31 Наурыз, 2011

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ: «Абырой KZ» – мәдениет мәйегінен, тіл тұнығынан сусындатады»

562 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Медиакеңістік кез келген елдің айнасы іспетті. Ал Ота­нымыздағы осы кеңістік ауанының бәсекеге қабілеттілігі мен төзімділігі уақыт талабынан туындап отыр. Себебі, БАҚ саласының даму көрсеткіші арқылы мемлекеттің қандайлық деңгей биігінде тұрғанын да аңғару қиын емес. Біз «7-ші арнаның» Директорлар кеңесінің төрайымы Би­бігүл ЖЕКСЕНБАЙҒА жолығып, ел медиакеңістігінің бір тармағы саналатын арнадағы ауқымды жобалар төңірегінде пікірлескен едік. – Бибігүл Нұрғалиқызы, “7-ші арна” хабар таратудың жаңа желісіне көшіп, соны өзгерістермен толыққанын білеміз. Бұл өзге­ріс­тердің басты өзегі неге саяды? – “Жетінші арнаның” ақпарат тарату желісіндегі өзгерістері эфир­де ұлттық премьералық және ойын-сауық контенттер үлесін едәуір арттыруға бағытталған, телеарна­ның жаңа даму стратегиясымен тікелей байланысты. Осы жылы пре­мьералық контент үлесі жаңар­тыл­ған ақпарат тарату желісінің шамамен 80 пайызын, ал ойын-сауық бағдарламалары эфирдің шамамен үштен бір бөлігін құрамақ. Бұл өзгерістер жалпы әлемдік трендке сәйкес болып отыр: көптеген елдерде ойын-сауық бағдарламаларының танымалдығы артуда, сонымен қа­тар көрермендер аудиториясы­ның сұранысы ұлттық менталитет пен салт-дәстүрді есепке ала оты­рып жасалынған премьералық теле­өнім­дерге артып отыр. Жаңа стратегия аясында ресейлік “ВайТ Медиа” компаниясымен және ойын-сауық бағдарламаларын шығаруда әлемдік көшбасшы бо­лып танылатын Endemol компа­ния­сымен келісім жасастық. Бұл компаниялар телеөнімдерді сараптау саласында қажетті және әртарап­тандырылған жобалар портфелінің иегерлері. Жоғарыда аталған компаниялар дистрибуциялау, бейімдеу және контентті өндіру саласында біздің әріптестеріміз атанды. «ВайТ Медиа» және Endemol компания­лары­ның жобаларының үлесі жаңа ақпарат тарату эфирлік желісінің 25 пайызын құрайды. Осылайша, «7-ші арна» көрер­мен­дері жаңа маусымда, Endemol ком­паниясының танымал еуропа­лық те­левизиялық шоулары: “Баспана бабы” (“Home edition”), “Сән сайы­сы” (Make me a Supermodel) “Сал­мақ пен қаңбақ” (Supervise vs Su­per­scinny), сонымен қатар арна­йы Қазақстан үшін бейімделген ойын-сауық бағдарламаларын тамашалауда. “Қырық миллион теңге шоуы” – Endemol компаниясының Endemol The Money Drop жаңа форматынан бейімделген туынды. Наурыз айының 25 жұлдызынан бастап арнамыздан танымал ресейлік Comedy Club форматының ар­найы Қазақстан үшін бейімделген нұсқасы эфирге шығарылды. Жаңа эфирлік желісінің танымал жоба­лары­ның бірі ретінде, қазақтың ежелгі салт-дәстүрі негізінде жаса­лынған тың жобаларымыздың бірі ретінде “Жар-жар” шоуын атап өтуге болады. Эфир толықты­ры­лу­ын­дағы өзгерістер жаңа ақпарат тарату желісіне негізделді. «7-ші ар­на­ның» жаңа ақпарат тарату кестесі халықаралық ақпарат тарату принциптері бойынша құрастырылған. Арнамыздың эфирі слоттарға бөлінген, олардың әрқайсысына слот-брендтер қалыптастырылады, яғни арнайы жанрдағы контентті көрермендерге ыңғайлы уақытта тұтынуды дағдылау. – «Абырой kz» жобасы жөнін­де не айтар едіңіз? – «Абырой кz жобасы» «7-ші арнаның» емес, «Абырой» қазақ тілі мен мәдениетін дамыту корпоративтік қорының жобасы. Мұны қазақ тілі мен мәдениетіне қызы­ғушылық танытқандар мен жан­ашырлар сайты деуге болады! Сайт, әсіресе Қазақстанға келетін шетелдіктер үшін өте тиімді. Ол ұсынып отырған өнімдер қазірдің өзінде қазақ тілін үйренушілерге көп пай­дасын тигізді. Интернет пайдалану­шылардың көзайымына айналып үлгерген сайт үш тілде бірдей сөй­лей­ді. Ізгі ниетті оқырманға әр­дайым есігі ашық. «Абыройдың» ғаламторда абыройлы болуы, әл­бетте қазақ тілі мен мәдениетіне жанашыр жандардың белсенділігіне де байланысты. Шетелдіктер үшін бүкіл ақпарат ағылшын тілінде. Әлемнің қай түпкірінен болсын, көре алады. IP-адреспен күн сайын осы сайтқа кіріп жатқан шет­ел­діктердің саны артып отыр. Жа­ңалықтар пара­ғы күн сайын жа­­ңарып тұра­ды. Ал «Қазақ­тану» ай­дары қа­зақ хал­қының салт-дәс­түрінен тү­сінік беріп, ұлт­тың ұлы адам­дары ту­ралы әңгіме­лейді. Аз уа­қытта «Абы­рой» бітірген үл­кен шаруа – қазақ тілін ерекше әдіс­теме бойынша үй­ре­тетін оқулық­тар. 5 деңгейден тұратын кітаптың берері мол. Бұл оқу­лықтардың, яғ­ни еуропалық стан­дарт бойын­ша оқытудың ав­то­ры, педагогика ғылым­да­рының докторы – Ираида Кубаева. Еуро­стандарт негізінде жазылған осы оқу­­­лық кешені өз­ге тілді аза­мат­тарға арналған. Ол кешен арқылы оқушылары­мыз қазақ тілін жеңіл жол­мен, оп-оңай, 102 са­ғат­та үй­ре­ніп алуға әбден мүмкін­дік алады. Жаңа әд­іс­теме өз өмір­шеңдігін көр­­сетті. Ол оқулық­тар негізінде қазір түрлі мекемелерде сабақтар өткі­зі­ліп жатыр. Мұ­ның бәрі «Абы­рой» қазақ тілі мен мә­дениетін дамыту қорының ал­ғаш­қы кәдесі ғана. Қор­дың жоспа­ры қомақты. Соның ішінде интернет парақша­сын муль­ти­медиялық кейіпте жа­ңарту да бар. Сонда сіздің сөзіңізден аңғар­ға­нымыз, бұл жобаның басты мақсаты – тек өзіміздің қандаста­ры­мыздың ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де қазақ тіліне деген ынта-ықыласын ояту ғой... – Иә. Мақсат – Абайдың тіліне өз ана тілінен айырылған қандас­тарымызды ғана емес, өзге ұлт өкіл­дерінің де шынайы қызығушы­лы­ғын ояту. Мәдениетіміздің мәйе­гінен, тіліміздің тұнығынан су­сын­дату. Кезінде хакім Абай қазақ­тар­ды орыс тілін үйренуге үндеген, орыс тілі және орыс мәдениеті ар­қылы халқымыздың әлемдік мәде­ниетке араласу мүмкіндігін түсіне білген. Ол шынымен де солай бол­ды. ХХI ғасырда біздің алдымызға жаңа міндеттер қойылды: ана тіліміз бен мәдениетімізді, бабалардан қалған қайнар көзді сақтай отырып, технологиялық және гуманитарлық тұрғыдағы жалпы әлемдік динами­калық үрдістерге кіріктірілуіміздің қажеттілігі. Ал бұл үрдіс ағылшын тілі арқылы жүзеге асырылады. Яғни, бізге неге сол ағылшын тілі арқылы қазақтың тарихын, мә­де­ние­тін, тілін танытпасқа? Мәсе­ле­нің мәнісі, көптеген жылдар бойы Қазақстанда ағылшын тілі қазақ тілінде емес, орыс тілінде оқытылды. Қазақ мектептерінде, ауылды ай­мақта немесе қалалық жерде орна­ласқанына қарамастан, ағылшын тілі ана тілінде оқытылмады. Осы­лай­ша, бала орыс тілін меңгер­местен шетел тілін орыс тілінде үйренуіне тура келді. Шетел тілін туған қазақ тілінде оқыту сирек кездесетін жайттың бірі болды. Ендігі мақсат – соңғы жиырма жылда жинақталған білім мен тәжіри­бе­лер­дің басын қосу. – «Абыройдың» өзге жобалардан артықшылығы неде деп ойлайсыз? – «Абырой» қорының жұмысы – қазақ тілі мен мәдениетіне сұра­нысты арттыруға атсалысу. Яғни, тіліміз бен мәдениетіміздің бәсеке­ге қабілеттілігі үшін жұмыс істеу. Себебі, басқа тіл мен мәдениет­тер­дің тасасында қалмай, заманауи өзге­ріс­терге сай алға жылжып от­ыр­­ған­да ғана сұраныс болады. Бірақ біз тек қазақ тілі маңайында ғана емес, үш тілді бірге қарастыру ар­қылы мемлекеттік тілді дамы­ту­ды көздеп отырмыз. Президент «Жа­ңа әлем­дегі жаңа Қазақстан» атты Қа­зақ­стан халқына Жол­да­уында: «Тіл­­дер­дің үштұғырлығы» мәдени жо­басын кезеңдеп жүзеге асыруды ұсынамын. Қазақстан бү­кіл әлемде халқы үш тілді па­й­даланатын жо­ға­ры білімді ел ретінде танылуға тиіс», – деп атап өтті. Осыған байла­нысты қазақ тілін – мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін – ұлтаралық қа­рым-қатынас тілі ретінде, ал ағыл­шын тілін – жаһан­дық эконо­ми­ка­ның тиімді интеграция (ықпал­дас­тық) тілі ретінде дамыту бойынша жұмыстарды бір ізді жүзеге асыру қажет және мұны мемлекеттік тіл саясатының басты бағыттары ретінде қарастыруымыз керек. «Абы­рой» қорының алғашқы оқулы­ғы­мен танысқан Сиэтл (АҚШ) уни­верситетінің Орта Азия мен Қа­зақ­станды зерттеу бойынша орта­лы­ғы­ның директоры Уильям Фиерман, дәл осы үш тілді қатар алып жү­ретін оқулыққа тек қазақстан­дық­тар ғана емес, өзі сияқты Қазақ­станға қызығушылығы бар шетелдіктер үшін таптырмас дүние деген болатын. – Ол азаматтың бұл жөніндегі ой-пайымы қалай өріледі? – Бұл жөнінде ол: «Ата заң бой­ынша қазақ тілі мемлекеттік тіл бол­ғанымен, бүгінгі таңда сіздердің ел­де­ріңізде тек бір тіл – орыс тілі ба­сым. Бүгінгі күні Қазақстанда қазақ тілі едәуір маңызды рөлді иеленуі қажет, әсіресе қалаларда, өйт­кені ауылды аймақтарда ол әркезде ба­сы­мырақ болған. Қазақ тілінің қол­да­нылуы елдің оңтүстік және оңтүс­тік-шығыс аймақтары­мен са­лыс­тыр­ғанда, елдің шығыс және сол­түстік аймақтарында сирек қол­данылады. Ал ағылшын тілі Қазақ­станда аз уақыт аралығында ма­ңыз­ды пози­ция­ны иеленуде, бұл өте жақсы бет­алыс», деген еді профессор. Сырт көз сыншы дейтін халқымыз үшін бұл ойдың астары терең. Сондықтан біздің қай бағыт­та шапшаң, ширақ қимылдауымыз, әрекет жасауымыз керектігі айтпаса да түсінікті. – Сіз бұл жоба белгілі бір мерзім ішінде өзінің нәтижелі жемісін береді деп ойлайсыз ба? – Шынын айту керек, қазақ тілі мәселесі айтыла-айтыла жауыр болды. Тіпті ешкім тыңдағысы келмейтіндей мезі еттік десе болады. Өйткені, бұл жәйтке жылдар бойы біржақты қарап келдік. Бірақ дәл қазіргі жағдайда, дәл осы қазақ тілі мәселесін біз, керісінше үлкен мүм­кіндік ретінде қарастырғанымыз дұрыс. Өйткені, Қазақстан құдайға шүкір, абыройлы, беделді әлемдік елдер санатына қосылды. Қазақ­станға қызығушылық өсіп келеді. Яғни, тілімізге, мәдениетімізге, та­рихымызға сырттан қызығушылық жоғарылайтыны сөзсіз. Қазақ мә­дениеті өте бай, тарихымыз терең, қазақ тілі қиын тіл емес, керісінше үйренуге жеңіл екенін жан-жақты жариялауымыз керек. Мәселен, грамматикалық жағынан әлем тілдерін қарастыра отырып аңғара­ты­нымыз, адам ойының үрдісін реттейтін тілдің қисынды заңды­лық­тары барлық тілдерде біркелкі, ал грамматикалық заңдылықтар әр тілде әртүрлі. Бір тілдегі түсінікті және дағдылы заңдылықтар, келесі тілде қолданылмай, мүлдем жат болуы да заңдылық. Дегенмен, ағыл­шын мен қазақ тілдерін салыс­тыра отырып, олардың арасындағы өзара грамматикалық ұқсастық­тар­ды аңғаруға болады. Ең алдымен фонетикаға назар аударатын бол­сақ, ағылшын және қазақ тілдеріндегі дауысты дыбыстардың саны жағынан айрықша ерекшелік жоқ. Қазақ тілінде дауысты 11 дыбыс болса, ағылшын тілінде 12 (диф­тонг­тарды санамағанда), дыбыс­та­луы жағынан да олар өзара ұқсас, дегенмен артикуляция жағынан кішігірім айырмашылықтар бар. Мысалы, қазақ тілінде жаңа сөздер мен сөз түрлері түбірге немесе сөздің негізіне сөз жасаушы және сөз қалыптастырушы қосымшалар арқылы жасалынады: жұрнақтар мен жалғаулар. Ағылшын тілінде мынадай сөз жасаушы әдістер қа­лыптасқан: Инфинитивке ing-жал­ғауын тіркеу арқылы ағылшын тілі­нің ең көп мағыналы, «инговая» деп аталатын формасы қа­лып­та­са­ды. er (көп жағдай­да -оr) жұрнағы инфинитивке тіркеле отырып, көп жағдайларда іс-қимылды біл­діретін тұлғаны білдіреді: : to read – reader (оқу– оқу­шы), to write – writer (жазу – жазушы), to work – worker (жұмыс істеу – жұмысшы), to sail – sailor (жүзу – матрос) және т.б. Қазақ тілінде кең таралған, сөзге жаңа мағына беретін қосымша болып жұрнақ саналады. Ол оңай анық­та­лып, жаңа сөздерді қалып­тастырады. Мысалы, -шы, -ш жұр­нақтары: жұмыс – жұмысшы, оқу – оқушы, жазу – жазушы және т.б. Дау­ыссыз дыбыстар сан жағы­нан қазақ және ағыл­шын тілдерінде ай­рықша ерекшеленбейді: қазақ тілінде дауыссыз дыбыстар – 25, ағ­ыл­шын тілінде – 24. Жасалу әдісі жа­ғынан дауыссыз дыбыстар екі тілде де өте ұқсас: еріндік, тілдік және таңдай дыбыстары. Ағыл­шын ті­лі­нің заңдылығы сияқты, қа­зақ тілінде де дыбыстардың дұрыс айтыл­мауы сөз мағынасын өзгертеді. – Болашақта көрерменді өзіне тартатындай, көпшілікті өзіне бау­райтындай тағы қандай жоба-жоспарларды көздеп отыр­сыз­дар? – 25 наурыздан бастап «7-ші арна» эфирінде Comedy Club KZ жаңа жобасы шығады. Бұл stand-up come­dy жанрындағы танымал ресейлік Comedy Club шоуының бейімделген нұсқасы. Жоба осыған дейін Ресейде, Белоруссия мен Украинада мой­ын­далып, енді Қа­зақстанда шыға­рыл­мақ. Біздің жоба – ұлттық әзіл-оспақ ерекшеліктерін және қазақ­стандық телекөрер­мен­дердің талға­мын ескере отырып, өзге елдердегі стилистика негізінде жасалынып отыр. Comedy Club KZ – «7-ші арна» кестесіндегі екінші бейімделген та­нымал шетелдік формат болып отыр. Алғашқы бейімделген жоба­мыз – ойын-сауық бағдарламаларын шығарудан әлем­дік көшбасшы ретінде танылған, әріптесіміз Endemol компания­сы­ның The Money Drop халықаралық форматының қазақ­стан­дық нұсқасы «Қырық миллион теңге шоуы». «7-ші арнаның» стра­тегиясы телеарна эфи­­рінде ұлттық премьералық жә­не ойын-сауық кон­тенттерінің үле­сін арттыруға бағыт­талған. Осы­лай­ша, ағымдағы жылы көрер­мен­дерімізге Endemol компа­ния­сы­ның танымал еуропалық шоу­лары­мен қатар, арнайы бейімделген ойын-сауық бағдарламаларын, әрі тың, жаңа ұлттық жобаларымызды ұсы­на­тын боламыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. Астана.