Халықтың тарихи жады ең бір қимас ұл-қызын ешқашан санасынан өшірмейді екен. Тіпті есімдерін ауызға алуға, тілдің үстіне салуға тыйым болса да ол әлдебір аңыз-әфсанаға, жырға айналып, немесе ертегідей ауыздан-ауызға хатқа түспестен-ақ тарай береді.
Кейкі батыр есімі Торғай табанының жұртында осылай өшпей келді. Ол – батырлықтың, мәрттіктің, қайсарлық пен жүрекжұтқан көзсіз ерліктің үлгісі болатын. Кейкіден басталып, Амангелді, Шолақтың Оспанымен өріліп, Доғал, Татыр шайқастары, Ақшығанақта болған ұрысты айта келіп, Әбдіғапар мен Ахаң-Жахаңдардың сыйлас болғаны, Амангелді сардар мен Төкенің ұлдарының өліміне құн сұрау сынды 1916 жылғы патша жарлығына қарсы шыққанда болған оқиғалар қариялар аузынан ертегі аңыздардай шертілетін. Бара-бара тірі тарих куәләрі арадан кетіп, енді соларды көрген адамдардың өзі азайған шақта, көтерілістің 100 жылдығы қарсаңында, былтыр күзде «Өр Торғай – ерлік мекені» атты экспедиция Астанадағы «Бәйтеректің» түбінен аттанып, арада ғасыр өткенде сол бір ел тарихындағы елеулі оқиғаның ізімен жүріп өтпекші болған. Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарының аумағында 2 жарым мың шақырымды артқа тастап, тағылым мен өрлікке толы бабалар ізін жаңғыртқан экспедиция жұмысы өте бір мазмұнды да, мағыналы болғанын айтқан жөн. Әрбір басталған игілікті істің соңғы нүктесінің де қойылатыны аян.
Астанадағы «Marriott» қонақ үйінде «Torgay expedition» тобының «Өр Торғай – ерлік мекені» атты жасақталған экспедициясының мүшелері жиналып, былтыр күз жүріп өткен жолда жинақталған материалдар топтасқан кітаптың тұсаукесерін өткізді.
Рәсімде аймақтың шежіресін көкірегіне тоқыған, табанын тоздырып кезінде көзкөргендерден сыр сауып, зердесіне тоқыған азамат Шөптібай Бәйділдин сөз алып, ғылыми айналымға түспеген, ел аузында аңыз болып өрілген әңгімелерді ортаға салса, тарих ғылымдарының кандидаты Құрманғали Дәркенов архив деректеріне сүйене отыра біраз мағлұматтарды алға тартты. Мәселен, Торғайдағы көтеріліске қатысты 8000 дерек барлығын, соның 2000 құжаты тек Амангелді батырға қатыстылығын айтты.
«Мен істедім дегенше, ел істеді десейші» дегендей осы жұмысқа қолдау көрсетіп, уақытпен санаспай, аянбаған Нұрдәулет Әкімжанов, Нұрлан Сапаров, Мирас Тәжитдинов, Сәбит Шақаев, Абылай Медеубаев, Біржан Мешелов, Абылай Мауданов, Мирдос Әлімжановқа және тарихтың тамыршыларындай –Шөптібай Бәйділдин, Құлсейіт Туғанбай, Құрманғали Дәркеновтерге алғыстарын айтты.
2 жарым мың шақырым бойында өрелі іс атқарып, Әбдіғапар хан мерт болған Зәуре қопасы мен Кейкі туған Байтұма қонысына ескерткіш қойылған. Осы жерде «Адам туған топыраққа тартып туады» деген рас шығар, Байтұмада ескерткіш белгі қою оңайға соқпапты. Кейкі туған топыраққа қазық қағайын десе күрек батпай, білектей бұрғы да сыныпты. «Ол сірә тағдыры да, қайсарлығы да, кектілігі мен тектілігі де осы топыраққа тартып туғаннан болар», дейді кітап авторы Абылай Мауданов.
Шара барысында экспедиция жұмысынан жедел ақпарат жіберіп, ол «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі арқылы 5 тілге тарауына үлес қосқан журналист Бақытжол Кәкеш алған әсерімен бөліссе, кішкентай күнінен өлкенің тағылымды тарихын тыңдап, қариялардың жазбаларын хаттауға көмектескен журналист Азамат Есенжолдың сөзінен көңіл аударарлық әңгімелердің мол екені аңғарылды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»