20 Қаңтар, 2017

Жанболат Аупбаев. Рузи Иран

588 рет
көрсетілді
46 мин
оқу үшін
Сыртқы істер министрлігінен хабар алдық. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және өзіміздің Қазақстаннан жасақталған журналистер корпусы құрамында Иран Ислам Республикасына жолымыз түсетін болыпты. Бұл бас­пасөз турын ұйымдастырушы «Fars News» ақпараттық агенттігі екен. Мақсаты – мемлекеттілігіне 2545 жыл толған, сол уақыт аралығынан бері әлемдік өр­ке­ниетке өзіндік үлесін қоса білген ел­дің бүгінгі өмірін өзі дос көретін шет жұрт өкілдеріне таныстырып көрсету, сол арқылы жанашыр мем­лекеттермен мәдени-рухани саладағы байланыстарды кеңінен дамытуға ұмтылу. «Жақсы ой, ізгі ниет, дұрыс шешім екен», – дедік іштей. Сөйттік те, белгіленген күн, белгіленген сағатта республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының шеф-редакторы Бейнегүл Абауова мен «Хабар» агенттігіндегі «24 KZ» жаңалықтар бағдарламасының тілшісі Назерке Сұлтанқұлова және операторлар Қуаныш Әбуов пен Серік Қоңырбаев бәріміз Алматыдан Тегеранға ұштық. кадрИран астанасындағы имам Хомейни әуежайына жетіп, одан қала ортасындағы «Asareh» қонақ үйіне келіп орналасқаннан кейін «Fars News» орталығындағы жүздесу басталды. Бұл Ирандағы тұңғыш тәуелсіз агенттік екен. 2002 жылы ақ­пан­да негізін қалаған ол дүниежүзі мен өз еліндегі әлеуметтік-саяси және экономикалық оқиғалардың барлық қырларын кеңінен көрсету мақсатына қызмет ететін ақпарат мекемесі болып шықты. Қазіргі кезде өзіміз сөз етіп отырған ұжым интернеттің төрт түрлі сайты нұсқаларынан орын алып, хабарларын парсы, ағылшын, түрік және араб тілдерінде таратып келеді. «Ал сайтқа оқырмандардың кіруі жөніндегі көрсеткіш бойынша «Fars News» Иранда бірінші орын алады», – деді осы ведомствоның бас директоры Сеид Незомолдин Мусави. Ол бұдан кейін агенттіктің халық­ара­лық бөлімі жұмысына тоқталды. Ондағы мамандар өз оқырмандарын мейлінше толыққанды және нанымды мәліметтермен қамтамасыз етіп тұру мақсатында маңызды аймақтық және халықаралық оқиғалар туралы ақпарларды толассыз беріп тұрады екен. Осының нәтижесінде «Fars News» сайтын пайдаланушылар саны соңғы кез­дері өте жақсы өсу деңгейіне ие бол­ған. Аталмыш бөлім сондай-ақ өз оқыр­мандарын Азия елдерінің, соның ішінде Орталық, Шығыс Азия, Кавказ мем­лекеттерінің, Африканың, Америка мен Еуропаның, бұған қоса Океания мен Үнді субконтинентінің елді елең ет­кі­зетін жақсы жаңалықтарымен шұғыл та­ныстырып тұруды өз жұмыстарының өзегі санайды. Өмірге келген 15 жылдың ішінде агенттік жұртқа қажетті деген ақпарларды жедел де кеңінен бере алатындығымен ерекшелене отырып, тек Иран БАҚ-тары арасында ғана емес, сонымен бірге, халықаралық ба­сы­лым­дардың да қажетті хабарлар алатын кө­зі­не айналып үлгерген. «Fars News» агенттігі 2010 жы­лы Иран­ның Мешхед қаласында өзі­нің ай­мақ­тық өкілдігін құрыпты. «Бас­тап­қыда ол оқырмандарды тек елдің шы­ғысы мен солтүстік шығысында болып жатқан оқиғалармен ғана таныстырып тұрған, – дейді бас директордан кейін сөз алған оның зерттеу және ақпараттық мәселелер жөніндегі орынбасары Саид Ясир Джебралили. – Кейін бөлімше ре­дак­­­циясының қамтитын аумағы ке­ңи түсіп, оның аясына Орталық Азия мен Ауғанстан, Пәкістан кірді. Осы­ған бай­ланысты әлемнің сөз етіп отыр­ған бұл жерлерінен түрлі хабар­ларды жедел беріп тұру жолға қойыл­ды. Қазіргі таң­да агенттіктің Мешхедтегі аймақтық бө­лімшесінің өкіл­діктері Душанбе, Ашхабад, Кабул, Исламабад, Бішкек жә­не Ташкент қалаларында да жұмыс істейді». Өзіміз сөз етіп отырған ақпарат ме­кемесінде 150 адам еңбек етеді екен. Олар отырған офисті аралап көрдік. Компьютер клавишін басқан, телефон құлағын көтерген, монитор экрандарындағы бейнежазбаларды көшіріп жатқан қайнаған қызу тірлік. «24 сағат бойы осындай еңбек ырғағы – дейді модератор. – Мұнда әлемнің әр түкпірінен күндіз-түні ағылған ақпараттар қабылданып алынады. Сұрыпталады. Өңделеді. Сосын телерадионың жаңалықтар лентасына қойылып, газеттерге беріледі және бізбен келісімшартқа отырған басқа БАҚ-тарға жөнелтіледі». Әңгіме иесінің бұдан кейінгі сөзінен ұққанымыз, агенттік қыз­мет­керлері кестелік ауысыммен жеті күн қатарынан жұмыс істейді екен. Біз­де­гі­дей сенбі, жексенбіде демалу жоқ. Заман талабынан қалмау, уақытпен санаспай еңбек ету деген міне, осы-ау шіркін! Азади«Fars News»-тегі кездесуден соң ТМД-ның 4 елінен келген журналис­тер қауымына жауапты әрі аудармашы Хайреддин Хосими бізді Тегерандағы ең биік ғимарат – Милад телемұнарасын кө­руге баратынымыздан хабардар етті. Ұл­ты тәжік ол 1977 жылы Душанбе мем­лекеттік университетінің шығыс тіл­де­рі факультетін бітіріпті. Тілмаш, тәр­жі­­мешілік қызметті кеңес әскерлерінің Ау­ған­стандағы 1979-1988 жылдары тұрған шек­теулі контингенті кезінде бастаған екен. Содан еліне оралып, бейбіт өмірге енді кірісе бергенде Тәжікстандағы азамат соғысы басталады да 1995 жылға дейін дала командирлері мен жергілікті би­лік өкілдері арасындағы араағайын то­бы­ның мүшесі болады. «Ал 1998 жылдан бер­гі өмірім осы Иранмен тығыз байланыс­ты болып келеді, – деді ол автобус ішін­де­гі әңгімеде. – Негізгі жұмыс орным Мешхедтегі «Fars News» агенттігінің аймақтық бөлімшесінде. Басшыларымыз қажет кезде Ресей, Кавказ, Орталық Азиядан келген сіздер секілді делегация өкілдеріне жолбасшы болып, аудармашылық қызмет көрсету үшін Тегеранға шақырып алады». Осылай әңгіме-дүкен құрып отыр­ға­нымызда Милад телемұнарасына кел­дік деген хабар да естілді. Оны кейде Бордж-е Милад деп те атайды екен. Бұл өмір­ге келу, дүние есігін ашып, өсіп-өр­кендеу деген мағынаны білдіреді. Те­геран муниципалитетінің тапсырысымен 1997 жылы басталып, 2007 жылы аяқ­талған ғажайып кешеннің биіктігі 435 метр болып шықты. Гидтің айтуынша, күні кешеге дейін ол әлемдегі алып та асқақ телемұнаралар арасында 5-ші орын­ды иемденіп келіпті. Таяуда ғана Токиодағы 634 метрлік Аспан ағашы, Гуанчжоудағы 600 метрлік Шолу алаңы, Торонтодағы 553 метрлік Си-Эн-Тауер, Мәскеудегі 540 метрлік Останкино, Шанхайдағы 468 метрлік Шығыс інжуі секілді ғажайыптардан кейін бір саты кейін сырғып, 6-шы орынға түсіпті. Көрнекі құрал ретінде қойылған диаграммада одан соң Куала Лумпурдағы 421 метрлік Менера кешені тұр. «Әр кәллада бір қиял», – дегендей осы арада Нұртөре екеуміздің ойымызға өзіміздің Алатау баурайындағы Алматы телемұнарасының сап ете түспесі бар емес пе?! «Өз уақытында дүниежүзі бойынша алғашқы ондықтың ортасынан ойып орын алған «отандасымыз» қазір қай деңгейде екен?» – дейміз бір-бірімізге күбірлеп. Сөйтсек, 1983 жылы бой көтерген 371,5 метрлік қазақстандық архитектураның өз кезіндегі озық үлгісі қазірше ХХІ ға­сыр­дағы ғажайыптармен иық тіресе 14-ші орында тұр екен. «Бәрекелді!» – дедік сүй­­­­сініп. Өйткені, әлемде жоғарыдағыдай ас­­панмен таласқан 45 нысан бар десек, солардың ішінен мұндай дәрежеден табы­лу жаман емес. Біздің Көктөбедегі осы Алматы телемұнарасынан кейін Рига, Бер­лин, Санкт-Петербург кешендері көзге шалынады. Салыстыру ретінде айта кетейік, Париждегі атақты Эйфель мұ­нарасы бар емес пе? Соның өзі қазіргі фан­тастикалық кейіптегі супроматикалық сәу­лет үлгілеріне ілесе алмай, 30-шы орынға тү­сіп қалыпты. Гидтің сөзіне қарағанда, Милад ғи­ма­раты елдегі коммуникация көзі – телеви­де­ние, радио, электрониканы кешенді түр­де байланыстыратын заманауи орталық екен. Бұл ғажайып құрылыстың іргетасын сәу­летші Мұхаммед Реза Хафези сегіз бұ­рыш­тан тұратын дәстүрлі парсы архитектурасы негізінде қалап, оны ХХІ ғасыр құрылысына тән стильмен қабыстыра білген. Соның нәтижесінде ғимаратқа бәрі: түрлі салада келіссөздер жүргізетін конференц-зал, халықаралық бизнес орта­лығы, туристерге арналған кеңістіктегі шолу алаңы және ІТ офисі түгел сыйып тұр. Бұған 276 метр биіктікте орналасып, бүкіл Тегеранды көз алдыға әкелетін айналмалы мейрамхананы қосыңыз. Бәрі де жарасымды. Бәрі де әсем әрі әдемі. Тоқетерін айтқанда,бізге бұл жер мынау мазасыз ғасырдағы у-шудан ада көк жүзіндегі тыныш та таза кеңістік нүктесі болып көрінді. Осы күні кешке жақын біз «Owj organization of media arts» («Үкіметтік емес медиаөнер ұйымы») атты агенттікке де соғып, ондағы шығармашылық ұжым жұмысымен таныстық. Ұққанымыз – бұл мекеме Тегерандағы талантты суретші, режиссерлер мен ерекше қабілетке ие сценарист, дизайнерлердің басын қосып, шағын метражды кино, деректі ленталар мен көркемсуретті фильм, фотоальбомдар және жарнамалық сипаттағы телероликтер шығарады екен. «Қазақстанның табиғаты бізді өзінің қайталанбас сұлу ерек­шеліктерімен таңғалдырады. Тап­сырыс болса, Астанада өтетін ЭКСПО-2017-ге арнап танымдық кино жасап берер едік», – деді кез­десуді жүргізіп отырған моде­ратор сөз арасында. Офистің көрме залын­да  агенттіктің шы­ғарған кітаптары, әр жанрда тү­сірген фильмдері мен өтімді идея­ларды жүзеге асыруға ұйытқы болған тақырыптық шаралардан көз тұнады. Оларды көргенде мұның бәрін бұлардың өздері ғана өмірге әкелмегенін, қажет жағдайда қызық, тартымды жобаларды қаржы жағынан қолдап, жетістікке сондай жолдармен ортақтаса жетіп отыратынын аңғарғандай болдық. Бұл өзіміз сөз етіп отырған мекеменің студия залындағы Мұхаммед пай­ғамбар туралы фильмнің қалай тү­сі­рілгендігі туралы жанкешті жұ­мыс­ты сипаттаған деректі лентаны көргеннен кейін туған ой еді. Ал «Owj organization of media arts» сарапшыларының айтуы бойынша «Пайғамбар» картинасы расулдың өмірі туралы трилогияның бірінші бөлігі болып табылады дейді. Ол салаллаху ғалейхи уасаламның 12 жасқа дейінгі балалық шағын суреттейді. Фильмде сонымен қатар қасиетті Ислам дінінің пайда болуы тарихи кезеңінің Батыс әлемі үшін оншалықты та­ныс емес беймәлім тұстары да барынша ашылып, айшықталып көрсетіледі. Аталмыш лентаны жасау жолында әлем­дік деңгейдегі режиссер Маджид Маджиди бас­таған халықаралық шығармашылық топ көп еңбек сіңірген. Олар картинаны тү­сіруге кіріспес бұрын тақырыпты терең меңгере түсу мақсатында өте ауқымды зерт­теу жұмыстарын жүргізіп, Таяу Шы­ғыстағы Ливан, Ирак пен Солтүстік Африкадағы Марокко, Алжир, Тунис ел­де­­рінде сақталған әлденеше ондаған тари­хи мәтіндерді мұқият сүзіп шыққан. Фильмнің сценарийін дайындауды 2007 жылы қолға алған режиссер оның тек қара жұмысқа қажет нұсқасын дайындаудың өзіне ғана екі жылға жуық уақытын жұмсапты. Кинолентаның негізгі түсірілімі Теге­ран­нан 55 шақырым жердегі ландшафты ежелгі Мекке мен Мединенің табиғатына ұқсайтын аумақта жүргізілген. Осы үшін бұл маңда «Нұр» деп аталатын арнайы декоративтік қалашық та салынған. Көріністің тағы бір бөліктері Дешт-Лут шөлі мен Парсы шығанағы жағалауында, сондай-ақ, Оңтүстік Африка Республикасы елінде жүзеге асыпты. Түсірілім процесіне қажет қызмет адамдары мен сценарий тобын, сондай-ақ, режиссерлерді қоспағанда, картинаға 500-ден астам актер тартылған. Лентаны дайындауға шақырылған мамандар қатары да біраз мемлекеттің басын біріктіреді. Олардың арасында үш фильмі «Оскар» сыйлығын алған әйгілі итальян кинооператоры Витторио Стораро, монтаждаушы Роберто Перпиньяни, арнайы эффектілер жасаушы Скотт Андерсо, композитор Алла Ракха Рахман, суретші-қоюшы Мохсен Шах Эбрахими бар. Картина нақтылы тарихи деректер негізінде түсірілген. Ол VII ғасырдағы Арабия түбегінде болған оқиғаларды баяндайды. Фильмнің тарихи діңгегі адамзатқа Мұхаммед пайғамбар әкелген моральдық және адамгершілік құндылықтар туралы сыр шертудің іргетасы болып табылады. Неге десеңіз салаллаху ғалейхи уасалам санаға сіңірген сол асыл қасиеттер – қайырымдылық, мейірімділік, жомарттық, ұлағаттылық, тағаттылық пен адам баласын ізгі сезіммен құрметтеушілік кез келген халықтың барлық уақыттардағы ізгі ниеті болып келеді. Бұл кино «Шетел тіліндегі ең үздік көркем фильм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығына ұсынылыпты. Лентаның аталып отырған саладағы жетістігі өте жоғары екені даусыз шығар. Де­ген­мен, оның ең басты құндылығы, сірә, бүгінгі таңда адамзат қоғамы ерекше ділгір болып отырған рухани өмірге нәр берерлік қуатты серпінде болса керек. Шындықтың шырайын шығара жет­кі­зе алатын бұл фильм, әсіресе, Ислам ді­ніне деген көзқарас пен пікірлердің сан алуан­­дығы кең өріс алып, жақсылық пен жа­мандық көп жағдайда қатар бәсекеге тү­сіп жатқан мына мазасыз заманда жұрт­тың ненің не екенін дұрыс айыра білулері үшін ерекше қажет те өте керек болып тұр. Милад* * * – Бүгінгі саяхатымызды осы қаладағы имам Хомейни тұрған үйді көруден бастаймыз, – деді жолбасшымыз таңертеңгілік шайды ішіп отырғанымызда. – 1979 жылға дейін аятолла Парижде эмиграция­да болатын. Шах режімі құлатылған соң Тегеранға келіп, осындағы училищенің оқытушылар үйінде тұрды. Содан соң Кум қаласына қоныс аударған-тын. 1981 жылғы жүрек талмасынан кейін дәрігерлер аятолланы білікті медицина мамандары мол астанада тұрмаса болмайды деп шешкен. – Сонда біздің баратынымыз қай үй? Имамның училищедегі баспанасы ма, жоқ әлде... – Кум қаласынан келгеннен кейінгі орын тепкен мекені. ...Шаһардың солтүстігіне қарай беттеп келеміз. Жүре-жүре тау бөктеріндегі Джамаран деп аталатын махаллаға жеттік. Бұл кедейлер тұрып, тіршілік ететін орам екен. Көшелері өте тар. Ары қарай автобус бара алмайтынын біліп, жаяу тарттық. Есімізге 80-жылдардағы жағдай түсті. Ол кезде Кеңес Одағы мен Иран арасындағы қарым-қатынас әрі-сәрі күйде еді. Кінәлі, әрине, КСРО. Астамшыл держава сол уақытта Ауғанстанға әскер кіргізген. Иран бұған наразылық білдірмей тұра алмаған. Бұдан кейін Кеңес елі бір уақыт Ирактың досы бола қалған. Өзімен жеті жыл соғысып жатқан қарсыласын қару-жарақпен қамтамасыз етіп жатқан жұртқа Иранның іші қалай жылысын. Осындай жағдайлар екі елді томаға тұйықтықта ұстап тұрған еді. Сондай кезде, яғни, 1989 жылдың қысында «Правда» газетінде КСРО мен Иран арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне жаңа қадам жасалғаны туралы хабар жылт ете түспесі бар ма?! Онда: «Орта Шығыс елдеріне сапары барысында Кеңес Одағының Сыртқы істер министрі Э.А.Шеварднадзе Иранға келді. Ресми қабылдаулардан кейін осы елдің рухани жетекшісі имам Хомейниге келіп жүздесті», – деген сөйлемдер бар болатын. «Сол осы жер емес пе екен? – дейміз іштей. – Олай болған күннің өзінде үлкен елдің үлкен ведомство басшысы анау төменнен мына беткейге дейін жаяу жүріп келді дегенге кім сенеді? Оны көрген-білген біреу бар ма қазір?». Міне, осындай ойлармен қам кірпіштен соғылған көзге қораш дуал жанына келіп тоқтадық. Бұл Хасан шахид көшесі деп аталатын мүйістегі аятолла Хомейни тұрған үй маңайы екен. Қақпаны Ахмад Фаллах Мехрдерджи атты адам ашты. Оны имамның бұрынғы күзетшілерінің бірі деп таныстырды бізді ертіп жүрген кісілер. Аула ішіне зер сала қараудамыз. Оң жақта бар-жоғы екі бөлмелік кішкентай үй көрінеді де, сол жақта осы баспана есігінен шыға сала бірден мешітке өтіп кететін шағын аспалы жол тұр. Құжыраның өте тар екендігіне байланысты бәріміз ішке кіре алмадық. Баспана жағдайын тек терезеден ғана көріп, танысуға мүмкіндік алдық. Бөлме іші тым жұпыны. Еденде көнетоз сұр кілем жатыр. Сол жақ бұрыштағы әйнекті шкафта оншақты кітап көрінеді. Ал оң жақта шағын диван тұр. Содан соң... иә, содан соң... Біздің көзімізге түсіп, ойландырғаны төрдегі қабырғада сүйеулі тұрған екі майлы бояулы сурет болды. Біреуі басына жұқа сәлде ораған жас бала бейнесіндегі рәсім де, екіншісі жүзім өсіруші бағбан ба, сондай портрет. Аудармашы бұларды имам Париждегі эмиграциядан Тегеранға қайтқанда өзімен бірге алып келген екен деп түсіндірді. 12 шаршы метрлік шағын бөлмедегі бар нәрсе міне, осы. Басқа ештеңе жоқ. Баспалдаққа бұрыла бере күзетшіні сөзге тарттық. Ахмад Фаллах Мехрдерджи­дің айтуына қарағанда аятолла Хомейни дәрігерлердің талап етуімен Кумнан Тегеранға келер алдында Үкімет адамдарына мына жағдайды ескертеді. Ол мемлекет меншігіндегі керемет коттедж немесе бай жиһазға толы пәтерге тұрудан бас тартқан ұйғарым еді. «Маған, – дейді имам, – шенеуніктер емес, қарапайым халық тұратын ауданнан, сондағы мешіті іргелес жерден үй іздеңдер. Жалға алынатын ол баспана өте қарапайым болсын. Ақшасын өзім төлеймін». Сол, міне, осы мекенжай екен. Қожайынына ай сайынғы 15 доллар ақысын беріп, зайыбы екеуі барға қанағат деген тақуалық ұғыммен тірлік кешкен имам мұнда өмірінің соңына дейін тұрыпты. – Үй де, аула да, барлығы оның көзі тірі кезіндегідей сақталып тұр, – деді әңгімеге араласқан күзетші. – Бірде ол кісі намаз оқитын мешітті ретке келтірейік деп оны әрлеп, сырлай бастағанбыз. Имам мұны көріп қалып: «Немене, қаладағы барлық мешіттердің қабырғалары осылай жаңартылып жатыр ма? Қойыңдар мұны. Одан да іргедегі мына қарапайым халықтың құлағалы тұрған құжыраларын жөндесеңдерші», – деді. Имамның мына сөзінен кейін жұмысты дереу тоқтата қойдық. Байқайсыздар ма, міне, содан бері мына мешіт жартылай сырланған күйі әлі тұр. – 1989 жылы Иранға ресми сапармен келген КСРО Сыртқы істер министрі Эдуард Шеварднадзені имам осында қабылдады ма? – деп сұрадық келесі кезекте мұражай-үй шырақшысынан. – Иә, – деді ол. – Кездесу осы жерде болды. Елшілік ЗИЛ-і тар көшеден өте алмағаны есімізде. Сол себепті көлік көшенің анау басында қалып қойды. Ал одан түскен қонақтар болса, төменнен мынау төбеге дейінгі жолды жаяу жүріп отырып келген. – Хомейниге берілген хат... Ол не, қандай құжат еді? Қазір оны білетіндер бар ма? – Біріншіден, – деді осы кезде сөзге араласқан Хайреддин Хосими, – Кеңес Одағы Сыртқы істер министрінің мұнда әкелгені хат емес-тін. КСРО басшысының жауабы еді. Екіншіден, ол сапардың мән-жайы Эдуард Шеварднадзенің мемуарында анық айтылған. Қазір бесін уақыты ғой. Біз мына мешітке кіріп намаз оқып шыққанша, көмекшім Айдари сіздерді анау бөлмедегі Wi-Fi арқылы естелік кітап­та­ғы деректі тауып береді. Соны оқып, отыра тұрыңыздар. Айтқандай-ақ, Э.Шеварднадзенің 2011 жылы Мәскеуде жарық көрген мемуары интернеттен тез табылды. Ондағы баяндалған жайға қарасақ, мәселе былай екен. 1989 жылғы қаңтарда имам Хомейни Кремль басшысына хат жазады. Философиялық мәнге ие бұл құжатта қайта құру авторына коммунизмнен бас тарту қажеттігін, бұл реформатор оның қолынан келетінін айтады. Сөйтеді де, оны қазіргі дүние мен о дүние туралы ой бөлісуге шақырады. Коммунист, атеист М.Горбачев мұны түсінбейді. Догмаға ғана жүгінген, философияны болмыспен байланыстыра білмеген ол имамға «елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты қайта қалпына келтірейік, өңірлік байланыстарды дамытып, жандандырайық» деген сипатта жауап береді де оны тапсыруды Орта Шығыс турнесіне аттанған Э.Шеварднадзеге жүктейді. Оны куәгер өз мемуарында былай деп баяндапты: «Иранға келгеннен кейін осы елдің Сыртқы істер министрі Валаяти маған имамның кездесуге дайын екенін айтты. Өзінің көңіл-күйінің болмауына және дәрігерлердің ақыл-кеңесіне байланысты Хомейни бұған дейін шетелдіктерден ешкімді қабылдамаған және әңгімелеспеген екен. Жүздесуді ұйымдастыруға жауапты ресми адамдар маған бұл мүмкіндікті КСРО секілді ұлы державаның Сыртқы істер министріне көрсетілген құрмет деп түсіндірді. Ақпан айының басы еді. Қар жауып тұрды. Имамның үйі қала шетіндегі таудың биік беткейінде екен. Пәтердің кіреберісінде мешіттегідей аяқ киімді шешу керек болды. Мен қасымдағы адамдардың айтқанын істеп, олардың өздері сияқты шұлықпен ғана қалдым. Бұл маған аздап қолайсыздық туғызды. Дипломатиялық әдепке сай киінген, бірақ аяқ киімсіз ресми кейіптегі адамды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ыңғайсыз-ақ. Имамды үнсіз күтіп отырып, үй ішіне көз жүгірттік. Тақуалық тұрмыс. Бұдан өмірдің мәнін ұғынуға баса мән берілетіні көрініп тұрды. Осылай 15 минуттай отырдық. Бір уақытта бөлмедегі адамдар қозғалақтай бастады. Көзімізге алдымен имамның баласы көрінді. Маған ерекше ізет білдірген ол Хомейнидің келе жатқанын ишара-ыммен жеткізді. Содан көп кешікпей басында жергілікті дәстүрге сай шағын әрі жұқа қара сәлдесі бар, сұр киімді, әдемі жүзді, ақ сақалды әлжуаздау қарт кісі кірді. Ол амандасып, қарсы алдымыздағы диванға барып отырды да бәрімізге барлай қарады. Уақыт өткізбеуге тырысқан біз алдымыздағы қағаздарымызды ыңғайлауға кірістік. Өйткені, мана имамды тосып отырғанда Валаяти КСРО басшысының жауап хатта не жазғанын 15-20 минуттан асырмай, әңгімелеп бергенім жөн екенін ескертіп айтқан еді. Мен солай еттім де. Имам сөзімді үнсіз тыңдады. Кейде басын изегенін де байқап қалдым. Сонан соң терең ойға беріліп, біраз отырды да былай деді. – Мен Горбачевті ойға жүйрік адам деп естіген едім. Бірақ мына жауапқа қарап, көңілім қалып отыр. Оған жіберген хатымда адамзаттың қазіргі дүниедегі және о дүниедегі орны туралы пайымдарым айтылған-тын. Бірақ... Мен бұл дүниенің проблемалары туралы көп ойлана бермеймін. Біздің қай-қайсымыз да аз да болса о дүние туралы пайымдауды жөн көруіміз керек еді. Осы мәселеге жауап ала алмадым. Дегенмен, хатта екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру деген пікір бар екен. Бұл мәселеге келсек, мен мұны қолдаймын. Ол осы сөздерден кейін орнынан тұрып қоштасты». Э.Шеварднадзе өз естелігінде міне, осылай дейді. Аталмыш кездесуден соң, екі ел арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай жақсарған. Өңірлік байланыс­тар дамып, өз арнасына түскен. ...Мешіттегі түскі намаздан шыққан соң Джамаран махалласын артқа тастап бара жатып, Хасан шаһид көшесіндегі кішкентай үйге қайыра көз салдық. Осында, қалың бұқара халық мекендеген орамда 1989 жылғы 3 маусымда Хомейни қарт дүниеден озыпты. Өзі және зайыбы ғана тұрған шағын құжырада имамнан тәбәрік болатын не қалған дейсіздер ғой. Айтайық: тәспі, жайнамаз және екі-үш ауыз өсиет. Өмірден өтерінде имам өзінің қажет деген ақыл-ойларын халық ағарту ісіне пайдаланып, сол салаға арнауды тапсырыпты. «Мені рухани басшы емес, қызметші деп атаңдар, – деген екен жарықтық отандас­тарына. – Ислам бізді халыққа қызмет етуге, бұқараны әділетсіздіктен қорғауға, кембағалдардың мұң-мұқтажына қарасуға міндеттейді. Мұны жүзеге асыруға көп нәрсенің керегі жоқ. Мен мәселен шахтың озбырлығына қаламымның және бірнеше парақ қағаздың күшімен қарсы шығып күрестім ғой». Сосын дана қарт өзінің аты мен беделіне қарап балалары мен туыстарын билік орындарына қоймауын өтінген. Тақуа ағзам біздің ойымызша осындай адал, асыл адамгершіл қасиеті арқылы артындағы ізбасар ұрпақтарына өзі құрған ислам мемлекетінің имандылық ұйыған үлгісін, барлық діндер мен конфессия адамдарының ортақ моральдық қағидаттар және әлеуметтік-әділеттілік негізінде бірлесуінің ұлы мақсатын қалдырғаны анық. Иә, солай. Саадабат Араш* * * Түске тарта Иран шахтарының сарайлары орналасқан Саадабад кешеніне қарай бет алдық. Тау баурайындағы бұл жер бізге қатты ұнады. Мұндағы резиденциялар ХХ ғасырдың басында салынғанымен, қазіргі заман талабына толық сәйкес келетін керемет мекен-жай болып шықты. Кешен Тегеранның солтүстік жағында орналасқан. Кезінде оның 110 гектар жерді алып жатқан ау­мағында шахтың өзі мен үрім-бұтағына тиесілі 18 сарай болған екен. Бұл күндері олардың көпшілігі халыққа музей ретін­де қызмет атқарып тұр. Кешендегі ең негізгі ғимарат – екі қабатты Ақсарай. Ол былайынша «музей меллад», яғни «ұлт мұражайы» деп аталады. Сарай Пехлеви әулетінен шыққан ең алғашқы билеуші Реза шахтың пәрменімен 1937 жылы салынған. 1942 жылдан бастап мұнда оның ұлы, Пехлевилердің екінші әміршісі Мұхаммед Реза да тұрып, 1979 жылы бү­кіл­­халықтық толқу басталғанда шетелге осы жерден кетуге мәжбүр болған. Жалпы саны 54 бөлмеден тұратын бұл ғимаратта кімдер болмаған десеңізші. 1937-1979 жылдар аралығында Иранға келген мемлекет, үкімет адамдарының мұнда табаны тимегендері некен-саяқ дейді гид. Солардың ішіндегі ең соңғылары 1977 жылы осы елге құрметті қонақ ретінде шақырылған Йордания королі Мәлік Хусейн мен 1978 жылы ресми сапар аясында жолы түскен АҚШ президенті Джимми Картер екен. – Айтпақшы, Сталин де осында болған, – деді экскурсоводтан кейін іле үн қатқан аудармашы Хайреддин Хосими ойланып тұрған Нұртөре екеумізге қарап. – Кеше сіздер 1943 жылғы Тегеран конференциясы болған жерді қалай көреміз деп едіңіздер ғой. Бірден айтайын, ол тарихи кездесу керемет замок немесе атақты қорған, жеке виллада өткізілмеген. Себебі, бұл сол уақыттағы неміс диверсанттары тарапынан өте қауіпті еді. Сондықтан басқосуға КСРО мен Ұлыбритания елшіліктерінің үйлері таңдалған. Оны қайтар жолда сыртынан көресіздер. Ал Сталиннің мұнда келуі... Ол мына жағдайға байланысты болған. Әңгіме иесінің сөзіне қарағанда шах Мұхаммед Реза Пехлеви 1943 жылы 23-24-тегі жас жігіт екен. Конференция күндерінде монарх-билеушінің өз еліне келген үш ұлы держава басшыларын үйіне шақырып, ілтипат көрсетуге ойы кетеді. Осы ниетін білдіргенде Рузвельт дімкәс денсаулығын алға тартып, рахмет айтады. Черчилль жұмысының көп екенін сылтауратып, бас тартады. Сталин: «Иран – үлкен, ежелгі мемлекет. Еліңізді сыйлаймыз. Халқыңызға құрметпен қараймыз. Сондықтан шақыруыңызды қабыл аламын. Бірақ күзет, қауіпсіздік мәселесі біздің жақтан болсын», – дейді. Кеңес Одағының көсемі түскен КСРО елшілігінің үйі мен Саадабад баурайындағы шах тұратын Ақсарайдың арасы 7 шақырымдай жер екен. Міне, сол аралыққа кеңес әскерлері контингентінің күшейтілген күзеті қойылады. Сталин келіп жайғасқаннан кейін дастарқан басында түрлі тақырыптағы әңгімелер бас­талады. Үлкен астан кейінгі шай ішу рәсімі кезінде шах КСРО басшысынан отбасы, балалары туралы сұрайды. «Екі ұл, бір қызым бар, – дейді бұл сауалға қонақ. – Үлкен ер балам соғыс басталғанда майданға аттанған. Қазір неміс тұтқынында. Кіші ұлым – ұшқыш. Ол да майданда». Сонда қалай? – дейді жоғарыдағы сөзді естігеннен соң аң-таң болған шах. – Сіз үлкен мемлекеттің үлкен басшысысыз. Сөйте тұра тұтқында отырған ұлыңызды құтқаруға қолұшын созбауыңыз...». «Жоқ, – деп жауап береді бұған Сталин. – Соғыс ешкімді таңдамайды. Өлтіріп, жұтып, құртып жатыр. Сол қан қасаптың ішінде кімдер жоқ дейсің. Біреудің жалғызы, екіншісінің жан жары... Бәрі-бәрі де бар. Менің балам солардан артық па? Өз қайғымды халық қасіретінен бөліп қарай алмаймын. Соғыс трагедиясы, міне, осында». Хайреддиннің жоғарыдағы әңгіме­сінен кейін Ақсарайды қайтадан аралай бастадық. Байқағанымыз, ол негізі­нен неміс архитектурасы үлгісімен са­лын­ған екен. Бірақ ішкі бөліктері тү­гелдей француздардың ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы ғимараттары нұсқасы бойынша жасалыпты. Сондықтан интерьер заттарының басым бөлігі Парижден әкелінген болып шықты. Десек те, терезе мен баспалдақ және бөлме жиектеріндегі әшекейлер, жиһаздар, кілемдер мен шамдалдар Шығыс әлемінің атрибуттарынан құралған. Миниатюралық стильдегі олардың бәрі де қараған көздің жауын алатындай өте әдемі, әсерлі. Бізді қайран қалдырғаны Ақсарайдың жанында тұрған етік болды. Иә, бұл кәдімгі өзімізге таныс етік еді. Бірақ ұзындығы кісі бойындай. Бақсақ, ол Мұхамед Реза шахтың орасан зор етіп жасалынған ескерткішінің бір бөлігі екен. Елдегі 1979 жылғы төңкерістен кейін ескерткіш-тұлғаның тізеден жоғары тұсы кесіп алынып тасталған да оның қонышты етігі осылай қалып қойыпты. Шамасы, әлденені меңзейтін нышан есебінде тұрсын деген болуы керек. Ол символ біздің ойымызша, ескерткіштің ең төменгі тұғыры Иран жері болса, етік – қылышынан қан тамған шахтың бейнесі. Ал аяқ киімнің нән, жалпақ табаны монарх-билеушінің бұқара халықты аяусыз таптап, озбырлықпен жаншығаны дегенге саяды. Сарайдың дәл алдында осы ел эпо­сын­дағы Араш атты батырдың ескер­т­кіші тұр. Бұл – мифологиялық садақшы мергеннің персонажы. Аңыздың айтуынша, Иран мен Тұран соғысып жатқан кезде ол садағынан атылған жебе арқылы екі елдің шекара белдеуін анықтап беруге тиіс болған. Осыған көп күшін жұмсап, қайратын сарқа дайындалған Араш піріне сыйынып, зілдің күшін шақырып, садағын аспанға зырқырата атып жібергеннен кейін, жерге ес-түссіз құлап түседі. Есіл ер осылайша жан тәсілім еткенімен, туған еліне Иран жерлерін қайтартып бергізген екен! «Шахнама» дастанында садақшы атқан жебе соңынан қосыла шапқан бірнеше салт аттының өкпесін өшіріп, оқ үш күн, үш түн бойы тоқтаусыз ұшыпты. Міне, Еуропаның кей елдеріндегі аңыздар бойынша, біреулер қолына садақ ұстап, атқан жебесі түскен жерден өзіне лайықты жар іздеп жүрсе, Орталық Азияның эпосындағы персонаж ел-жұртының мүддесі мен болашағы үшін тұрып жатқан жерінің көлемін көбейтемін деп жанын береді. * * * ...Күн еңкейіп қалған кез. Тегеранның қыз-қыз қайнап жатқан орталық орамы. Ондағы Нофль-ле-Шато көшесі. Осындағы көлік кептелісінде тұрмыз. Уақыт өткізу үшін автобус терезесінен жан-жағымызды шолып қоямыз. «Әне, ана жаққа қараңызшы, аға!» – деді бір кезде жанымда отырған Нұртөре. Ол нұсқаған тұсқа көз тіксем, 200 метрдей жерде Ресей Федерациясы мен Ұлыбритания елінің тулары желбіреп тұр. Солардың елшіліктерінің үйлері-ау шамасы. Қайта-қайта қараймыз. Себебі, бұл ғимараттар біздерді зарықтыра күттіріп қойған айналма жолдың үстінен анық көрінеді екен. Оған қоса олар бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Оның әлмисақтан осылай екенін өткен ғасырдың 30-жылдарында Тегеранға КСРО-ның мұнай жөніндегі өкілі болып келген жазушы, публицист Сабыр Шәріпов «Рузи Иран» жолжазбасында айтып өткен. Бұл екі ел ведомствосы баяғы патша заманынан бері бақталас еді дейді қаламгер. Оны сол кездері ағылшындардың орыс елшілігінің ауласында не болып жатқанын көріп тұрамыз деп өз ғимараттарын бір қабатқа биіктеткенінен, ол пиғылды сезген қарсы жақтың да өз кеңсе кешенін екі қабатқа жоғары көтергенінен, ақыры бұл тайталас екі жақтың да елшілік үйлерінің төрт-төрт қабатқа барып тоқтағанынан байқауға болады. – Міне, осы жерде 1943 жылы Тегеран конференциясы өткен, – деді біздің назарымыз ауған жақты нұсқай сөйлеген Хайреддин. – Басқосу кезінде Черчилль мен Сталин өз елшіліктерінде тұруды қаласа, Рузвельт АҚШ дипломатиялық корпусы орналасқан үйді емес, КСРО ғимаратын дұрыс көрген. Себебі, сол кездегі Америка елшілігі Тегеранның шеткі жағындағы қауіп-қатері көп, жүріс-тұрыстары күмәнді адамдарға толы орамға қоныс тепкен еді. – Неміс диверсанттары «үлкен үштік басшыларына» бәрібір қастандық жасау пиғылынан қайтпаған ғой. – Иә. Алдымен олар әуе арқылы Тегераннан 70 шақырым жердегі Кум көлі маңайына 6 радисті түсіреді. Бұлар Берлинмен байланыс жасап, Отто Скорцени бастаған негізгі топты қабылдайтын құпия аэродром дайындай бастайды. Сол кезде ағылшындардың МИ-6 құрылымымен бірлесе қимылдаған кеңестік барлаушылар қарсыластарын қолға түсіреді. Олар барлық барлық жоспарды біледі. Сөйтіп конференция ашылуға бірнеше күн қалғанда Тегеранда қимыл жасауға тиіс жау тыңшыларын жаппай тұтқынға алу операциясы жүргізіледі. Соның нәтижесінде немістердің 400-ден астам агенті қамауға алынады. Ең соңынан астыртын жұмыс істеу тәсіліне көшіп кеткен диверсанттардың Франц Майер атты жетекшісі қолға түседі. Ол сақалын бояп, өсіріп жіберіп, Ұлыбритания елшілігінің ар жағындағы армян зиратында көр қазушы болып жұмыс істеп жүрген жерінен ұсталады. – Мен 1943 жылғы Тегеран конференциясы өткен тарихи орынды көрдім, – деді жоғарыдағы әңгімеден кейін жолбасшымыз Хайреддин Хосими. – Осыдан 5 жыл шамасы бұрын Мәскеуден бизнес өкілдерінің келгені бар. Олармен Ресей елшілігі үйіндегі кездесуге Иран жағының іскер топтары да шақырылды. Соларға менің тәржімашы болуыма тура келді. Үзіліс кезінде дәліз қабырғасынан бір нәрсені байқап қалдым. Ол Сталин, Рузвельт, Черчилльдің 1943 жылы осы Тегеранда қатар отырып түскен тарихи суреті еді. Ал оның жанындағы сары, жез тақтаға басқосудың осы қабаттағы залда өткені туралы анықтама жазылып қойылыпты. (Рас екен. Елге келген соң компьютерден қарасақ, Ирандағы Ресей елшілігі сайтында 1943 жылғы Тегеран кездесуі өткен зал, портрет және ескерткіш тақта, бәрі-бәрі тұр екен. – Авт.) – Ал «Ақылдың азабы» шығар­масының авторы, дипломат Александр Грибоедовке орнатылған ескерткіш ше? Ол қайда? Осы жерде деп еді ғой, – дейміз біз жазушы Сабыр Шәріповтің осыдан 80 жыл бұрынғы жазбасындағы деректі есімізге түсіріп. – Ол... әне! Елшілік ауласындағы аллея­ны көрдіңіз бе? Сол жерде тұр. DSC02993Мұны айтқан осы сапарға РИА-Новости агенттігі атынан келген мәс­кеу­лік әріптесіміз Наталья Черница еді. Арасы ашық темір шыбық қоршау­дың ар жағындағы бұлдыраған бейнеге ойлана қараған ол бізді жазушы Ю.Тыняновтың «Уәзір Мұхтардың өлімі» шы­ғармасындағы оқиғалардан мүлде бөлек тың деректерді айтуымен елең еткізді. Оның әңгімесіне қарағанда 1829 жылғы сол қанды оқиғада патшалық Ресей дипломатиялық өкілдігінің басшысы А.Грибоедов пен күзетке жауапты 35 казак әскері түгел қаза табады. Жасырынып тірі қалған хатшы, жал­ғыз куәгер Н.Мальцевтің жазбасына қара­ған­да, елші денесінің зақымданғаны сон­ша, кейіннен сарапшылар оны сол қо­лының білезік тұсындағы дуэльде алған жарақат ізі бойынша ғана таниды. Мән-жай хатталып, қағазға түсіп болған соң А.Грибоедовтың денесін Грузияға әкеліп, сондағы Давид шіркеуі жанына, ал миссияны қорғап қаза тапқан 35 казактың сүйегін Тегерандағы Татевос әулиенің армян ғибадатханасы ауласындағы бауырластар зиратына қояды. Ирандағы орыс елшілігі үйі қиратылып, ондағы қызметшілердің түгелдей өлтірілуі Ресей жағынан үлкен дипломатиялық дау туындатады. Солтүстіктегі көршісінен сескеніп, қарым-қатынасты қайтадан қа­лыпқа келтіру үшін парсы шахы Петербург­ке өзінің немересі Хозрев-Мирза басқарған ресми делегацияны жөнелтеді. Елшілер Ресей уәкілінің өлімі үшін ресми кешірім сұрап қана қоймайды. Сонымен қатар төгілген қанның өтеуі ретінде І Николайға өздері әкелген мол тарту-таралғыны тапсырады. Олардың ішінде әлемдегі ең бағалы тастардың бірінен саналатын мөлшері 88 карат деп бағаланған әйгілі «Шах» алмазы да бар еді. (Бүгінде ол Мәскеу Кремліндегі Алмаз қорының коллекциясында тұр. – Авт). Арада 80 жылдай уақыт өткен соң Ирандағы орыс колониясы жоғарыда сөз етілген қырғын құрбандарын есте қалдыратын белгі тұрғызуға деп ақша жинайды. Сол қаражатқа скульптор Беклемишев 1912 жылы А.Грибоедовке қола ескерткіш жасап, оны 1829 жылғы қиратылған елшілік үйінің жанына орнатады. ...Сапарымыз аяқталуға бір күн қал­ғанда жұмыс өте қауырт болып кетті. Олар: Парламент үйіне бару, «Боян» атты үкіметтік емес мәдениет орталығындағы дөңгелек үстелге қатысу, өзіміздің осында, Тегеранда орналасқан Қазақстан елшілігіне кіріп шығу сияқты іс-шаралар еді. Міне, соларға қайтсек үлгереміз деп жүргенімізде Иран астанасындағы атақты Азади аркасын барып көретін топтан қалып қойыппыз. Қонақ үйге келіп, кешкі тамағымызды ішкеннен кейін Нұртөре, Бейнегүл, Назерке мен Серікбол, Қуаныш бәріміз такси жалдап, жоғарыдағы айтылған ғажайып нысанды көруге аттандық. Барғанда білдік, арканың кей жерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Соған қарамастан оны асықпай тамашалап, біраз жағдайларға көз жеткіздік. Атап айтқанда, Тегеранның рәмізі саналатын Азади мұнарасы «бостандық зәулімі» деген мағынаны білдіретін ұғым болып шықты. Кешен 1971 жылы парсы елі мемлекеттілігінің 2500 жылдығына арнап салыныпты. Жоба авторы сол кезде 24 жасқа жаңа ғана толған талантты архитектор Хуссейн Аманат еді дейді гид. Арканың Азади атынан басқа «Иран қақпасы», «Тегеранның Эйфель мұнарасы» деген сияқты атаулары да бар болып шықты. Биіктігі 45 метрлік осынау орасан зор кешеннің құрылысына Исфаханның ақ мәрмәрінен тұратын, көлемі және салмағы компьютермен қатаң есептелген 800-ге жуық текше тас – блок пайдаланылыпты. Сөз етіп отырған нысанның аумағы 50 шаршы шақырымға жуық жерді алып жатыр екен. 4 лифт және 2 айналма жол арқылы мұнараның ең шырқау биігіне көтерілуге болады. Автор идеясы бойынша дұға жасау үстіндегі адамның жоғары көтерілген қолы бейнеленген әдемі ақ мәрмәр ескерткіш маңы адамдар өте көп жиналатын жер екенін ұқтық. Сол себепті де ол әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристердің, суретшілердің, фотографтардың назарын өзіне ерекше аударады дейді экскурсовод. Біз мұнда кешке, іңір қараңғылығы түскен кезде келгенбіз. Сонда байқағанымыз, түнде Азади мұнарасы, ондағы алаң, көкке қарай шапшыған субұрқақ ғажайып көрініске айналып жүре береді екен. Ақ мәрмәр қабырға неон шамдармен астасып, әртүрлі түске енуде. Әсіресе, мұнараның электр жарығы эффектісімен Иранның ұлттық туының түсін бейнелейтін сәті тіпті ғажап. Осының бәрі адамды қызықтырады. Өзіне ерекше баурап тартады. Толқытады. ...Тегеран. Имам Хомейни атындағы ә