01 Сәуір, 2011

Сөз сойыл

594 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
1 сәуір – Күлкі күні БІРДЕ... Көрнекті ақын Жарасқан Әбдірашевтің «Тамаша» әзіл-оспақ отауында редактор болып қызмет атқарып жүрген кезі болса керек. Сол жылдары  белгілі әнші Мақпал Жүнісова Республика сарайында жеке концертін өткізбек болады да, Қа­зақ­станның халық әртісі Тұң­ғышбай Жаманқұловтан аталған ша­раны жүргізіп беруді сұрайды. Әрине, ол кісі өзі құр­мет тұтатын қарындасының өті­нішін құп алып, келісімін береді. Ертесіне бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы Мақпал Жүнісованың концерті болаты­нын және оны «Тамашаның» тар­ланы Тұңғышбай Жаман­құлов жүргізетінін ұлардай шулап, жалпақ жұртқа жария етеді. Ол сөз сатираның серкесі Жа­расқан ағамыздың да құлағына жетеді. «Тамаша» әзіл-оспақ отауынан Тұңғышбайдың кетіп қалғанына іштей ренжіңкіреп жүрген ол, өз назын эпиграмма арқылы білдіріп, жазғанын жігіттерден беріп жібереді. «Квартира ма? Тұңғышбайға тиесі. Машина ма? Тұңғышбайға тиесі. Атақ-даңқ па? Тұңғышбайға тиесі. Өйткені, ол – Мақпалдың конференсиесі. Ал Мақпал кім? Ал Мақпал – Нұрқаділов Заманбектің иесі.» Тұңғышбай Жаманқұлов әлгі риясыз әзілді мұқият оқып, дереу жауап жазады да шәкірті Асылбек Боранбаевтан беріп жібереді. «Квартира ма? Тұңғышбайға тиесі. Машина ма? Тұңғышбайға тиесі. Атақ-даңқ па? Тұңғышбайға тиесі... Деп қағытып Жарасқан, Өнерімнің сөз қылыпты киесін. Жүйелі сөз табады ғой жүйесін, Жүйесіз сөз табар және  иесін. «Тамашаның» менен қалған түйесін – Бағып жүрген Жарасқандар жабылса, Өнерімнің құдіреті сүйесін. Пәтерім де, атақ-даңқым, мәшинем, Табан ақы, маңдай терім тиесі. Сондықтан да жұқпайды, Жарасқанның маған жазған күйесі.» Ертесіне Жарасқан ағамыз Тұңғышбайды іздеп барып, эпиграммаға берген жауабына ризашылығын білдіріп, қол алысып, төс қағыстырады. Содан бастап екеуі жақын дос болып кетеді. Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. Алматы. _______________________ АЗ ЖЕ, КӨП ЖЕ – ӨЗІҢ БІЛ! Иә, «ауру – астан». Өткендер солай деп кеткен. Бірақ олар ауру қарынның тоқтығынан бола ма, әлде қарында астың жоқ­ты­ғынан бола ма, ол жағын ашып айт­пап­ты. Ал, біздер, кейінгілер, не кө­рі­нсе қомағайға көрін­сін деп, бұл сөзді қарыны тоқ­тарға бағыштадық. Сонымен, асы­ра тойып ішетіндер әне ауы­рады, міне ауыра­ды деп жүргенде, бұл, ауру дегеніміз, әлде қалжыңы ма, әлде ал­жыды ма, тойып тамақ ішпейтіндерге тиісе бастады. Енді не істедік? Қой, бұл аурудан бәрібір құтылмайды екенбіз, өлсек те тамақ ішіп өлейік дедік. Және «Ас тұрған жерде дерт тұр­майды» деген мақал да еске түсе кетті. Сонымен мәселе – сол тамақтың қанша «таба­ғын» ішу керек дегенге келіп тірелді. Содан ғалымдарға жүгін­дік. Олар болса, екінің бірі түсі­не бермейтін сөз айтып «той­дырды». – Нан же, шөп же, аз же, көп же – өзің біл. Бірақ, сол қар­ныңа түс­кен нәпақаңның қау­қары 3800 килокалориядан кем бо­л­масын, – деген еді олар осыдан 10 жыл бұрын. Қазір сол ғалым­дары­мыз, әл­де басқалары болар, ішіп жүр­ген «көжемізді» көп көрді ме, күндік нәсібімізді жар­ты­лады, яғни асхана тілімен айт­қан­да «пол порцияға» түсірді. Килока­лория­мыз 2215-ке дейін төмендеді. – Айналайын-ау, бұл Сахара­ның оңтүстігінде тұратындарға болмаса (күн ыстық, олардың та­мақ­қа тәбеті жоқ) бізге жа­рамай­тын цифр ғой, – деп Мә­жіліс депутаты Владимир Не­хорошев халық қамын ойлайтын министр Гүл­шара Әбдіхалық­ова­ға «бұл қа­лай?» дегендей сұрақ қойды. Ал министр болса бұл норманың «айдан» алын­ба­ғанын, керемет ға­лым­дардың, ма­мандардың біздің адам­дар­дың асқазанының ас қо­рыту қа­білетін жан-жақты зерттеуі нә­ти­жесі екенін, оған шетелдік са­рапшылардың қарындары той­маса да, көңілдері тойғанын, қа­нағат­тан­ғанын айтып ақтал­ған көрінеді. Ал әлгі «сендерге бұл жетеді» де­ген «жанашыр» шетел­дік­тердің өздері күніне бізден екі есе, дәлірек айтсақ – 3400-ден 4200-ге дейін к­кал «асайды» екен. Түсініп көр, оларды! Қалай десек те, В.Нехорошев дұрыс мәселе көтерген, оған мән бермеу дұрыс емес. Біздің, әсіресе, қазақтардың ас­қазанын басқа білмесе де, сіз білуге тиіссіз, Гүлеке! ДП (дополнительная порция) беруге болмас па екен? Сағаділдә ӘЖІБАЕВ. Алматы. ________   ТІКЕНЕК СӨЗ Шалқақ бас­тық еңкек қыз­мет­шіні жақсы көреді * * * Көктегі құдай бізге көретін көз, еститін құлақ берген, ал жердегі «құдайлар» біздің көрсоқыр, тас­ке­рең болғанымызды қалайды. * * * Бүгінгі әншілердің дол­ларсыз дауысы шықпайды. * * * Жемқор жалмаудан, өті­рікші алдаудан ләззат ала­ды. * * * Келімсек әуелі қойынға кіреді, сосын мойынға мінеді. * * * Ұл-қызыңмен ор­ман­дай­сың, соқа басың сор­маң­дайсың. * * * Өткенді білгеннен ұтыл­майсың, бола­шақ­тан қашып құтыл­май­сың. * * * Парақорлық індет бол­­ғанда, пара беру міндет бол­ды. * * * Мәселе шешудің мәні – «бара бер» мен «пара бер» болды. Рза ОҢҒАРБАЙ. Ақтау. ______   УӘДЕ Мен бүгін арақты қойдым, Қоймасқа амал жоқ – Әбден тойдым. Азын-аулақ беделім бар еді, Оның шекесін ойдым. Абыройды күлге аунатып, Жон терісін сойдым. Таныла бастаған дарын едім, Оның да көзін жойдым. Тайраңым түгел таусылып, Осылып бітті ойыным. Әйел төркінге кетіп, Босаңқырап қалды қойным. Кінәлі басты көтере алмай, Салбырап кетті мойным. Ертеңгі жолды Құдай біледі, Кешегі жолым ойдым-ойдым... Құрысын... Тойдым... Шынымен қойдым! «Қойдым» деп мөр басып, Қолымды қойдым. Уһ! Қойғаным тәуір болды. Айтпақшы, қойған күнім – Бірінші сәуір болды! Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ. Алматы. ________   МАСКҮНЕМНІҢ МОНОЛОГЫ Бұл өмірдің тылсым күші – ішімдік, Біздер оны өзімізше түсіндік. Бір қуаныш бола қалса, той жасап, Дос-жаранға ішімдікті ұсындық.   Ішімдікпен көңілдерді көтердік, Көтердік те, тұла бойға от өрдік. Арты оның есерлікке айналды, Істер жасап хайуаннан да бетерлік.   Есімізді келер күні жинадық, Жинағанмен, басты шағып қинадық. Жүз граммен шақша басты жазғанша, Аласұрып, қара жерге сыймадық.   Қол дірілдеп, қалт-құлт етіп, қашты өң. Күнде солай жүрсем-дағы аш кілең, Ертеменен жазамын деп басты өң, Ақырында болып кеттім маскүнем.   Ең алдымен айырылдым санадан, Содан кейін қатын менен баладан. Сырт айналды туыстар да, достар да, Мені бір кез жақыным деп санаған. Міне, менің мүсәпір боп жүрісім, Күннен-күнге тарылуда тынысым. Жиіркенішті ит тіршілік құрысын, Өмір сүрем, өмір сүрем кім үшін?   Іштім бірде шақырам деп шабытты, Табан асты боламын деп бақытты. Ақырында тұманданып көздерім, Құшақтадым қара жер мен табытты. ______________________________   ҚҰДАЛАР Екі дүрдей бастық болды, Араларында достық болды. Қайда жүрсе қатар жүрді, Үйлері де қатар тұрды. Бірге болды ымдары да, Жасырын сыр, жымдары да. Бірге алды демдерін де, Бірге жеді жемдерін де. Жемтіктерін бөліп жеді, Жегенде де өліп жеді. Демеді олар қақаламыз, Бір бәлеге тақаламыз. Бірін-бірі мақтап бақты, Бірін-бірі ақтап бақты. Біреуінің қызы болды, Толған айдай жүзі болды. Біреуінің ұлы болды, Үміт артқан нұры болды. Өздерінше өсіп жатты, Өз жолдарын шешіп жатты. Ал, әкелер былай деді: «Көрші қылған Құдай, – деді. Доспыз әрі тілегі бір, Жалын атқан жүрегі бір. Құда болсақ жарасады, Жұрт қызыға қарасады. Сонда бізді жау алмайды, Ешқандай да дау алмайды», – Сөйтіп, құда бола қалды, Көңілдері тола қалды. * * * Ал, жастар ше? Нені көрді? Жемқорлықтың жемі болды. Бірін-бірі жаратпайтын, Сондықтан да жанаспайтын. Жүрмеген соң жадырасып, Кетті тез-ақ ажырасып.   * * * Құдалар ше? Құдалар ма? Ескі дерттен шыға алар ма? Көп жеймін деп қақалды да, Ақтық күндер тақалды да, Ауыр қылмыс қаматты да, Кездесті олар абақтыда.   Әбдірахман АСЫЛБЕК.   Алматы. ________   ТІСТЕН КӨЗ САДАҚА… Антон МАКУНИ. Аурухана­мыз­дағы тіс дәрі­гері қызметтен кеткен мезетте, Құдай ұрып, менің ті­сім­нің сырқырай қал­масы бар ма! Амал жоқ, қайтер екен деп, «Құ­лақ, тамақ, мұрын» дә­рі­гері­нің алдында отырмын. Ол: – Көмектесер-ақ едім, егер тісің құлақ пен мұрын­ның бірінің ішінде болса! – деп қа­ғытты. – Сіз «құлақ, тамақ, мұрын» иесісіз, ал тіс сондағы тамақ­тың ішінде емес пе?! – деп есе жібермедім. Ол да пәле: – Кешіріңіз, оқығанда сол тамақ қуысына мән бермеппін. Тек «тамақ ауырғанда шаю керек... шайғанда ең жөндісі спирт­пен...» деген сөз ғана есімде қалыпты... – деп қылжағын одан әрі асырған соң, амалсыз одан шығып хирургке кірдім. Бұл да тіл мен жағына сү­йен­ген біреу екен: – Құрал-сайманнан балға мен кемпірауыз ғана бар. Қа­лай, шыдас бересің бе? – дейді. Тайқып шығып, міне, тера­пев­­тің алдында отырмын. Ол көкмылжың дерсің, ау­ру­дың алты түрін атап, тіс айдалада қалды... Қашып құтылдым десем болады. Бір қарасам, психиатр «зер сала» тексеріп отырып: – Тісіңіздің «жырына» көп болып па еді? – деп тесіле қал­ған екен. – «Жыры» несі, кәдімгі тісім ауырып шыдатар емес, – деп едім, ол қолындағы бал­ға­сымен тіземнен періп кеп қал­ғанда, орнымнан атып тұрып, безе жөнеліп бір бөлмеге еніп кеткен екенмін, оным көз дә­рігері екен: – Емдеудің бір-ақ тәсілі бар! – деп көз тұсымнан жұ­ды­рығымен періп кеп қалғанда, орнымнан омақаса құлап, тұп-тура ауырған тісім тұрған тұс батареяның жақтауына тиіп... Ғажап, тісім соққыдан ұшып түсіп еденде жатты. Тіс дәрігеріне рахмет! Ол болмағанда әлі талай бөлмені шарлап шарқ ұрар ма едім... Көздің жарасы жеңіл, тістен көз садақа!.. Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН. __________________________________ Мүйісті жүргізуші Берік САДЫР.