20 Қаңтар, 2017

Перзент парызы

2113 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

galym-aga-2Өскемен қаласында сексеннің сеңгіріне шыққан шешесін араққа тойып алған туған баласы қыстың қақаған аязына қарамастан түн ортасында көшеге қуып жіберген... Алматы қаласында қайта-қайта қатты сырқаттанып, басқаның көмегінсіз жүріп-тұруы қиын қарт ананы бағып-қағудан қашқақтаған баласы мен келіні үш қабатты келісті коттеджі бола тұра қарттар үйіне тапсырып, жандары жай тапқан... Солтүстік Қазақстанда он құрсақ көтерген кейуана қартайған шағында жалғыз қалып, күнкөрісіне тиын-тебен өндіріп алу үшін балаларымен соттасып жатыр... Осындай төбе шашың тік тұратын оқиғаларды қазір жиі еститін болдық. Басқа емес, өз балаларының қанды қолынан қаза болып жатқан бейкүнә әке-шеше ұрпақ өсіріп, олардың шапағатын көрудің орнына жер жастанып жатыр. Бұл қайдан шыққан қатыгездік?! Туған анасын қартайған шағында, бойынан әл-дәрмен кеткен уақытта қаңғыртып қоятындай не күн туды соншама?!. Жарық дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген анасына төрінен көрі жақын болып тұрған шақта балаларының кісікиік болуына қандай жағдай итермеледі десеңізші?!. «Заман солай, өмір сүру қиындап барады, зейнетақысы бар ата-ана түгілі балаларымыздың тамағын тауып бере алмаймыз», деп уәж айтатындардың да табылатынына таласымыз жоқ. Бұл – сыныққа сылтау. Оу, ағайын, қазақтың басынан небір зұлмат, қиын-қыстау күндер өткен жоқ па? Аш та болды, жалаңаш та болды, қуғын-сүргінді де көрді, атажұрттан алыстап, бас сауғалап кетті... Бірақ, азапты күндер мен түндерді бастан өткерсе де туған ата-анасын тағдырдың тәлкегіне тастап кеткен жоқ еді ғой. Оны айтасыз, солақай саясаттың салдарынан жер ауып, ел асып келген тілі басқа, түрі бөлек ұлттар мен ұлыстарды да жатсынбай, бауырына басып, айналып жүре алмайтын екі бөлмелі тоқал тамның бір бөлмесін соларға беріп, жарты нанды бөліп жеген қазақ емес пе едік? Енді не болды? Бұл тәрбиесіздік пе, көргенсіздік пе? Перзенттік парыз қайда қалды сонда? Тіпті перзенттік қарыз десек те дұрыс болар, сірә. Өйткені, бәріміз де жарық дүние сыйлаған ата-анамызға өмір бойы қарыздармыз. Оны өтеу мүмкін емес. Сонда осындай түсініктен қазір титімдей де жұрнақ қалмағаны ма? Перзенттік парызын, перзенттік қарызын өтемесе өтемей-ақ қойсын, бірақ ата-анасын құса қылып қоюға қалай дәті барады балаларының? Аялаудың орнына айуандық жасайтыны қалай? Мұндай қаныпезер ұрпақ елдің ертеңін, кемел келешекті ойлайды дейсіз бе? Ойламайды. Олар жамандыққа жақын тұрады. Ата-анасын аямағандар елін де, жерін де сатып жібереді. Олар ештеңеден тартынбайды. Жасқанбайды. Жақында ғана Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан ұлт бірлігіне қауіп төндіретін мәселелерге байланысты пікір бөліскен еді. Халық қалаулысы да ата-анасын қадірлемегендерден қайырым күтпеу керек деген ойды алға тартып, олар елдің бірлігі мен тұтастығына сына қағатынын айтады. «Террорлық ұйымдарға, радикалдық ағымдарға кіріп кеткен адамдарды қарасақ... әке мен шешені сыйлап көрмеген адамдар», дейді. Көрдіңіз бе, олар ата-анасын құрмет тұтып, қадірлеу былай тұрсын, халыққа қарсы шығып, айрандай ұйыған өміріміздің шырқын бұзып, бірлігіміз бен тұтастығымызға қауіп төндіреді. Сондықтан, мұндай қауіпке қарсы тұра алатын бір-ақ нәрсе бар. «Бұл – біздің ғасырлар бойы қалыптасқан, атаның күші, ананың сүтімен келген ұлттық дәстүріміз», деген ой айтады Бекболат Тілеухан. Осындай құлаққа кіретін бәтуалы сөзді ел ағалары жиі-жиі айтса, дұрыс болар еді. Мүмкін ата-анасының қа­дірін білмейтіндер мен оларды құрмет­темейтіндердің санасына сәуле түсер. Әке-шешесіне қарайласуға, жылы сөзін айтуға шамасы жетпей жүргендер мен ата-анасын қарттар үйіне тапсыруға асық­қандар ойланар, бәлкім. Перзент парызы – қастерлі, қасиетті ұғым. Осыны бір сәтке де ұмытпағанымыз абзал. Әке-шешесін қарттар үйіне тапсы­ра­тын­дарға «тәйт» деп жатқанда, енді қарттар балабақшасы деген шықты. Алдымен Маңғыстау облысында ашылып еді, енді осындай балабақша Алматыда да ашылыпты. Ниет дұрыс, зейнет жасына жеткен аталарымыз бен әжелерімізді қамқорлыққа алып, олардың уақтылы ас-су ішіп, бір-бірімен шүйіркелесіп, уақыттарын мәнді өткізу мақсатындағы талпыныс екені анық. Бірақ, атауы дұрыс емес. Балабақша аты айтып тұрғандай, балалар үшін. Сондықтан, қарттар орталығы немесе қарттардың демалыс орталығы деген дұрыс шығар. Немере-шөберелері «Ата-әже, бізбен бірге балабақшаға барасыздар ма?» деп тұрса қалай болады? Күлкілі емес пе? Тағы бір ақиқат – біздің ұлт перзенттері әке-шешесін қарттар балабақшасына жа­па-­тармағай бере қоюы екіталай. Өйткені, бұл біздің ұлттық менталитетімізбен үйле­се қоймайды. Ата-анамыздың немере-шө­бере­сінің қасында қарайып отырғанын қалаймыз ғой. Келісесіз бе, ағайын? Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»