23 Қаңтар, 2017

Әлем назарында – Астана

302 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Anadolu_Agency_LogoХалықаралық сарапшылар 2016 жылдан бас­тап Сириядағы саяси тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған қадамдардың жаңа деңгейге көтерілгенін айтады. Бұл тұрғыда Түркияның ықпалы мол. Ресми Анкараның аймақтағы әскери ықпалын күшейткенінің арқасында Асад билігі мен оған қарсы топтың арасында түсіністік орнай бастады. Сириядағы уақытша үкіметтің өзі Астана алаңынан үлкен үміт күтіп отыр. Бұл туралы елдің уақытша үкіметінің вице-премьері Веджих Жұма мәлімдеді. Вице-премьердің айтуынша, Башар Асадтың режімі, PYD және «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы ә дегенде ортақ мәмілеге келуге үзілді-кесілді қарсы болғанымен, кейін Түркия бұл мәселеде араағайындық таныта білді. Астана келіссөзі Сириядағы жағдайды реттеудің басы болатынына көпшілік үміттеніп отыр. Түркия да бұл тұрғыда Астана келіссөзінен нақты нәтижелер күтеді. «Евфрат қорғаны» әскери операциясынан кейін Түркияның аймақтағы ықпалы күшейді. Бұл өз кезегінде Женева мен Астана келіссөздеріне жақсы негіз қалыптастырды, деп мәлімдеді вице-премьер Веджих Жұма.   InterfaxСирияның ресми басшысы Башар Асадты қолдап отырған Ресей өңірдегі саяси ахуалға Батыс елдерінің араласуына қарсы. Бұл ретте Ресей президенті, әсіресе, АҚШ-тың ай­мақ­тың ішкі саясатына араласпағанын қалайды. Кремль басшысы осы орайда Ресей мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалады. 2016 жылы ресми билік пен оппозиция арасында қол жеткізілгенін атысты доғару туралы келісімнен кейін ресми Мәскеу Сирия аймақтарында әскери тәртіп орнату үшін Түркия, Иран, Ресей үштігінің өзара бірігіп әрекет етуі керектігін мәлімдеген.   headerАҚШ-Ресей арасында жасалған Сириядағы билік пен оппозиция арасында атысты тоқтату туралы келісім саяси дағдарысты шешуде үлкен рөлге ие. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ-қа Астанадағы келіссөздерге қатысу үшін шақырту жіберді. Ресми Тегеран шараға АҚШ өкілінің қатысуына бастапқыда қарсы болғанымен, кеше АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі шараға Құрама Штаттардың Астанадағы елшісі Джордж Кролдың қатысатынын мәлімдеді.   deutsche-welle-logoРесей, Түркия, Иран үштігінің бастамасымен Қазақстан астанасында ұйымдастырылғалы отырған Сирия келіссөздері әлем назарында болғанымен, Қазақстанның өз ішінде мәселенің аз талқылануы ресми Астананың бұл тұрғыда келіссөз алаңын ұсынушы бейтарап ел екенін көрсетсе керек. Ресейлік саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстанның Сирияда ешқандай да саяси мүддесі жоқ. Жергілікті халқы этностық мұсылман болғанымен, зайырлы мемлекет ретінде Қазақстан Сирия мәселесінде бейтарап саясат ұстанады. Дегенмен, Ресей, Түркия және Иранмен әріптес ел екендігін ескерсек, Қазақстан Сириядағы саяси дағдарыстың оң шешім тапқанына мүдделі. Неміс саясаттанушысы, Орта Азия елдері бойынша сарапшы Михаэль Лаубш Астананың Сирия дағдарысын шешуде лайықты алаң екенін айтады.   Yeni-Safak-LogoСирияда алты жылдан бері 100 мыңдаған адамның өмірін қиған азамат соғысында атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылды. Кей оппозициялық топтың аталған келіссөздерге қатысудан бас тартуына қарамастан, Ресей мен Түркия арасындағы осы мәселедегі келісім өз нәтижесін беретінге ұқсайды. Бүгінге дейін осындай түсіністіктің болмауы елде бейбітшіліктің орнауына кедергі келтіріп келген еді. Ресей президенті Владимир Путиннің бастамасымен атысты тоқтату туралы келісімге Сириядағы соғыстағы тараптардың бірінің қолдаушысы болып отырған Иран ешқандай мәлімдеме жасамады. Ендігі сөзді Тегеран Қазақстан астанасына барып айтатыны белгілі. Оған дейін әлем Тегеранның бұл тұрғыдағы ұстанымын жорамалдап қана отырмақ.   ВВСБҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы елшісі Стеффан де Мистура Сирияда бітімгершіліктің сақталып отырғанынына қарамастан Дамаск түбіндегі ресми билік пен оппозициялық топтың арасындағы қақтығыстың Астана келіссөздерінің басты тақырыбы болатыны анық. Арнайы елшінің пікірінше, қазіргі таңда Сириядағы кей аудандарда бейбітшіліктің әлі де орнай қоймағанына қарамастан, халықаралық қоғамдастықтан гуманитарлық көмек келіп түсуде. Саяси режім үшін басталған азамат соғысы қазір ел астанасы жанындағы су көзі мен су құбырлары үшін таласқа айналып кеткен. Ресми биліктің мәліметінше, Дамаскінің 5,5 млн тұрғыны ауыз су тапшылығын тартса, су құбыры инфрақұрылымының 70 пайызы бұзылған.   11111Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі конференция Астанада 23 қаңтарда өтуі тиіс. Тараптар келіссөздерге кімді жіберетінін анықтап қойды. Сирия өкіметі атынан елдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Башар Жаафари сөйлейді. Қарулы оппозицияның делегациясын «Джейш әл-Ислам» тобының саяси қанатының лидері Мұхаммед Аллуш бастап барады. Қазақ астанасына, сонымен қатар, ел ішіндегі түрлі оппозициялық топтардың өкілі және халықаралық мәмілегерлер келеді деген болжам бар. Мәскеу конференцияға АҚШ өкілдерін қатыстыруды ұсынды. 19 қаңтар күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ-қа шақыру жіберіліп қойғанын айтты. Алайда, Иран бұған қарсы болып отыр. Сенатор Владимир Жабаровтың пікірінше, Тегеранның ұстанымына АҚШ-тың болашақ президенті Дональд Трамптың Иран ядролық бағдарламасы туралы сыни пікірлері әсер еткен.   logo_europe1Франция сыртқы істер министрі Жан-Марк Эроның пікірінше, Астанадағы сирияаралық келіссөздер саяси диалогқа негіз салмақ. Министр Францияның бұл мәселенің дипломатиялық жолмен шешім табуын қолдайды. «Башар Асад режімі мен оппозиция өкілдерінің қатысатын шарасында саяси күштердің өзара қатынасы жаңа деңгейге көтерілуі тиіс», – деді министр. Дайындаған Бауыржан МҰҚАНОВ, «Егемен Қазақстан»