Қазіргі кезде 3 сәуір күні өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға байланысты үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Мемлекетіміздегі ең лауазымды қызметке үміткерлер алыс елді мекендерден бастап, халық топтасқан орталардағы сайлаушылармен кездесу өткізіп келеді. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының облыстық бөлімшесі Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері арасында кездесу ұйымдастырды.
Жиында Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы, бюро мүшесі Магеррам Магеррамов саяси науқанның мақсаты мен атқарылатын жұмыстар жайлы баяндады. Мәселен, өңірдегі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартудағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, тәуелсіз еліміздің 20 жыл ішіндегі қол жеткізген табыстарын жүйелеп айтып өтті.
Өз кезегінде ардагерлер де ойларын ортаға салып, биліктің жұмысын пәрменді етудегі қоғамдық ұйымдардың қосатын үлесін арттыру қажеттігін жеткізді.
Коммунистік халықтық партия атынан президенттік сайлауға түскен Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды тұғырнамасы да талқыланды. Өйткені, кешегі кеңестік кезеңде өмір сүріп, еңбек еткен аға буын коммунистік идеяның артықшылықтары мен өзгешеліктерін ұмытпағандықтарын байқатты.
Халық арасында әлеуметтік әділдік ұранымен еңбек етіп, көптеген ізгі мұраттарды мақсат еткен партияның жолын ұстанушылар бар екені түсінікті. Осындай сайлаушыларға арқа сүйеген коммунистер алдағы сайлауда өз жақтастарының санын арттыруға үмітті.
– Ең негізгісі – егемен елімізде демократия принциптерін ұлғайтатын, халықтың жарқын болашағына бастаған игіліктер жеткілікті, – деді Магеррам Мамедұлы. Өзіміздің белсенділігіміз арқылы елімізде жүргізілген жұмыстарға ықпал етіп, алтын көпір болуға ұмтыламыз. Сондықтан, ертеңгі болатын сайлауда баршаның азаматтық таңдауларын жасауы міндетті.
Ардагерлер еліміздің болашағын айқындайтын сайлауға бір кісідей қатысатын болып тарқады.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.