Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ миссиясының үйлестірушісі, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушылар делегациясының жетекшісі Тонино Пицуламен кездесті.
Кездесуде Қ.Саудабаев ЕҚЫҰ ПА мүше мемлекеттердің арасындағы қарқынды дамып келе жатқан өзара түсіністік пен ынтымақтастықты айта келіп, өткен жылғы ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы кезінде еліміздің бастамаларына барынша қолдау көрсеткені үшін және екі жақты мүдделі байланыс орнатуға жәрдемдескені үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде Т.Пицула былтырғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы табысты болғанын, алда келе жатқан кезектен тыс президенттік сайлаудың да тиісті деңгейде өтетініне сенімді екенін айтты. Сонымен бірге, мейман президенттіктен үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстарына тоқталып, олардың сайлауға дайындығына, халық арасында сайлау науқанын ашық және мөлдір өткізіп жатқанына жоғары баға берді.
Осы ретте Қ.Саудабаев мейманды президенттік сайлауға дайындық барысымен таныстырып, оның халықаралық талаптарға сай ашық, әділ түрде өтетініне сенімі зор екенін білдірді.
Дастан КЕНЖАЛИН.