Отандық тауарлардың сыртқы рыноктағы бәсекелестігін арттыру жолындағы іс-ізденістер биыл Қарағанды аймағында құлашын кеңге жайғалы отыр. Жақында қабылданған «Экспорт-2020» экспортты дамыту және жылдамдату бағдарламасы оған қолайлы мүмкіндіктер туғызады деп күтілуде. Ол Үкіметтің 2010 жылдың 29 қарашасындағы 1625 қаулысымен бекітілген жергілікті өнімдерді экспорттаушылардың шығынының орнын толтыру жолы арқылы шығару бойынша мемлекеттік қолдау жасау жағдайлары мен ережелеріне сәйкес іске асырылады.
Оның негізгі мақсаты экспортқа бейімделген және экономиканың шикізаттық емес жүйесіндегі жұмыс істеуші экспорттаушы кәсіпорындардың қатарын ұлғайту және қазақстандық өнімдер экспорты географиясын кеңейту үшін кешенді қолдауды қамтамасыз ету болып табылады. Көрсетілетін мұндай көмек шағын және орта кәсіпкерлік буындағы отандық компанияларға, жұмыс істеуші және өңдеу жүйесіндегі мүмкіндігі бар экспорттаушыларға арналған.
Бұған байланысты салмақ жүгін Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі мен «ҚазэкспортГарант» экспорттық несиелеу қамсыздандыру корпорациясы» АҚ көтереді. Бағдарламаны дайындаған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан білгеніміздей, экспорттаушылар шығыны түрлерінің орнын толтыруға шет елдерде өнімдерді және тауарлық белгілерді тіркеу, оны сертификаттау, отандық тауарларды жарнамалау, көрмелерге қатысу, мамандарды оқыту немесе шетелдік сарапшыны қазақстандық өндіріске тарту жатады екен. Және бір түсіндірілгендей экспорттаушының негізделген және құжатталған шығындардың 50 пайызы көлемінде шығындардың бір не бірнеше түрінің орны толтыра алуына мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, отандық кәсіпорындарды сервистік қолдау аясында экспорттық рыноктар бойынша маркетингтік және сараптамалық көмек, импорттаушы елдердің рыноктық ахуалы туралы саудалық ақпаратпен қамтамасыз ету, қазақстандық өндірісшілердің тауарларын таныстыру бойынша тұсаукесерлік шаралар ұйымдастыру және өткізу, отандық өнімдерді тұтынушыларды іздестіру жүргізіледі. Сыртқы экономикалық келісімдегі арасында міндеттерді орындау бойынша коммерциялық және саяси тәуекелді қамсыздандыру осы бағыттағы шаралардың бірі. Жалпы алғанда, жаңа бизнес-бастамаларды қолдауда экспортқа бірінші шығушыларға, экспорт географиясын кеңейтушілерге, шағын және орта бизнес нысандары болып табылатын экспорттаушы кәсіпорындарға басымдық берілетіндігін атап өтпеске болмайды. Еліміздегі белгілі банктердің жеңілдікпен несие беруге ынталылығы да істі алға бастыруы тиіс.
Бізде бүгінде төл өнімдеріміздің сыртқы рынокта да өтімдірек бола алатын түрлері баршылық. Аталған бағдарламаның соған мүмкіндік кеңейтпектігі көңілге қонады. Өндірісі қалыптасқан, күш-қабілеті нығайған бірқатар кәсіпорындарға зор ұмтылыс туғызатындығы даусыз. Экспортты дамыту экономикамызды өркендетудің өрелі жолы екені анық. Сол үшін бағытталған жаңа қадам іскер топтар арасында жылы қабылданды. Қазақстандық өнімді алысқа таныту ізденістеріне соны серпін беретіндігі үміт үлкейтуде, – дейді кәсіпкерлердің Орталық Қазақстан қауымдастығының төрағасы Талғат Доскенов.
Әзірге ішкі рынокта сыртқы өнімдердің үлесі салмақтырақтығы белгілі. Сайып келгенде, экспорттық әлеуетті көтеруге өндірісті өңірдің батыл бет түзеуі жайдан-жай емес. Шаруашылықтың қай саласында болмасын бәсекелесе алатын тауарлар табылады. Мәселен, қарағандылық дәрігер ғалымдардың мақтанышы «Арглабин» препараты біраз елге танымал. Алайда, экспортқа шығарылу көлемі көңіл көншітпейді. Отандық дәрілік өнімдердің 85 пайызын қайта өндірілген препараттар қамтыса, ал бірегей препараттар рыногы 15 пайыздан аспайды. Сондықтан сырттан жеткізілетін түрлері әлі басым. Ел Үкіметінің фармацевтика өнеркәсібін дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасында осы мерзім аралығында мемлекет қажеттігін қанағаттандыруда отандық дәрі-дәрмектер үлесін 50 пайыздық деңгейге жеткізу белгіленген. Бұл ретте Қарағандыдағы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ жанынан құрылған өндірістік кешенге үлкен міндет жүктеліп отыр. Соның ішінде экспорттық үлес те ұмытылмайды. Өндірісті осыған лайық қайта жарақтандыру, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға бірінші кезекте мән беру бүгінгі күндегі жұмыстың басты бағытына айналып келеді. Қарағанды құю зауыты өндірістік бірлестігі сияқты экспортқа өнім шығару жөнінде іскерлік байланысты орнатып, тереңдетушілер бұдан былай қарай арта түсетіндігі айқын.
Бұған дейін бұл төңіректе тәжірибе аздығы, қаржылық мүмкіндік жетімсіздігі қол ұзартпай келген еді. Енді сәтін салса, бұлар жолдан ысырылатын сыңайлы. Экспортты қолдаудың арнайы бағдарламасы соған арқау болмақ. Иә, ендігі мақсат – экспорт.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.