2017 жылғы қысқы Универсиада қарсаңында Алматыда қосымша тағы 300-ден аса ақпараттық-көрсету жол белгісі орнатылды. Универсиада дирекциясы хабарлап отырғандай, спорттық нысандар мен осы нысандарға дейін жүретін көлік қозғалысының бағыты туралы жеке жобалау белгілеріндегі ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде көрсетілген.
Жол белгілерінің дизайнында жарыстардың бекітілген логотипі және өткізілетін жарыс түрлеріне сәйкес спорттық нысандардың пиктограммалары бейнеленген. Жол бағытын көрсететін белгілер спорттық ғимараттарға, көлік инфрақұрылым нысандарына (темір жол вокзалдары және «Алматы» халықаралық әуежайы), демалу орындарына, сондай-ақ, Универсиада спортшылары мен қонақтары жайғасатын орындарға дейін жеткізетін оңтайлы жолсапар бағыттарында орналастырылған.
Сондай-ақ, навигация жүйесіне №4 қалалық клиникалық емхана, №7 қалалық клиникалық емхана, жедел жәрдем көрсету емханасы және орталық қалалық клиникалық емхана секілді Алматының медициналық мекемелері енгізіліп, ғимараттардың қасбеті Универсиада-2017 нышанында безендірілді.
Болжамға сәйкес, Универсиада қатысушыларының 90 пайызы тікелей рейспен Алматының халықаралық әуежайына ұшып келмек. Студенттік ойындардың қонақтарына жол көрсету үшін әуе айлағының ғимаратында ақпараттық үстелдер қойылған, онда жалпы көлік қызметі, ұшып келу және аттану кезіндегі тасымалдау кестесі, Универсиада ресми көлігінің қозғалыс бағыты туралы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ, мұндай үстелдер «Алматы-1», «Алматы-2» темір жол вокзалдарында да қызмет жасамақ.
Сонымен қатар, Атлеттер ауылына апаратын жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Алматы Арена» спорт кешенінің оңтүстігінде Б.Момышұлы көшесі бойында бағдаршам орнатылды. Ал «Алматы Арена» спорт кешенінің солтүстігінде бос орындардың бар-жоқтығын көрсететін электрондық табломен жабдықталған қосымша көлік тұрағы орналасқан.
Қайрат ЖҮНІСҰЛЫ