Ресейдің ақпарат көздері Статистика комитетінің 2010 жылғы халық санағының кейбір қорытындыларын алдын-ала жариялағанын хабарлады.
Мәселен, Ресей халқының бүгінгі таңдағы жалпы саны 142 миллион 950 мың, бірақ 2002 жылғы санақпен салыстырғанда халықтың жалпы есебі 1,6 пайыз азайыпты. Ресей халқының 8 пайызы Мәскеу қаласында тұрады, мәскеуліктер саны осы кезең ішінде 10,9 пайыз өсіп, 11 миллионнан асқан. Халқының саны жағынан Мәскеуден кейінгі қала – Санкт-Петербург. Соңғы санақтан бері мұнда да өсім бар, қазір бұл қалада 4 миллионнан астам адам тұрады, бұл бүкіл ел халқының 3,4 пайызы. Жинақтай келгенде, ресейліктердің 11 пайыздан астамы Мәскеу мен Санкт-Петербургте тұратыны белгілі болып отыр.
Қалада және селода тұратын адам саны сегіз жыл ішінде елеулі өзгеріске ұшырамапты: бұрынғысынша ресейліктердің 73 пайыздан астамы қалаларда, 26 пайыздан астамы селоларда тұрады.
Дерек көздері өткен санақпен салыстыра қарағанда халық саны жыныстық құрамы бойынша да айтарлықтай өзгермегенін хабарлайды. Мысалы, 2002 жылы Ресей халқының 46 пайыздан астамы еркектер, 53 пайыздан көбі әйелдер болса, 2010 жылғы санақ бойынша еркектердің үлесі – 46,3 пайыз, әйелдердің үлесі – 53,7 пайыз. Бұл бізбен көрші елде қазір 66 миллионнан астам ер-азамат және 76 миллионнан артық әйел өмір сүретінін көрсетеді.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.