Күн өткен сайын еліміздің болашағын айқындайтын кезектен тыс президенттік сайлау күні жақындап келеді. Соған орай үгіт-насихат жұмыстары да аяқталып қалды. Осы ретте «Сенің дауысың – сенің жеңісің» тақырыбындағы акциялардың біз тәрізді жас сайлаушыларға беретіні мол дегім келеді. Өйткені, еліміздің Ата Заңында Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, оның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын ең жоғары лауазымды тұлға екені атап айтылған. Сондай-ақ, адам құқықтары мен бостандығының кепілі делінген. Демек, жауапты сәтте сайлау учаскесіне міндетті түрде барып, өз дауысыңды беру өз мүддеңді білдіргенің болып табылады.
Биылғы сайлау – менің өмірімдегі алғашқысы және ең маңыздысы дер едім. Сондықтан да сайлауға қатысып, таңдауымды білдіруді азаматтық борышым деп санаймын. Мен ел болашағы үшін дауыс беремін. Тәуелсіз Қазақстанның, қоғамның ертеңі әрқайсымызды бейжай қалдырмауы тиіс.
Біз – бақыттымыз. Осы өмір үшін аға ұрпақтың көрген қиындығы жетіп-артылады. Олар жастардың жан-жақты білім алуына, бейбіт өмір кешуіне өзіндік үлестерін қосты. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі нығайып, әлем жұртшылығы таңдана көз тігуде. Кімнің болсын өз құқығын толық пайдалануына, талап етуіне мүмкіндігі бар. Міне, соны пайдаланатын сәт келді. Сондықтан да елдің ертеңі саналатын жастарды 3 сәуір күні болатын сайлауға қатысуға шақырамын.
Біздің дауысымыз – біздің жеңісіміз екенін ұмытпайық. Өзім көп балалы отбасының үлкені ретінде Қазақстандағы ана мен балаға жасалған қамқорлықты сезініп өстім. Енді соған қайтарыммен жауап бермекпін. Сайлаудағы жеңіс менің де жеңісім болатынына сенемін.
Айман ЕРЖАНҚЫЗЫ, жас сайлаушы.
Алматы облысы.