Бұл білім сапасының артқанын көрсете ме, әлде...?
Білімді ұрпақтың мемлекеттің алтын діңгегі, асыл қазынасы десек, еш қателеспейміз. Бұл істе атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен, жетілдіре түсетін тұстар да молынан. Біздің елімізде «Білім туралы» Заңда бейінді білім берудің құқықтық негізі айқындалғанмен, ол практикада жүзеге асырылмай отырғанын жасыруға болмайды. Егер орындалса, оқушыға қабілетіне және танымдық қызығушылығына қарай, кәсіптік бағдарлы білім алуларына негіз жасаған болар еді. Бейінді білім мектептің жоғары сатысында қазіргі жалпы білім беретін пәндердің санын азайтуды, оқушының таңдаған мамандығына қарай жекелеген пәндерді тереңдете оқытуды талап етеді. Осыған орай, өткен жылы қабылданған мемлекеттік бағдарламада «Бейінді оқыту бағдарламасы әзірленіп, сынақтан өткізіліп, 2015 жылдан бастап барлық мектептерде, соның ішінде гимназия, лицей, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде жүзеге асырылады» деп өте орынды жазылған.
Бірақ, жай мектептерде бейінді білім беруге көшу үшін біраз әзірлік қажет болса, лицей, гимназия оның ішінде іргетасы мықты мамандандырылған дарынды балалар мектебі ондай көп уақытты талап етпейді. Бұл бағдарламада «...дарынды балаларға арналған 107 білім беру ұйымдары, арнаулы бағдарламамен» бірыңғай бейінді білім беру арқылы республикада шын мәнінде білім сапасының көрсеткіші «Элитарлы білім беру дәрежесіне дейін жетті» деп атап өтілген. Бұған біздің дарынды балалар мектебінен мысал келтіруге болады. Жыл сайынғы мектеп бітірушілер 100% грант алып, университеттерге оқуға түсуде. Соңғы бес жылда түлектер 77-і «Алтын белгіге» ие болса, оның 30-дан астамы халықаралық «Болашақ» стипендиясы бойынша әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алуға қол жеткізді. ҰБТ-де мектеп бітірушілердің орта балы 120,7-ге дейін жетіп, бір жылғы «Алтын белгі» алушылардың саны 16-ға, 125 балға ие болушылардың саны 8 оқушыға дейін көбейді.
Бүгінгі таңда, мектептегі білім мазмұны – барлық мектептерге, оқушыларға бірдей білім стандарты қарастырылған. Онда дәйектелген талап бойынша, оқушы түске дейін тиімді уақытын білім стандартын меңгеруге жұмсайды. Түстен кейін ғана өз қабілеті мен қызығушылығына қарай бейінді, бағдарлы білім алуға әрекет етеді. Сөйтіп, ол оқушылардың апталық жүктемесін 40-42 сағатқа дейін (түске дейін 36 сағат, түстен кейін 4-6 сағат) көтереді.
Әлемдік тәжірибеде жоғары сыныптарда берілетін білім, олардың болашағы үшін таңдаған мамандықтарын меңгеруге негіз болатын бағытқа бейімделеді. Айталық, Англияда, жоғары орта мектепте (11-12 сыныптар) бағдарлы, бейінді білім беріледі. Ол бойынша оқылатын пәндер саны 4-6-ға дейін азайтылады. Барлық күш оқу пәндерін жан-жақты игеруге бағытталады екен. Ал, бізде білім стандартын жасауда, әлемдік тәжірибелердің ішінде, сапалы, бейінді білім беру бағыттарындағы тәжірибелер емес, мектепті аяқтағанша барлық оқушыға бірдей деңгейді білім беруді қажет ететін Ресей тәжірибесі ғана алынып отыр. Білім беру процесін тұрақты жетілдіруде, мектепте педагогикалық мониторинг мүмкіндігін кеңінен пайдаланғанда ғана білім сапасы жоғары деңгейде болады.
Педагогика ғылымында оқушыға сапалы білім беруді қамтамасыз ету, күнделікті беріліп жатқан білім нәтижелерін жүйелі, тұрақты бақылап отыруға тәуелді деп зерделенген. Өткен ғасырдың аяғында жалпы білім беруде дәстүрлі оқушы білімін бақылау және бағалау жүйесі олардың білім дәрежесі шынайы объективті көрсеткіші болудан мүлде қалып барады, мұғалімдердің бағаны көтеріп қоюы әдетке айналды деген дабыл қағылды. Бұл рас болатын. Соның «үлгісі» қазір де бар. Бұл проблема арнайы зерттелді. Ақиқат айқындалды. Оқушылардың білім сапасының төмендеуіне тікелей әсер етіп отырған бірден-бір фактор екені дәлелденді. Ұрпақ тағдырын тәлкекке салған бұл мәселеден қалай құтыламыз деп дағдарған тұста білім сапасын бағалаудың жаңа жүйесі – ҰБТ моделі енгізілді. Кемшіліксіз емес, бірақ білімді бағалаудың бұдан өзге адал жолы қазірше жоқ секілді.
Аталмыш бағдарламада «Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі құрылады. Ол тәуелсіз бақылаудың барлық жүйесін қамтиды. Білім сапасын арттыруда ҰБТ-ның нәтижелері жақсарады» деп жазылған екен. Шын мәнінде, ҰБТ моделі аз уақыттың ішінде, білімді тексерудің озық технологияларын енгізу арқылы білім мекемелеріне тәуелсіз, білімді бағалауға «адам факторын» қатынастырмай жүргізуді; тестілік сұрақтар арқылы білім мазмұнын жоғары деңгейде қамтуды қамтамасыз етті.
Дейтұрғанмен, республикадағы «Алтын белгі» алушылар санының бір жылда мың жарымнан екі жарым мыңға дейін, ал 125 балл жинаушылар алғашында бір-екі болса, кейін 30-40-қа жетуі, кейбір облыстардағы көрсеткіштердің шарықтап кетуі, оны түрлі жолдармен жалған бәсекеге айналдыруы –білім сапасының объективті көрсеткіші деп айту қиын.
Осындай олқылықтар ҰБТ жүйесінің «бетіне» шіркеу қондырып дамуына кедергі келтіруде. Біз бәрі ұрпақ, әділдік үшін десек, мұны ашық айтып, жою жолын батыл ұсынуымыз керек. Жолы қайсы дегенге берер жауап, жалған атақтан бас тартып, тек білім ғана салтанат құрып, әділдіктің айбыны асқақтап тұруы тиіс.
Сол «Алтын белгі» алғандардың бәрі бірдей мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілін бес саусағындай біле ме екен деген ой да маза бермейтіні бар. Шынтуайтына келгенде, олардың бәрі бірдей қазақ тілін біледі десек, күпірлік болар еді. Заң талабы бойынша жоғары дәрежелі білім көрсеткішіне қол жеткізген әрбір оқушы мемлекеттік тілді білуі қажет. Біз кейде осы талапты орындай бермейміз. Ескі сарынмен қазақ тілін білмесе де «Алтын белгі» беруді әдетке айналдырып келе жатырмыз. Бұған биылдан бастап тыйым болар деген үміт бар.
Осы кемшіліктерді жоюдың тағы бір жолы азаматтарды көптен алаңдатып отырған ауылдағы тест орталықтарын жабу мүлде кезек күттірмейтін мәселе деп білеміз. Шыны керек, ондағы жөнсіздіктер қазір өзінің шырқау шегіне жетті деп айтуға толық негіз бар. Сынақ кезіндегі жұртқа белгілі кейбір жат қылықтар туралы бұл арада таратып айтпай-ақ қоялық. Жоғары балл жинау, «Алтын белгі» алу «жарысы» енді 125 балл жинауға дейін «көмек беруге» жетіп отыр. Жоғарыда келтірілген балдық көрсеткіштің жыл сайынғы өсу қарқынының 70-80%-ы осы ауылдық мектепті бітірушілердің үлесіне тиеді. Жыл бойғы қоңыр төбел білім жыл соңында осылай шарықтайды. Әрине, бұл сапалы білім көрсеткіші емес, көбі қолдан жасаған жалған іс. Оған кінәлі мектеп, не мұғалім емес, өтірік беделге, т.б. ұмтылушылар. Егер менің сөзім жалған дегендер табылса, жоғары оқу орнына барып сараптама жүргізсе, «Алтын белгі» мен 125 балл алғандардың жағдайына қанық болады. Әрине, бәрі демейік, біразы жасанды бағалармен жоғары оқу орындарына түскеніне иманымыз кәміл.
Қазір кейбір ауыл мектептеріндегі білім сапасына қатынасты мәселелерді айтпағанның өзінде, мұғаліммен қамтамасыз етудің өзінен үлкен қиындық көріп отыр. Сонда білім саласы қалайша жоғарылап кетіп жүр?
Иә, сол ауыл мектептерінде өз мүмкіндіктеріне, яғни талантына, дарынына қарай жеткілікті білім ала алмай отырған небір қабілетті оқушылар аз емес. Бұрын ондай озат оқушылар, облыстық, тіпті республикалық арнаулы мектептерде білім алуға талпынатын еді. Ондай жүзден жүйріктерді іздейтіндер, қамқоршылар көп еді. Қазір ауылда өтетін тесте сондай мықтылар қаға берісте қалып, пысықтар аяқ астынан оза шауып, ең жеңіл, «тиімді» жолмен «Алтын белгі» алады. Бірақ ондай оқушылар кейбіреулері жоғарыда айтқанымыздай жоо-да оқи алмай, шығып кетіп жатады. Бұған да мысал баршылық.
«Алтын белгіге» үміткер, қабілетті оқушыларымыздың білім сапасын арттыруға, даярлауға, талап қоюға қазір біздіңше мектепте үлкен қиындық жоқ. «Алтын белгіге» үміткерлерге облыс орталығында арнайы комиссия құрылып, ашық жағдайда, бірдей талап қойып тестілік бақылау ұйымдастырса, күмән сейіліп, білім салтанат құрады.
Осы жерде, «Алтын белгі», үздік аттестатқа үміткерлерге ғана емес, жалпы тестілік бақылауға қатынасты мәселе – мемлекеттік емтихан кезінде оқушы «шпаргалкасы» – ұялы телефонды пайдалануды тоқтату басты шаралардың бірі екендігін айтуымыз керек.
Біз жоғарыда отандық білім берудің оң өзгерістерімен қатар, кейбір түйткілдерін де сөз еттік. Бұл білімнің әділ бағаланып, оқушылардың ой-санасына күнде көріп жүрген кейбір сыныптастарының аяқ астынан үздік болып шыға келетініне күдік ұялатпай, шын жүйріктердің ғана топты жарып шығатынын аңғартуды негізге алдық. Қашанда білімі мықты жастың көшбасынан көрінетіні, ал жасандылықтың уақытша ғана жеңіске жететінін еске сала кетсек дейміз.
Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ, Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.