22 Қаңтар, 2017

Қазақстан жастар құрамасы – Гранаткин турнирінің күміс жүлдегері (видео)

340 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
KZ Футболдан Қазақстан жастар құрамасы (U18) Гранаткин мемориалы турнирінің финалында Ресей құрамасымен кездесіп, 0:1 есебімен есе жіберді. Санкт-Петербург қаласындағы матч тартысқа толы өтті. Бірінші таймның ортасына қарай ресейліктер қақпашымен бетпе-бет шыққан, алайда қазақстандықтың бағы басым болып, голдан аман сақтап қалды. Дегенмен, Гранаткин мемориалында тәжірибесі бізден көш ілгері Ресей құрамасы 27-минутта жалғыз әрі жеңісті голды соғып кетті. Нәтижелі соққының авторы – Никита Поляков. Кездесудің екінші 45 минутында Александр Кузнецовтан жаңа нұсқаулар алған өрендеріміз адуынды шабуылдарға көшті. Төрешінің ысқырығы естілісімен ойын тізгінін өз қолына алып, доптан айрылған тұстарда қарсыласын қыспаққа алуға тырысып бақты. Ұрымтал тұстарда бірнеше қауіпті соққы бағыттап та үлгерген. Бірақ осындай орайлы сәттер жерлестеріміздің уысынан суси берді. Өкінішке орай, матч соңына дейін таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Сонымен қатар, бұл күні жарыстың үшінші орны үшін Санкт-Петербург пен Грекия командалары сынға түсіп, турнир иелері 4:2 есебімен жеңіске жетті. Жеңімпаз ұжымнан Ефрем Вартанян (29, 57-минуттарда), Никита Колдунов (44-минут) және Руслан Казаков (51-минут) мергендігімен танылса, гректерден Афанасиос Костанасиос (20-минут) пен Георгиос Тзоварас (74-минут) көзге түсті. Айта кетейік, жастарымыз Гранаткин турнирінің финалына алғаш рет шығып тұр. Бұған дейін 2012 жылы соңғы, 2014 жылы 16-орынға ие болса, 2015 жылы 14 команданың арасында 10-орынға орналасқан.