Елеулі екі еңбекте адамзат мәселелері кеңінен талданған
Тіршіліктегі белгілі бір проблемаларды шешуге бағытталған объективті ой-пікірлер әрқашан да құнды. Сол үшін өркениетті елдерде алдымен ғалымдардың пікірлері қаперге алынады. Профессорлардың кітаптарын талқылау жоғары деңгейде өтіп жатады. Өткен жылдың қарашасында Лондонда ұйымдастырылған V халықаралық әдебиет фестивалінің аясында отандық ғалымдар Оразалы Сәбден мен Әбдімәлік Әшіровтің «The Conceptual Strategy for Humankinds Survival in the XXI Century and Food Security» («ХХІ ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы және азық-түлік қауіпсіздігі») атты кітаптарының таныстырылымы өтуі, дәл осы кітаптың бірнеше тілге аударылып, әлемнің таңдаулы 200 университетіне жіберілуі қазақстандық ғалымдардың да асқақ беделінен, жоғары деңгейдегі ізденістерінен хабар беріп тұрғандай.
Экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбденнің таяуда «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» деген атпен тағы бір үлкен еңбегі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада осы екі кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылып, оған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алдымен алғашқы кітап авторлары туралы бірер сөз. Жиырма бірінші ғасырда адамзатты толғандыратын жаһандық мәселелер өте көп. Ол ішкі әлемнің, яғни рухани өмірдің проблемасынан бастап физикалық әлемде азық-түлігіңді тауып жеуге дейінгі аралықтағы көптеген қат-қабат мәселелерді қамтиды. Бүгінгі күні әлемде аштыққа душар болған 1,3 миллиард адамды азық-түлікпен қамтамасыз етудің жолдарын тәжірибелік тұрғыда терең әрі дәлелді түрде көрсете білген. Атап айтқанда, түрлі дақылдардың шығымдылығын арттыруға бағытталған жолдар, сондай-ақ, Күннен периодты түрде бөлінетін электромагнитті өрістің нәтижесі жан-жақты талданған. Бұл тұрғыдан алғанда, профессор Әбдімәлік Әшіровтың осыдан үш жылдың бедерінде ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын елу пайызға арттыру туралы жаңалығы көпшіліктің қаперінде болар деген үміттеміз.
Ал екінші кітаптың жайына келсек, мұнда ой мен сөз бостандығының, ар мен ұяттың, ақыл мен парасаттың символына, әрі асырып айтқанда қазақтың идеалына айналған Абайды жиырма бірінші ғасырда да алға ұстап, оның ілімін ұрпақ санасына сіңіре беру, оның «толық адамына» қарай ұмтылу жайы өзек етілген. Автор қазақ қоғамын ізгілендіруді, жас ұрпақтың бойына адамзаттың мәңгі құндылықтарын, ішкі әлем мен сыртқы әлемнің бірлігін сақтап өмір сүруге ұмтылысты дарытуды мақсат етеді. Ол Абайды дүние жүзіне таныту жағының әлі де кемшін түсіп жатқанын ескеріп, Абайды әлемге танытуды да көздейді. Кітап тұсаукесерінде автордың өзі Абайдың толық адам тұжырымдамасы туралы әдемі ойларымен бөлісті. Бұл кітапта, сондай-ақ, Түркістанды рухани қайта жаңғырту мәселесі де көтерілген. Жиында екі кітапқа қатысты да зиялы қауымның ой-пікірлері тыңдалды. Әрбір жеке тұлғаның дамуына, ой-өрісінің өсуіне пайдалы тұстары бағаланды.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»