Сонымен, 3 сәуір күні Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы өтеді. Көпшілік болған соң қауымдасып, басымыз қосыла қалған ортада, жер-жерде айтыла қалар әңгіменің алғашқы арқауы – осы сайлау жайлы және түсіп жатқан үміткерлер туралы. Дербес ойлап, көркем толғайтын замандастарымыздың арасында үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларын кеңінен талқылап, қызу пікірталасқа айналдырып жүргеніміз де жасырын емес.
Қыры мен сыры, құпиясы мол дүниенің сиқырына қанығып, әлемдік деңгейдегі ғылым мен білімнің жаңалықтарына бой ұрып, ізденіске ұмтылыс білдіріп, тамырына қан жүгіріп жатқан өндіріс ошақтары мен тұралап қалған кәсіпорындардың, ауыл мен астананың, қала мен даланың жағдайы, басқа да шешуін таппай, шешімін күтіп жатқан көптеген проблемалардың төңірегінде сөз қозғайтын қатарластарымның аузынан көшелі ой, орнықты пікір қылаң беріп жатса, қуана қолдауға тырысатынымыз тағы анық.
Дегенмен, сананың тәуелсіздігі қоғам тәуелсіздігімен өлшенбейді. Мені қынжылтатыны, ішімізде соңғы жылдары «тастақ жолға бет бұрып алып», өмірдің ырқына мойынсұна бастаған, мойнымыз үзілгенше бас шұлғып үйренген «момақан» қалпымызды бұзбай, әр нәрсеге әлі де тәуелсіз көзбен қарай алмайтын соқыр сенімділердің ішінара кездесетіндігі.
Уақыт жылжыған сайын қоғам да дами түседі. Кешегі биігіңнің ертеңгі күні аласарып қалуы табиғи заңдылық. Осыны тереңнен түсініп, ұятымен ұғына бермейтіндер алдағы болатын сайлауды сол додаға түсушілердің тек билік пен басқаруға қол жеткізудегі құрал-сайманы ғана деп бағалайды. Демократия желеуімен қысыр әңгіме, жел сөзді кеулетуге құмарлар «бізге кім болса, ол болсын, әйтеуір еліміз тыныш, жұртымыз аман болса болды» немесе «бізге бәрібір, бастықтар кімге дауыс бер дейді, соған береміз», деген сияқты дүдамал дәйектермен басқаның басын қатырмақшы.
«Досыңнан қорықпа, азар болса сатып кетер, жауыңнан қорықпа, азар болса атып кетер, қорықсаң немқұрайдылықтан қорық – ол сатып та, атып та кетеді». Айналайын ағайын-ау, өзіміздің сайлаушы ретіндегі ең жоғары құндылығымыз – құқымызды самарқау, марғау, бойкүйез немқұрайдылыққа құрбан еткенді қоятын кез жеткен жоқ па? Соңғы екі жүз жетпіс жылдық жылнамасында ұрпаққа үлгі қылар ізгілігін ұмытып, елдігімен қоштасқан, боданда болып, босағада қалған, бергі жетпіс бес жылда «жарқын болашақ» деген жасанды жылтыр сағымға алданып, жанын да, малын да, тілін де, дінін де жоғалта жаздаған, сан мәрте қолдан жасалған қырғынға ұшырап, сан мәрте табиғи түрде қатарын қайта толықтырған, бүгінде тұғырын нық қадап, туын түзу тігіп отырған мемлекет мүшесінің айтар ойы ма осы?
Шүкір, көрінгеннен көзтүрткі көріп, көрінгеннің табанында қалып, таба болған еліміз егемен болды. Еңсеміз тік, басымыз биік, Қазақстанымыз бұрынғы Одақтың бұғау-қамытын ысырып тастап, әлемдік қатынастарға шықты. Басқа дүние, әсіресе, әріптес мемлекеттерге талғампаздықпен қарайтын тәкаппар Батыс пен азулы АҚШ секілді айбарлы державалар дүние жүзінің картасында Қазақстан деген ел барын білді. Ғаламдық кеңістік мойындады. Мойындап қана қоймай, санасатын мемлекетке айналдық. Әлем мұхитында қазақ кемесі дербес және еркін жүзіп келеді деп емін-еркін мақтаныш ете алатын шаққа жеттік. Ел экономикасы да алға қарай қарыштап дамып келеді. Саяси реформалар белсенді жүргізіле бастады. Қазақстанда қалыптасқан ұлтаралық келісім мен дінаралық түсіністік – біздегі ең үлкен жетістік. Ендеше, президенттік сайлау науқанын естілікпен атқару бәрімізге сын болуы керек.
Ал алдағы сайлауда кім жеңіске жетіп, кімнің сенімге ие болатынын уақыт көрсете жатар. Ең бастысы – алда болатын сайлау ертеңімізді таңдау екеніне маңызды мән беруге тиіспіз.
Қорыта айтқанда, Конституциямызға сүйеніп, сын сағатта сайлауға түскен үміткерлердің барлығына құрметпен қарай білейік, ардақты азаматтар. Отандастарымның бәрін сайлауға ұйымшылдықпен қатысып, саналы түрде дауыс беруге шақырамын.
Үміт БИТЕНОВА, Ұлбике ақын атындағы аудандық мәдениет орталығының қызметкері.
Жамбыл облысы, Қаратау қаласы.