Кеше «Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» республикалық қоғамдық бірлестігі кеңсесінде «КСБРҚК» РҚБ байқаушыларының семинар-тренингі қорытындыланды.
Сайлау күні жақындап, оған тікелей қатысы бар органдардың көпшілігі бүгінде өз дайындықтарын қорытындылау үстінде. Сайлаудың әділ әрі жоғары деңгейде өтуі – әрбір қазақстандық үшін маңызды екендігін айтып жатудың өзі артық болар. Ол алдымен өзімізге, кейінгі кезекте бүкіл әлемге сын болмақ. Бұл ретте, сайлаудың ойдағыдай өтуін, дауыс беру күнгі үгіт-насихаттардың тоқтатылуын, Ата Заңымызда көрсетілген тәртіп жүйесінің сақталуын бақылау сияқты бірқатар қызметтер арнайы тіркелген байқаушыларға жүктелмек.
3 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауына бүгінгі күні байқаушы ретінде республика бойынша бес мыңға жуық адам тіркелген. Олардың басым көпшілігін, шамалап алғанда, 80-90 пайызға жуығын студент-байқаушылар құрайды екен. Одан өзге бұл топта зейнеткерлер мен қазақстандық ерікті де белсенді азаматтар бар. «ҚСБРҚК» РҚБ алдын ала тіркелген байқаушыларды наурыз айының 11-інен бастап арнайы мамандардың қатысуларымен семинар-тренингтерден өткізіп, күні кеше оларға байқаушы куәлігі мен семинар-тренингті аяқтағаны жөніндегі сертификатты салтанатты түрде табыстады.
Іс-шараға РҚБ мүшелері мен байқаушылар, халықаралық және отандық бұқаралық ақпарат құралдары, әр түрлі қоғамдық бірлестіктер, халықаралық ұйымдар, сайлау органдары, сондай-ақ президенттіктен үміткерлердің сайлауалды штабы мен халықаралық байқаушылармен жұмыс жүргізетін орталық өкілдері қатысты. Іс-шараны «Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Ерімбетов ашты. Ол азаматтық позициясы бар белсенді студент-байқаушы жастарға алғысын білдіріп, сайлаудағы басты қызмет байқаушылардың еншісінде екендігіне ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ: «Сайлаудың еркін, әділ, ашық өтуі – жас студент-байқаушыларға тікелей байланысты», – дей келе, семинар-тренингті сәтті аяқтағандарымен құттықтады. Семинар-тренингті сайлау құқығы саласында тәжірибесі бар мамандар, атап айтқанда, заңгерлер Михаил Бабушкин мен Иминжан Хаджиев, саясаттанушы Марина Онучко, психолог Марина Пак, сонымен қатар, тәжірибеші Серік Ерғали өткізді. Олар байқаушылардың қорытынды дайындықтарын тексеріп, сайлау барысында тәртіптің қадағалануын, артық қозғалыстардың ешбірі байқаусыз қалмауын, ондай жағдайлар туындаған кезде сол мезетте-ақ фотоға түсіріп немесе арнаулы сенім телефондарына хабарлауды тапсырды.
Іс-шараның басты ерекшелігі «КСБРҚК» РҚБ өңірлік өкілдіктері мен бөлімшелері семинар-тренингке онлайн жүйесі бойынша қатысуға мүмкіндік алуында болды. Онлайн жүйесі арқылы Қызылорда, Шымкент, Көкшетау және Өскемен қалаларындағы жергілікті байқаушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, арнайы мамандардан жауап алды.
«КСБРҚК» РҚБ-ның қорытынды семинар-тренингі отандық байқаушыларды дайындау, Қазақстандағы сайлау үдерісінің болашақ кәсіпқой мамандарын қалыптастыру ісіне негіз қалап қана қоймай, сонымен бірге, қоғамдық бастамашы азаматтар дамуын қалыптастыруға үлкен үлес қосатыны анық.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.
Астана.