31 Наурыз, 2011

Экология әр үйдің ауласынан басталады

502 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Мэлс Хамзаұлы Елеусізовтің Іле-Алатау ұлттық паркі ұжымымен, парктің «Ақсай» орман шаруашылығы» бөлімшесі қызметкер­лері­мен, сондай-ақ жақын жатқан Тастыбұлақ және Каменка ауыл­дарының тұрғындарымен кездесуі мақсаттар мен мүд­делері бір адамдардың әңгімесіндей болды. Әңгіме арқауы Ұлттық парк­тің тағдыры, оны сақтап қана қалу емес, жағдайын жақсартуға арналды. Президенттікке кандидат пен осында табиғатқа қам­қор­лық жасау жөнінде сөз қоз­ға­ған сайлаушылардың ой-пікір­лері негізінен бір жерден шығып жатты. Экология мәселесіне кез кел­ген адамның қатысы болуға тиіс, оны жақсартуға әркім өз үле­сін қосуға тиіс. Табиғат-ана сон­да өз игілігін адамнан да аямайды. Бүгінгі кездесуге келгендер­дің көпшілігі сол табиғат қорғау ісіне қатысты болса да, олар саясаттың өзекті мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Әсі­ре­се, сот жүйесін жақсартуға бай­ланысты біраз пікір айтыл­ды. Сот әділ болмай, жемқор­лық­ты жоя алмаймыз, деді көп­ші­лік. Ал оның әділдігіне жету­дің бір жолы – оларды халық сайлауы керек, деген пікірді бас эколог ортаға салды. Жинал­ған­дар президенттікке кандидаттың бағыт-бағдарын да кең сөз етті. Қазіргі Президенттің кеңесшісі, саясаткер Ермұхамет Ертісбаев­тың Елеусізов пен Қасымовтар билікке оппозицияда болады деген пікірін алға тоса отырып, сай­лаушылар бұл жайында ха­лық экологының өз аузынан әң­гі­ме естігісі келгенін білдірді. Мен қа­шанда ортада болғанды қа­лаймын, деді Елеусізов. Ал табиғат қорғау – барлы­ғы­мыз­дың ортақ ісіміз. Мұнда бар­лы­ғымыз да алдыңғы шепте болуға міндеттіміз. Дәл осындай міндетті осы кезде Семей қаласында президенттікке кандидат Мэлс Елеу­сізовтің жақтастары атқарып жатты. Бастамашы топ қаладағы қарттар үйін қамқорлыққа алып, онда сенбілік өткізді. Сенбілікті ұйымдастырушы­лар бұл істі қарттар үйінен бас­тағандарына айрықша мән береді. Табиғатқа қамқорлық – ең ал­дымен адамға қамқорлық. Осы мүдде қашанда үйлесіп жатуға тиіс. Балабақшалар да, мектептер де осындай қамқорлықтың аясына енуге тиіс. Расында да, сол сенбіліктен кейін қарттар үйі жаңа кейіпке көшті. Үйдің айналасы толық тазартылғаннан кейін, ағаштар ақталып, ашық жерлерге жаңа ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл өзі күні ертең ағаштар жа­пы­рақ жарған кезде тіпті құл­пы­рып кететін болады. Қарттардың жасыл желек арасында дема­луы­ның, әрине, рахаты көбірек. Семейлік табиғат қорғау­шы­лардың пікірінше, Мэлс Елеу­сізовтің «жасылдар» қозғалысын еліміздің барлық жерінде ұйым­дастырсақ, одан табиғатымыз ғана жаңарып қоймай, адам санасына да өзгеріс енеді. Адамдар қайырымдырақ бола түседі. Табиғатқа қамқорлық барлық жерде, әр үйдің ауласынан басталса, оның ауқымы да кеңи түспек. Мамадияр ЖАҚЫП. Алматы облысы.