Отанымыздағы жетекші партиядан ел президенттігіне кандидатты қолдау жөніндегі Петропавл қалалық штаб төрағасының орынбасары Жасұлан Ахметовтен саяси науқанға әзірлік жөнінде айтып беруін өтінген едік.
– Штаб сегіз бағыт бойынша үйлесімді жұмыс атқарып келеді. Оның құрамы өңірге белгілі тұлғалармен, саясаткерлермен, ардагерлермен, жастармен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен толықтырылған. Шеттерінен тәжірибелі, қоғамдық-саяси істерде ысылған жандар. Мәселен, ұйымдастыру-бұқаралық жұмыстар бөліміне Петропавл қаласының құрметті азаматы Анатолий Мищин жетекшілік етеді. Халық қалаулысы Александр Казанцевке сенім білдірілген адамдардың іс-әрекетін үйлестіру жүктелген. Олардың жалпы саны – 220. Бұдан тысқары 110 адамды біріктіретін ерікті волонтерлер тобы бар.
Штабқа келушілер қатары да көп. Оларды түрлі сауалдар толғандырады. Кейбірін жеке мәселелер мазасыздандырса, енді біреулері қоғамдық проблемаларды ортаға салады. Кез келген пікір, ұсыныстың құнды, маңызды екенін ескеріп, қоғамдық қабылдауды жүйелі жүргізіп отырамыз. Мұның өзі әлеуметтік ой-пікірлерді сараптап, зерделеп отырудың таптырмас құралына айналды. Өткен аптада ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауға 25 петропавлдық келді. Олар да әртүрлі мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды. Бәрінен де адамдардың саяси белсенділігінің артқаны, ой-толғамдарының өзгешелігі қуантады. Жақында 500 адамды қамтыған әлеуметтік сауал жүргіздік. Олардың жауаптары да алдағы сайлаудың жоғары деңгейде өтетінін айғақтайды. Жуырда тағы бір іс-шараға жұмыла кірісіп кеттік. Ол «Үйден үйге дейін» деп аталады. Басты мақсаты – пәтер иелерімен ауызба-ауыз сөйлесіп, ой-пікірлерін тыңдау, проблемаларын білу, сайлауға ұйымшылдықпен қатысуға үндеу.
Мен өзім Елбасының екі рет сенім білдірілген адамы болу бақыты бұйырған жанмын. Бұл жолғы сайлауға да петропавлдықтардың үлкен белсенділікпен қатысатынына еш күмән жоқ.
Жазып алған Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.