20 Қаңтар, 2017

Екі мың теңге

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қайбір күні екі-үш ауданды аралап, Таразға кештетіп жеттім. Көлігімді жуатын орынға қойдым да, кілтті көлік жуушы жігітке ұстатып, асығып мешітке қарай жүгірдім. Мешіттен шыққаннан кейін ауладағы діни кітаптар сататын шағын дүңгіршектің қасынан өтіп бара жатып, бір кітапқа көзім түсті. Қайрат Жолдыбайұлының кітабы. Негізі осы жігіттің жазғандары, ойлары, пайымдары ұнайды. Содан ішке кіріп бағасын сұрадым. 1400 теңге тұрады екен. Тағы мұсылманша күнтізбе алдым. Одан сатушы жігіттің майдасы болмай, тағы бір заттарды қосып, тура екі мың теңгеге сауда жасадым. Пендеміз ғой... Үй тола кітап. Оқып жатқаным да шамалы... «Екі мың теңгеге одан да көлігіме бензин құйған да болар ма еді, әлде үйдегі бала-шағаға бірнәрсе алған да болар ма еді?» деген де ой келді. Сол заматта-ақ «Бұл кітаптарды кейін аламын» деп, сатушыдан ақшамды қайтарып алғым да келді ме?!. Әйтеуір әрі-сәрі боп тұрып қалғаным рас. Бірақ ұялдым. Сонымен кітаптарды құшақтап, көлігіме келсем, жігіттер айнадай жарқыратып аулаға шығарып қойыпты. Кілтті алып жатсам, көлік жуған жігіт «Аға, салоннан мынаны тауып алдым» деп, қолыма екі мың теңге ұстатады. – Тауып алғаны қалай? – Орындығыңыздың жанында қыстырулы тұр екен. Сол кезде есіме түсті. Алыс ауданнан келе жатып, жол-жөнекей қол көтерген үш жігітті ала кеткен болатынмын. Танысып, жап-жақсы әңгімелесіп келдік. Қалаға келген соң олар осы теңгені ұзатқан. – Жігіттер, жол қысқарып, жақ­сы әңгімелесіп келдік. Ақша­ларыңа рахмет,  – деп, қолдарын қайтарғанмын. Сөйтсем жүк салғыш­тан сөмкелерін алып беріп жат­қанда ол жігіттер ақшаны орын­дықтың жанына қыстырып кеткен екен ғой. «Ой, Алла-ай!» деп, әлгіндегі пендешілік қылығыма қатты қысылдым. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»