«...Бау-бақшасыз, кітапханасы жоқ, театрсыз қалалар болуы мүмкін, бірақ ғибадатханаларсыз шаһарлар болуы мүмкін емес», дейді біздің бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері.
Мемлекеттік тұтастығымыздың тағы бір кепілі – имандылық пен ізгілік екенін есті адам біледі. Елбасы да: «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» деп, бір кездегі кеңестік идеология салдарынан діні әлсіреп, діңгегі шайқала бастаған халқымызды имандылыққа ұйыту үшін «Асыл арна» телеарнасын ашуға тікелей ықпал еткен болатын. Оның қазіргі тыныс-тіршілігі жайлы «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының бас директоры Мұхамеджан ТАЗАБЕК әңгімелейді.
– Мұхамеджан мырза, 2009 жылдың тамызында ғана тұсауын кескен «Асыл арна» телеарнасын бас-аяғы бір жарым жылдың ішінде еліміздің әр шалғайындағы ізгілікке сусындаған мұсылман баласы көре бастапты?
– Кез келген телеарнаның ашылуы сияқты, оның таралуы да оңай шаруа емес. Бірақ, «Асыл арна» біз ойлағаннан да жедел дамып келеді. Бұл халықтың осындай телеарнаға деген мұқтаждығына байланысты. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы рухани құндылықтарымызды қайтарып берді, соның бірі – асыл дініміз. Қазір жастарымыз мешітке бет бұрып, аға-апаларымыз өз дініне оралуда. Осы қажеттілікті қанағаттандыру үшін – бір ақпараттық бұлақ көзі қажет болды және ол бұқараны қамтуы керек еді.
Мінекей, бір жарым жылдан бері кабельдік жүйелер арқылы ірі қалалар мен облыс орталықтары қамтылып тұр. Бір жылдай уақыт болды, спутниктік кеңістікке де шықтық. Ендігі жерде Қазақстанның барлық аймақтары «Асыл арнаны» толық көретін дәрежеге жетті. ТМД елдері, Шығыс елдері, Түркия, Қытайдың бергі жағындағы қандастарымыз да тыңдаймын десе мүмкіндігі бар.
– Бастапқыда «Асыл арнаның» басты қиындығы – телевизия саласындағы мамандар дінді білмей жатады, дінді білген адам теледидар жұмысын білмей жатады» деген едіңіз?
– Кез келген телеарананың жұмысын жүргізу – қаржы болса аса қиын шаруа емес. Бірақ, біз дінді насихаттайтын арна болғандықтан, оның үстіне дінсіз қоғамнан шыққандықтан, әрі дінді білетін әрі өз мамандығының шебері, кәсіби деңгейі жоғары адамды табу оңайға түскен жоқ. Дегенмен, «Асыл арнаның» өз мектебі қалыптасып келеді. Дінді білетін, қабілетті жастарды осы кәсіптің қыр-сырына баулуға көштік. Алыс-жақын ислам мемлекеттеріндегі телеарналарға мамандарымызды жіберіп, тәжірибе байытып келеміз. Телеарна ашылмай тұрып та Еуропа мен басқа елдердегі мұсылманшылықты насихаттайтын арналардың жұмысымен таныстық.
– Бастапқыда телеарна 40-қа жуық тележобаның тұсауын кескен еді. Қазір оның саны қанша, сапасы қандай?
– Бағдарламалардың ауқымы кең. Ең бастысы, көрермендер назарына ұсынылып отырған жобалардың 99 пайызы өзіміздің жеке телеөнімдеріміз. Дін – нәзік дүние болғандықтан, өзгелерге еліктеуге көне бермейді. Мәселен, дүниежүзіндегі мұсылмандық кинотуындылар мен анимациялық дүниелер қаржы табу мақсатымен жасалады. Сондықтан олардың өз шарттары бар.
– Қай бағдарламалар сұранысқа ие?
– «Таным мен тағылым», «Мінбер» «Жұма намазы», «Мүбәрак», «Асыл мұрат» деген танымдық бағдарламаны жамағат жақсы бағалап жүр. Мұнан да бөлек, әлемнің әйгілі адамдары мен өзге діндегі өкілдердің исламды қабылдауы, себептері мен салдарлары жайлы «Нұрланған жүректер» немесе «Хақпен қауышу» сынды бағдарламалар да сұранысқа ие. «Милосердие-Мейірім» атты өмірдің түрлі сынақтарына душар болған, бірақ, иманы мен құлшылық-ғибадатының арқасында сау адамдардан да өзін бақытты сезінетін жандар жайлы бағдарламаны қызыға көретіндер бар. Материалдық игіліктер бірінші кезекке шығып, адамдар өздерінің рухани сұранысына жауап таба алмай отырғанда, жастардың өзіне өзі қол салуы, отбасылардың ажырасуы, қарттардың қадірінің қашуы, туысқандық қарым-қатынас пен отбасылық құндылықтардың әлсіреуі – қазіргі көкейкесті мәселелердің қатарында. Осындай жағдайға душар болудың астарында имансыздық жатса, оны шешуге де имандылық септеседі. Осы тұрғыдан алғанда аталған тележобалардың көтеретін жүгі ауыр және тікелей пайдасын тигізіп отырған тұстары да бар. Исламды тарихпен, экономикамен, мәдениетпен, күнделікті өмірмен байланыстыратын бағдарламаларға ден қою жоспарда.
– Телебағдарламалардың 99 пайызы өз телеөнімдеріңіз. Бұл тұсауы жаңа кесілген телеарна үшін өте үлкен көрсеткіш екен!
– «Асыл арна» 1997 жылы студия болып тіркеліп, 2009 жылы жарыққа шыққан болса, 2006 жылдан бастап роликтер дайындап, қысқа метражды фильмдер түсірумен айналыса бастадық. Бір жағы бұл ұзақ дайындықтың нәтижесі мен ниетіміздің дұрыстығының жемісі.
– Телеарна соңғы уақытта қандай бағдарламалармен толықты?
– Білгенімізді бір-ақ күнде төгіп бере салуға қарсымыз. Ислам олай тарқатылмайды. Бұл бастама ұзақ сапарға, пайдалы нәтижеге жетуді көздейтін жол болғандықтан, елдің деңгейімен санаспай тұра алмаймыз.
Ал Құранның аяттары да 23 жыл бойы үзіліп-үзіліп түсіп отырған. Алла тағала оны бір-ақ күнде түсіремін десе – құдіреті жетер еді. Бірақ, Алла тағала да адамдардың сана-сезіміне қарай, біртіндеп тәрбиелеген. Сондықтан да «Асыл арна» бір күнде адамдарды иманды етіп, бір күнде харамды көрсетіп, жамандықтан бездіре алмайды.
– Көрермені қалыптасып қалған телеарнаның келешектегі тынысы қандай болмақ?
– Кез келген телеарналар секілді біз де бағдарламаларымыздың сапасы жақсаруына, техникалық базамыздың жетілуіне, көрермендерімізге мұнан да тиімді, түсінікті, тартымды болуға ұмтыламыз.
Былайша айтқанда, «Асыл арнаның» халықтың өміріне терең кірігіп, тамаққа қосатын тұзы секілді, күнделікті өмірінің асыл бөлшегіне айналдыруды көксейміз.
Болашақта әлеуметтік бейне-роликтер жасап, қазақ даласында бұрын бастау алмаған мұсылманша көркем фильмдер мен телесериалдар түсіруді ойластырып отырмыз. Алла бұйыртса, алдағы уақытта халық осы идеяларымызбен қауышып қалар.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.