауыр атлетика федера­ция­сының президенті Қайрат ТҰРЛЫХАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Қайрат Болатұлы, был­тыр­ғы жылғы жарыстарға қан­дай баға берер едіңіз? Өткен жылға өкпеңіз жоқ па? – Өкпем жоқ. Былтырғы жұ­­мыс­­тар жоспарлы, жүйелі түрде өтті. Бүгінде Қазақстанның ауыр атлетикасын бүкіл әлем біледі. 2010 жылы біздің спортшылар жақ­сы өнер көрсетті. Енді алдағы басты мақсатымыз – Лондон Олим­пиа­да­сында екі-үш алтын жүлде жеңіп алу. Ар жағында күміс, қола медальдар болатыны анық. – Екі-үш алтын бізге аз болмай ма? – Біз алтынға дәнігіп алған сияқтымыз. Лондон Олимпиа­да­сын­да алтын алу оңай болмайды. Сондықтан бізге қазірден бастап чемпиондарға көп үміт арта бермей, көптің арасында көрінбей жүрген жастарды шығару керек. – Бізде жаңа есімдер шығып жатыр ғой. Олар туралы не айтар едіңіз? – Әлем чемпионатына Алмас Өтешов пен Дәурен Шәутеевті апар­дық. Жаңа жыл алдында Шым­кентте өткен Қазақстан кубогында жас­тары­мыз жақсы жағынан кө­рін­ді. Жас­тар ішінде тағы Жазира Жа­паркүл, Рүс­тем Сыбай, Роман Русяновский, Қуа­ныш Рахатов, Ерболат Жоламанов, Айбол Алдабергенов, Алек­сандр Зайчиков, Ербол Мейірманов пен Сәуле Сәдуақасованы айту­ға болады. Қазір жастарға қол­дау көрсетіліп жатқаны тек феде­ра­ция­ның ғана емес, ол Туризм және спорт министрлігі мен бапкерлер ко­ман­дасының бірігіп істеп жатқан жұ­мысы. Ауызбірлік, тәртіп болса бәрі болады. – Шет ел мамандары сіздерге қандай кеңес беріп жүр? – Афина Олимпиадасынан кейін сол кездегі Туризм және спорт агенттігінің төрағасы Дәулет Тұр­лыханов Түркиядан Энвер Түрке­лери­ді шақырғанын білесіздер. Осы кісі бізге көп көмектесуде. Біз­ге дейін де ол 2-3 Олимпиада че­м­пионын да­йын­даған. Білікті бапкер жасы өзі­нің әріптес­тері­нен үлкен болғаны­мен бә­рін біліп отырады. Спорт­шы­ның дең­гейін, кімге қан­дай тамақ жаға­ты­нын, қандай витаминизация керек екенін бәрін біледі. Оның Қа­зақ­­стан­да тұ­рып жатқанына 10 жыл­дан астам уақыт болды. Келесі жылы бұйырса, екінші Олимпиадасы бо­ла­ды. Қазір біздің бапкерлер со­ған қа­рап көп нәрсені үйреніп жүр. Жа­қында оның ұлы Семейдің қызын алды. Енді ол қазаққа құда болып отыр. – Өткен жылы жарыстарда қателіктер болды ма? – Антальяда өткен әлем чем­пио­натына көңілім толмады. Гуанчжоуда бұдан да жақсы өнер көр­сетуге болар еді. Бірақ оған бар күшімізді сал­мадық. Өйткені, алдағы жа­рыс­тарға дайындалу үшін өзіміздің құ­пия­­л­а­ры­мызды аш­қымыз келмеді. Оны так­тика­лық әдіс, айла-тәсіл дейді ғой. Олар­­сыз жарысқа қаты­суға болмайды. – Қазір ауыр атлетикаға «Са­м­­рұқ-Қазына» қорының көп кө­мек­тесіп жатқанын білеміз. Был­тыр сіздерге қор қанша қаржы бөлді? – «Самрұқ-Қазына» қоры­ның төрағасы Қайрат Келімбетовке, оның жанынан құрылған «Са­м­рұқ-Қазы­на-Астана» корпоративтік қорына көп рахметімді айтқым келеді. Он­дағы азаматтар жарысқа ба­рып, ауыр атле­ти­­ка­ның жағда­йын өз көз­дері­мен кө­р­­ген­нен кейін бізге көмек­тесіп жа­тыр. Осы­ның бәрі бірігіп істеген жұ­мыс­тың ар­қасы деп білемін. Ал былтыр қор ауыр атлетикаға 1 млн. АҚШ дол­лары көлемінде қар­жы бөлді. Биыл Алматы облысында салынатын ауыр атлетика орта­лы­ғына 4 млн. АҚШ долларын бөлейін деп отыр. – Осы орталық жөнінде айт­саңыз, онда не болады? Қандай жағдай жасалады? – Бұл ғылыми зерттеу орталы­ғы болады. Ол Алматы облы­сы­ның Қа­ра­сай ауданы мен Жамбыл облы­сы­ның түйіскен жерінде Үш­қоңырға қа­рай салынады. Онда дү­ние жүзінің мамандары оқу-жат­тығу жиындарын өткізіп, бапкерлермен тәжірибе бө­лі­седі. Ор­та­лықтың әкімшілік корпусы, бассейн, футбол, баскетбол алаң­дары, қонақ үйі, 30 шақты помост, меди­циналық бөлмелері бо­лады. Ол жер­ге Қытай мен Ресей­дің меди­циналық ма­ман­дарды шақыруды жоспарлап отырмыз. Қытайда 8 млн. адам ауыр атлетикамен айна­лысады екен. Біз де солардан үлгі алсақ деп ойлаймын. – Қытайдан Майя Манеза мен Зулфия Чиншанлоны ша­қырып едік қой... – Иә, оларды біз нәтиже үшін, екеуіне қарап біздің спортшы­ларымыз бой түзесін деген оймен, екеуі зілтемір көтеріп жатса, біздің спортшы­лардың осыны мен неге көтере ал­маймын, олардан қай жерім кем деп ойландыру үшін алдық. – Енді нәтиже көрініп жатыр ма? – Нәтиже бар. – Келесі Олимпиадаға кім барады? – Оны айту әлі ерте. Алды­мыз­да әлі Парижде өтетін әлем чемпионаты тұр. – Қазір Қазақстанға келіп, елі­міздің атынан сынға түсіп, спорт­тық карьерасы біткен соң өз елдеріне кетіп жат­қан­дар бар ғой. Ресейден келген Светлана Подо­бедованы айта­мын. Оның қайтып кету ойы жоқ па? – Шынын айту керек, біз оны іздеген жоқпыз. Ол бізді өзі іздеп келді. Қазір Қазақстанның жағ­да­йын көріп, бізге келгісі келетіндер көп. Өте көп. Оларды алу ойы­мызда жоқ. Біз өзіміздің спорт мектептеріндегі ұл-қыз­дары­мызды кө­теруіміз керек. – Кезінде өзіңіз Семейдің әкімі болдыңыз ғой. Жергілікті жерде спортты дамыту үшін алдымен не істеу керек деп ойлайсыз? – Ол үшін әкімдікте, спорт бас­қармасында жергілікті спорт­ты жақ­сы білетін адам отыруы керек. Бұл спортқа қана емес, бар­лық салаға байланысты. Мыса­лы, Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхам­бетов өзі спорт ма­ма­ны болғаннан кейін спортты жақсы біледі. Спортқа жауапты адам со­ның ішінде жүруі керек, ол адам­ның ішкі дүниесі болуы керек. Кейде ол кісі бізге келіп, неге бұлай болды, оның себебі неде деп сұрастырып жатады. – Жоғарыдағы сауалды қо­йып отырғанымыз барлық өңір­де ауыр атлетика бірдей дамыса деген тілек қой біздікі. – Оның дұрыс, әрине. Ол үшін жер­гілікті спорт басқармасының бас­шысы әкіммен тығыз бай­лан­ыс­та жұ­мыс істеуі керек. Әкімге сауат­ты түр­де жағдайдың бәрін түсіндіріп, өз ойын нақты дәлелдермен жеткізетін бол­са, ауыл, аудандағы спорттың да­ми­тыны сөзсіз. Осы жерде ауыр ат­ле­ти­каның Алматы облысында жақ­сы да­мып келе жатқанын атап өткен жөн. Об­лыс әкімі Серік Үм­бетовке көп рахмет, ол кісі жалпы барлық спортқа қол­да бар жағ­дайдың бәрін жасап жатыр. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.