Бұл мәселе Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы аясында қалай қолға алынып, жүзеге асуда?
Мемлекеттік гендерлік саясат елдің ішкі саясатының маңызды құраушысы болып табылады, ол базалық гендерлік заңдарға және Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясына (бұдан әрі – Стратегия) сәйкес іске асырылады. Онда мыңжылдық даму мақсаттары мен әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы конвенцияның ережелеріне орай Қазақстанға арналған гендерлік индикаторлар анықталған.
Бүгінгі таңда Үкімет қаулысымен бекітілген 45 іс-шараны қамтыған Стратегияны іске асыру жөніндегі 2006-2008 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары орындалды. Енді келесі орта мерзімді 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар атқарылуда.
2009-2011 жылдарға арналған іс-шараларды іске асыруға республикалық бюджеттен 68,4 млн. теңге мөлшерінде қаражат бөлу көзделген.
Стратегияда әйелдердің шешім қабылдау деңгейін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылған десек, 2009 жылғы желтоқсанда «Еркектер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заң қабылданды.
Стратегияны іске асыру шеңберінде Әйелдер көшбасшылығы мектептерінің республикалық желісі құрылып, оған республиканың барлық облыстарынан 57 үкіметтік емес ұйым атсалысты. Сонымен қатар, орталықта және жергілікті жерлерде қоғамдық-саяси қызметке барынша дайындалған әйелдер қатарынан кадрлар резерві құрылды. Өткен жылы Ұлттық комиссия мен Қазақстан Іскер әйелдері қауымдастығы бірлесіп, өңірлерде жергілікті әйелдер элитасын біріктіруге бағытталған «Саясаткер әйелдер клубы» жобасын жасаған болса, бүгінгі таңда Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында осындай 7 клуб жұмыс істеуде. Сондай-ақ саяси партиялармен, әйелдер мен ерлерді басшылық лауазымдарға және сайланбалы органдарға ұсыну кезінде партиялық тізімді гендерлік балансты ескере отырып қалыптастыру жөнінде жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Мысалы, «Нұр Отан» партиясы мен Ұлттық комиссия елде гендерлік мейнстримингті ілгерілету жөнінде меморандум жасасты.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Парламентіндегі әйелдер саны 14 пайыз ғана. Облыс әкімдері қатарында бірде-бір әйел жоқ. Тек 3 әйел ғана облыс әкімінің орынбасары болса, 3 әйел аудан басқарады. Ең жоғары билік эшелонында – 3 әйел министр, 1 – агенттік төрайымы, 1 – Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары, 4 – жауапты хатшы, 5 – вице-министр бар. Жалпы, бүгінгі таңда шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесі бар болғаны 10 пайыз ғана.
Стратегияда экономикадағы гендерлік теңдікке қол жеткізуге, әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көп көңіл бөлінген. Ел экономикасында 2010 жылғы 3-ші тоқсандағы жағдай бойынша 8,2 млн. адамның шамамен 4 млн.-ын әйелдер құрайды. ІЖӨ-ні қалыптастырудағы әйелдердің үлесі 40 пайызға жуықтаған. Әйелдер жалақысы ерлер жалақысының 66 пайызын құрайды.
Әйелдерді экономикалық тұрғыдан ілгерілету үшін 2003 жылы Ұлттық комиссия республикалық Шағын кәсіпкерлік қоры мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қор кәсіпкер әйелдердің жобаларын жалпы 2 млрд-тан астам теңгеге қаржыландырды.
Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғауға зор көңіл бөлінеді. Отбасын қолдау, неке мен отбасылық-некелік қатынастар беделін арттыру мемлекеттік саясат басымдықтарының бірі болып табылады. 2003 жылдан бастап баланың тууына бірмерзімдік жәрдемақы енгізілген. 2006 жылы ана мен баланы әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі дамытылды. Бала туғанда берілетін жәрдемақыға қоса бала күту жөніндегі, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақылар қосылды. 2006 жылмен салыстырғанда, бала тууға берілетін жәрдемақы 2,7 еседен артық өсті; төртінші және одан кейінгі балаға арналған жәрдемақы 4,5 есе; бала күтуге арналған жәрдемақы орташа есеппен 2,5 еседен артық өсті. Ағымдағы жылғы қаңтардан бастап мүгедек бала күтетін адамға ең төменгі жалақы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы төленеді.
Қабылданатын шаралардың тиімділігін оң статистика дәлелдеп отыр. Ана өлімінің көрсеткіші 2010 жылдың қорытындысы бойынша 100 мың жаңа туған нәрестеге 23,1-ді құраса, ол 2009 жылы 36,8 болған. 2010 жылы сәби шетінеуінің индикаторы 8,2%-ға төмендеп, тірі туған 1000 сәбиге 16,7-ні құраған, бұл көрсеткіш 2009 жылы 18,2 болған. Балалардың ең қатерлі дерттерінің бірі полиомиелит жойылды. Қазақстан ТМД елдерінде бірінші болып барлық жаңа туған нәресетелерді «В» вирустық гепатитіне қарсы егуді енгізді. 2009 жылы 357,5 мыңнан астам бала туылды, бұл 2003 жылғыдан 1,5 еседей артық. Жалпы, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспарында атаулы әлеуметтік қорғау жүйесін құру көзделген.
Сонымен бірге, әйелдер денсаулығының индексі төмен күйінде қалуда, орташа есеппен ол 20-30 пайызды құрайды. Ерлердің денсаулығында да проблемалар бар десек, еңбекке қабілетті жастағы ерлер арасында өлім-жітім деңгейі жоғары болып тұр. Нәтижесінде, әйелдер мен ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығында гендерлік теңсіздік айқын байқалады, ол ерлерде 10,5 жасқа аз, яғни 61,9 жасты құрайды.
Халыққа гендерлік білім беру жұмысы жүргізілуде. Мектеп оқулықтарына гендерлік сараптама жасалды. Мектеп және мектеп жасына дейінгі білім беру жүйесіне арналған «Гендер» кешенді білім беру бағдарламасы әзірленді.
Гендерлік теңдік стратегиясының жеке тарауы қоғамдағы зорлық-зомбылықты болдырмауға арналған. 1998 жылдың өзінде-ақ ішкі істер құрылымдарының аудандық буындарына дейін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер құрылды. Қазір олардың саны 16 және онда 126 қызметкер жұмыс істейді. Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мұндай бөлімшелер құрылған жалғыз ел болып табылады. 2009 жылы отбасындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл әдістерін одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданды.
Сондай-ақ әйелдерге олардың зорлық-зомбылықсыз өмір сүру құқықтарын қорғауға арналған 21 дағдарыстық орталықтың нақты көмек көрсететінін атап өту қажет. Айталық, тек 2009 жылдың ішінде оларға әртүрлі көмек сұраған 20 мыңнан астам өтініш түскен. Қабылданған шаралар нәтижесінде 2010 жылы әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар саны 2009 жылмен салыстырғанда 4 пайызға азайып, 3130 қылмысты құраған.
Гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілетуде үкіметтік емес ұйымдар үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда Қазақстанда 25 мыңдай үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді, соның ішінде 250-і әйелдер, отбасы және балалар мәселелерімен айналысады. Олардың қызметін ынталандыру үшін 2006-2011 жылдарға арналған Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы мен «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заң қабылданғанын айта кетсек, артық болмас.
Ұлттық комиссия «Отбасым» отбасылық журналын шығарады. Сонымен қатар, өзінің интернет-ресурсы жұмыс істейді. Тұрмыстағы әйелдер арасында дәстүрлі «Қазақстан миссисі» конкурсы өтіп тұрады.
Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық Ұлттық комиссия қызметінің ерекше векторы болып табылады. 2009 жылдан бастап БҰҰ ДБ-мен бірлесіп «Қазақстан Республикасында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету шараларын жетілдіру жөнінде Ұлттық комиссияны қолдау» жобасы, сондай-ақ үш жылдан бері ЮНФПА-мен бірге тұрғылықты халық жөніндегі жобалар іске асырылуда. Сол сияқты өткен жылы ЮСАИД-пен (АҚШ мемлекеттік департаменті халықаралық даму агенттігі) және «Диалог Еуразия» халықаралық қоғамдық қорымен гендерлік және отбасылық-демографиялық саясат саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған гендерлік теңдікке қол жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шеңберінде Ұлттық комиссияның қатысуымен 2010 жылы 6-7 мамырда Вена қаласында «Гендерлік теңдік пен әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге қатысуын ілгерілету» тақырыбында кеңес өткенін, оған 53 елден 257 адам қатысқанын айтқан жөн. Бұл кеңес ЕҚЫҰ тарихында гуманитарлық өлшем жөніндегі тақырыптарды талқылау бойынша адам ең көп қатысқан кеңес болды.
Бүгінгі таңда Ұлттық комиссияның басты міндеті Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу шеңберіндегі іс-шараларға дайындық және оларды өткізу болып табылады. Таяуда ғана Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан әйелдерінің съезі арулардың ел дамуындағы маңызды рөлін тағы да дәлелдеп, гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың одан әрі даму перспективаларын айқындап берді. Сондай-ақ гендерлік аспектіні ескере отырып, Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығына байланысты мәселелер де күн тәртібінде.
Әйел-ана, отбасы және балалар құқықтарын қорғау саласындағы біздің табыстарымыз әлемдік ауқымда кеңінен мойындалып отыр. Бұл орайда «Ғаламдық гендерлік айырмашылық – 2010» атты дүниежүзілік экономикалық форум баяндамасының қорытындысы бойынша біздің республикамыз Еуроодақтың 14 мемлекетін артқа қалдырып, 134 елдің ішінен 41-орынды иеленгенін айтуға болады.
Осылайша, өткен жылы елімізде тиімді гендерлік және отбасылық-демографиялық саясат қалыптасты. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік гендерлік саясат гендерлік теңдікке қол жеткізу саласындағы ұлттық және халықаралық тәжірибені, әлем қауымдастығы елдерінің өркениеттік, діни және мәдени ерекшеліктерін жан-жақты және мұқият ескеруге негізделген. Ол сабақтастық, прагматизм мен теңдестік принциптеріне негізделген және ұлттық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған.
Серік АХМЕТОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі.