ПЕТРОПАВЛ. Облыс орталығында «Нұр Отан» ХДП ел президенттігінен үміткер ретінде ұсынған Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдауға арналған форум өтті. Үш мыңнан астам адамды қамтыған акцияны республикалық саяси партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Қартов кіріспе сөзбен ашты. Ол 20 жыл ішінде Қазақстанның дамудың сапалық жолына түскенін, Н.Назарбаевтың қажырлы да қарымды саясаты арқасында зор табыстарға қол жеткенін айрықша атап көрсетті. Форумға қатысушыларды ел ішінде тату-тәтті тіршілікті баянды етіп отырған үміткер үшін дауыс беруге шақырды.
Соғыс және еңбек ардагері Степан Башкиров жасының 90-ды алқымдап қалғанына қарамастан, үйде тыныш жата алмағанын, форумға қатысудағы мақсаты қысқа мерзім ішінде жас мемлекетімізді әлемге танытқан Нұрсұлтан Әбішұлындай тұлғаның айрықша еңбегін жастарға жеткізу парызын орындағалы келгенін қарапайым тілмен ұқтыра білді. Басқа сөйлегендер де осы бағытта ой сабақтап, жиналғандарды бірауыздан Н.Назарбаевқа дауыс беруге шақырды.
* * *
ШЫМКЕНТ. Қажымұқан атындағы Орталық стадионда Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау мақсатында «Жақтастар форумы» өтті. Оған «Қазақстан-2020» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының мүшелері, «Нұр Отан» ХДП облыстық, қалалық және аудандық филиалдарының төрағалары, қоғамдық штабтардың жетекшілері мен өкілдері, атап айтқанда, 20000 адам қатысты. Форумды «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық қоғамдық штабтың жетекшісі Ұласбек Сәдібеков жүргізді.
Форумда еліміздегі жетістіктер, халықаралық аренадағы бедел, табысымыз президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың есімімен тікелей байланыстырылды. Қазақстанның басты жетістіктері туралы бейнефильм көрсетілді. Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының атынан М. Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Уәлихан Бишімбаев, Шымкент қаласының №45 мектеп-гимназиясының директоры Роза Пак, «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, облыстық мәслихаттың депутаты, «Қазтрансгаз» АҚ Түлкібас бөлімшесінің директоры Келесбек Жартыбаев, т.б. сөз сөйледі. Форумға қатысушылар Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткер Н.Ә. Назарбаевқа қолдау білдіріп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Қадыр Мырзалиев пен Ескендір Хасанғалиевтің ғажап туындысы – “Атамекен” әнін жиырма мың адам қосыла шырқады.
* * *
АТЫРАУ. Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінің спорт сарайында Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы ұйымдастырған форум болып өтті. Оған өңірдегі мұнай-газ өнеркәсібінің еңбек ұжымдары, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар мүшелері, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері мен студент-жастар белсенділікпен қатысты. Форумда алдымен сөз алған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары, Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың төрағасы Нұрлан Нығматулин ел өміріндегі оң өзгерістер, жемісті жетістіктерді президенттіктен үміткер Н.Назарбаевтың саясатымен байланысты өрбіте келіп:
– Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды әлем таныған әлеуетті елдер деңгейіне көтерді. Экономикамыз өркендеді. Өркениет талабына сай әр өңірде, әр ауданда, әр ауылда мектептер мен денсаулық сақтау ғимараттары, мәдениет үйлері мен спорт сарайлары бой көтеруде. Халықтың тұрмысы жақсарды. Болашақта да елдің мерейін, халықтың тұрмысын көтеретін жарқын жобалар жүзеге асқалы отыр. Міне, осындай ойға алған жасампаз істердің жемісін көре беруіміз үшін, жалғасын таба беруі үшін Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге болып, болашақтың іргесін бірге қалайық, – деді.
Бұдан кейін ортаға Парламент Сенатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов, «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев және Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев шығып сөйледі. Бұлардың әрқайсысы Қазақстан экономикасы тәуелсіздіктің 20 жылында жасампаздықпен өркендегенін, еліміздің ішкі-сыртқы саясатында демократиялық үрдістермен бедерленген оң өзгерістердің болғанын тілге тиек етті.
Форумда Қазақстанның өнер шеберлері концерт берді.
«Егемен Қазақстанның» тілшілері.