«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы жанындағы Жемқорлықпен күрес кеңесінің төрағасы Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ: ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖАБЫЛАДЫ
– Сіздің қызметтік жылнамаңыз « Парламент Сенатының Төрағасы, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы» деген анықтамалармен айшықталып тұр. Сізге деген жауапкершілік жүгінің қаншалықты салмақты екенін және сыннан сүрінбей өтіп келе жатқаныңызды біз де сезіп жүрміз. Биліктің ең жоғарғы эшелоны. Өзіңізге деген сенім сіздің ана сүтімен бірге дарыған болмысыңызға, жалпы Әбдікәрімовтің тұлға болып қалыптасуына қаншалықты әсер етті? Биліктің жоғары эшелоны Әбдікәрімовтің табиғи жаратылысына нұқсан келтіріп алған жоқ па?
– Басшы сенімі кез келген тұлғаның жұмыс әдісіне, тіпті мінез-құлқына әсер етеді. Басқаша болуы мүмкін емес. Одан бөлек мемлекеттік қызметтің жоғары эшелонында жүрген соң біраз нәрседен бойыңды шектеуге және шектелуге тура келеді. Өзіме деген сенімнің салмағынан жүрексінгенімді жасыра алмайтынмын. «Жан-жағымызда білімді және осы лауазымға лайықты азаматтар көп. Неге солардың бірін ұсынбасқа?» деген сұрағыма: «Сол жерге сенің қажет екеніңді сезіп отырмын» деген жауап алатынмын. Тәжірибең мен ақыл-парасатыңды таразы салмағына салады да, жауапкершіліктің салмағын өзі сеніп отырған тұлғаның ар-ожданы мен азаматтығына аманаттайды.
Тәуелсіздік алған жылдардан бергі мерзімде Елбасы бірқатар жауапты қызметтерді сеніп тапсырды. Мен соның бәрінде адами принциптерімнен алыстап кетпеуге, жауапты сәттерде жеке басымның мүддесіне емес, мемлекеттік мүддеге басымдық беруге тырыстым. Осы күнге дейін мен ұққан, мен аттап кете алмайтын ақиқат осы. Егер, мені толығырақ білгіңіз келсе немесе жауабыма көңіліңіз толмаса, мен туралы менен емес, менің жанымда жүрген азаматтардан сұрауға тиіссіз.
– Мансаптың буы мен тұлғаның азаматтық ар-ожданы арасындағы текетіресті бастан кешіп көрдіңіз бе? Жоғары лауазымның жалына қолы жеткен кейбір замандастарымыздың ертесіне-ақ өзгеріп шыға келетінін көріп жүрміз.
– Мұндайда тағы да Абайға жүгінеміз. Абай: «Биік мансап – биік жартас, қалықтап қыран да шығады, өрмелеп жылан да шығады», демейтін бе еді. Ең бастысы, қалықтап ұшып жеткен қыранға тән болмысымызды сақтап қалсақ деймін.
– Өмір сізді саясаттың шахмат тақтасына өзі жетелеп алып келді. Сіз өзіңізді қай ойыншының қатарында еркін сезінесіз?
– Сіз қателесіп тұрсыз. Себебі, геосаяси сахнаның ойыншыларын бір-бірінен бөліп жаруға болмайтындығы секілді, шахматта да фигураларды бір-бірінен бөлуге болмайды. Ал шахмат кез келген адамға сырын ашпайды. Түсіне білген, ұға білген және әрбір жүрістің қадірін білген жанға кішкене ғана «фигуралардың» көмегімен «шахқа» да, «матқа» да жол ашылатынын көріп жүрміз. Сондықтан, саясаттың шахмат тақтасында өзімді еркін сезінемін. Халқымнан бұғып қалар сырым да жоқ. Сеніп тапсырылған лауазымдар мен жоғары мансаптардың буы ана сүтімен бірге дарыған болмысымды өзгерте алмады. Жан-жағым, қызметтес, үзеңгілес серіктестерім ғана емес, ауылдағы жолдас, дос-жарандарым үшін мен өздері білетін қарапайым жанмын.
– Сіз «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесін басқарасыз. Билік партиясы ешкіммен мәмілеге келмейтін және айтқан жерін кесіп түсетін Әбдікәрімовті жемқорлықпен күрес майданының алдыңғы шебіне жіберу арқылы көлеңкеде жүрген жемқорларды ықтырып алғысы келді ме?
– Мен басқаратын Кеңес – қоғамдық ұйым. Партия тарапынан ұсыныс түскенде: «Сіздің орныңыз тағы да жауапты жерде – алғы шепте. Сіз көмектеспегенде, кім көмектеседі», деген тілек айтылды. Жемқорлықпен күресті майданға теңеп отырғаныңызды құптаймын. Себебі, жемқорлық мемлекеттілігімізге сын. Бірақ жалғыз емеспін. Жемқорлықпен күресті біздің қоғам қолдайды. Кейінгі толқын жастар арасында мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қоятын, ары да, жаны да таза азаматтардың қатары көбейіп келеді.
– Сіз басқарып отырған Кеңес жұрттың көзі мен сөзінде жүр. Кейде ең төменгі деңгейдегі басшылардың өзі сіздердің іс-әрекеттеріңізге қарап ой түзейді, бой түзейді.
– Ойыңызды түсініп отырмын. Уақыттың көбін үйде емес, түзде өткізуге тура келеді. Кейде жеңгең: «Саған не керек? Басқалар да бар емес пе?» деп өкпе-назын білдіріп жатады. Кәрі тарих өткенінен сабақ алмағандарды кешірмейді. Жан-жағымдағылардың, өзімнен кейінгі толқынның өміріне жөн-жосықсыз араласу менің жаратылысыма жат әдет. Жас үзеңгілес достарымның арасында өзімді соларға жол көрсететін үлкен ағасындай сезінемін. Олардың өзіме деген ықыласы мен үшін бәрінен қымбат.
– Билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынасқа берер бағаңыз қандай? Жиырма жылдық тәуелсіздік тарихы бізді неге үйретті?
– Мен кеңес жүйесінің тәжірибесінен өттім. Мені кеңес жүйесі қалыптастырды. Тәуелсіздік тарихы бізді жарты ғасырға алға жылжытты. Биліктің үкіметтік емес ұйымдардың айтарына ден қоюы және сонымен санаса бастауы біздің тәуелсіздігіміздің жемісі. Халықтық бақылаудың да ықпалы артып келеді.
– Сіз айтып отырған жаңалықтың, өзгерістің бәрі билік пен қоғам тарапынан қолдау тауып жатыр деп айтуға әлі ерте сияқты.
– Мұның бәрін ескі мен жаңа арасындағы текетірес деп қабылдау керек. Басқаша айтқанда, билік жүйесінің көптеген тармақтары ескі әдісінен арылғысы келмейді, ал қоғам сол ескі әдіспен жүргенді қаламайды. Қоғамдық формацияның өтпелі кезеңдерінде болмай қалмайтын құбылыстардың бірі.
– Бұрын қоғамдағы жағдайды биік таудың басынан бақыласаңыз, қазір желдің өтінде жүрсіз. «Қазақ қоғамының арыла алмай жүрген кемшілігі неден қуаттанып, тамырланып тұр?» деген сұраққа жауап таба алдыңыз ба?
– Біздің жұмыс әдісіміздің өзі сіз айтқан сұраққа жауап іздеуден және оның орындалуын қадағалаудан басталады. Жоғарыда айтып өткендей, мен кеңес өкіметі жүйесінің шекпенінен шықтым. Кешегі тәжірибем мен бүгінгі тәжірибемді салыстыра келе мынадай қорытындыға келдім. Отбасында, ас үйде отырып айтқан әңгімеміз бен үкімет қабырғаларында және үлкен мінберлерде айтқан мәлімдемелеріміздің мазмұнының арасы жер мен көктей болатын. Үйде отырғанда батылмыз. Ал түзде жүргенде – басқамыз. Біздің қазақ «ойпырмай, ертең не болып кетеді» деген үрейден әлі арыла алмай жатқандай көрінеді маған. Мұның бәріне өткен ғасырдың отызыншы, елуінші және сексенінші жылдардың бел ортасындағы саяси оқиғалардың зардабы кінәлі шығар. Жан-жағымызда өзін-өзі сақтап, өз-өзін сабырға шақырып, басшысының былғанышты іс-әрекетіне жаны төзе алмаса да бағыныштылық-құлшылдықтың құрсауына шырмалып, өз әлеміне өзі тұншығып жүрген замандастарымыз баршылық. Біз арыла алмай келе жатқан әдеттің бірі осы. Ал екінші кемшілік – елімізде тұратын азаматтарымыздың талайы (қазақтан басқасы) өзін елдің тұрғылықты азаматы ретінде сезінбейді, сезінгісі де келмейді. Ұлттық, мемлекеттік мүддеден бойын алшақтау ұстауға тырысады.
– Сонда, сыртқа қарап жалтақтайды демексіз бе?
– Солай десе де болады. Олардың басым көпшілігі өзінің тарихи отанына қарап алаңдайтынын және оны жасыра алмайтындарын кейбір іс-әрекеттерінен байқап қаламыз. Бізде кіші-үлкен билікте жүрген кейбір тұлғаларымыздың балалары Ресейде, не басқа жерлерде жүргенін көріп-біліп жүрміз. Қазақстанда тұратын кейбір ұлт өкілдерінің біртұтас ел ретінде бір мақсатқа және ұлы мақсаттарға жету қажеттігін сезіне алмай жүргені мені қынжылтады.
– Қазақстандық ұлт идеясы қоғам тарапынан қолдауға ие болмады. Бұл құбылыс сол түсінбестіктің кері жаңғырығы ма?
– Өйтіп біржақты баға беру қателік болар. Қазақстандық ұлт идеясының қоғам тарапынан қолдау табуына әлі біраз уақыт керек. Демократиялық құндылықтардың күре тамырына қан жүгіртетін күш экономикалық өсім, елдің әл-ауқатының жақсаруы. Мемлекет өсіп-өркендесе ғана халық бір мақсатқа жұмылған біртұтас халық екенін сезіне алатын болады. Мен балаларын қазақ мектебіне беріп, қазақы тәрбиеге ден қойған азаматтарды ғана болашағын қазақ мемлекетімен байланыстыра қарағандар деп танимын.
– Оралбай аға, кеше ғана дүниеден өткен түрколог-ғалым Немат Келімбетовпен соңғы кездескенімде: «Бізде ана тілін меңгергендер ғана болашағын қазақ мемлекетінің болашағымен байланыстыра қарайды», деп біржақты түсінікке бой алдырғандар қателеседі. Қазақтың шұрайлы тілімен өзге дінді, өзге ағымды насихаттап жүргендерді қай санатқа қосамыз?» деген еді. Біз мемлекетке адалдықты тек тілді меңгерген қасиетімен айшықтар болсақ, үкімет қабырғаларында, экономика-қаржы салаларында ана тілін меңгере алмай, меңгере алмағандарына жаны қиналып жүрген қандастарымызды қазақ тілді емес деп бөле-жарып, өзімізден алыстатып алмаймыз ба?
– Ондай проблема бар. Немат Келімбетов мәселеге ғаламдық тұрғыда үңіліп отыр. Сіз бен біздің әңгімелеп отырған жайттар өтпелі кезеңнің тасасында қалатын уақытша құбылыстардың бірі. Мен алдағы бес-он жылда орыс тілді қазақ немесе қазақ тілді қазақ деген бөле-жара қарайтын кертартпа көзқарастардың ұмыт болатындығына және әрбір қазақтың өз ұлтының және өзі елінің патриоты болатындығына сенемін. Әзірге мәселе тілде ғана емес, ділде деген қағидамен өзімізді өзіміз жұбата тұрайық.
– Мемлекеттік хатшы, Парламент Сенатының төрағасы болдыңыз. Сол жылдар өтпелі қиындықтар еңсеріліп, дамуға бет алған жағымды сипатымен есте қалады. Бұл өзгерістер Парламентке қалай әсер етті?
– 1998 жылдан бастап экономикамыз түзеле бастады. Сол тұста, 1995-1998 жылдары қазақ Парламенті де өтпелі кезеңді бастан кешті. Парламенттің таратылып, Елбасының заң шығару құқын өзіне алғаны да сол кезге тура келеді. Жаңадан сайланған қос палаталы Парламенттің бір-бірімен қарым-қатынасының қалыптасуының тарихи кезеңіне, Мәжілістің сол кездегі төрағасы Марат Оспановтың: «Неге Сенат біздің мақұлдауымыздан өткен заң жобаларын кері қайтарады, біздің депутаттарымыздың деңгейіне сенаторлардың көңілдері толмай ма?» деп ренжіген сәттеріне де куә болдым. Қазір сол кезде түсінбестік туған жайттардың бәрі күнделікті жұмыс процесіне айналғанын көріп-біліп жүрсіздер. Сенат пен Мәжіліс арасындағы текетірес жағдайында дүниеге келген заңдардың бәрі қазақ Парламентінің кәсіби біліктілігіне әсер етті.
– Кешегі рефендум өткізуге байланысты көзқарасыңызды білгім келеді.
– Референдумды өткізейік деген ұсынысты қолдағандардың ортасында мен де болдым. Қазақ мың өліп, мың тірілген халық. Біз ақтабан шұбырындыны, одан кейін 30-жылдардың аштығын, қуғын-сүргінін бастан кешкен халықтың ұрпағымыз. Жер бетінде мүлдем жоғалып кеткен ұлт та, тілдер де көп. Кейде осы күнге тұтас ұлт болып жеткеніміз бір Алланың шапағаты, ата-баба аруағының қолдауы ма деп ойлаймын. Мың өліп, мың тірілген халықтың мың бірінші рет өліп, мың бірінші рет тірілуіне мүмкіндік бермейтін қатал ғасырдың табалдырығын аттадық. Ел билігінде жүрген тұлғалардың бір сәттік әлсіздігі немесе қателігінен тұтас мемлекеттердің жер бетінен жоғалып кете барғандығына 90-жылдардағы тарихи оқиғалар куә.
Кешегі референдум өткізу туралы ұсыныс, саяси тұрақтылықты қалаған халықтың тілегі. Алдағы он жыл осы күнге дейінгі қолға алған саяси-экономикалық реформалардың жемісін сезінудің кезеңі. Кезектен тыс сайлау туралы шешім мемлекеттік шенеуніктеріміз және саясаткерлеріміз үшін Ата Заңға, қолданыста жүрген заңдарымызға құрметпен қараудың үлгісі дер едім. Сайлау кезінде электораттың кімнің жағында болатынын кешегі референдум туралы ұсынысты қолдаған азаматтарымыздың санының қорытындысы-ақ дәлелдеп береді. Президент сайлауы саяси партиялардың өзін-өзі сынауға және тексеріп алуға берілген саяси мүмкіндік. Сайлау қорытындысы бойынша екінші, үшінші орынды иемденген кандидаттардың артында тұрған партиялардың болашағынан үміт күтуге болады. Ертеңдері Парламент құрамында сол саяси партиялардың өкілдерін көрсек таң қалмауымыз керек.
– Сіз сенаторсыз. Парламент пен Үкімет арасындағы әріптестік байланысты қалай бағалайсыз?
– Үкімет пен Парламент арасындағы байланыстың белгілі бір қалыптасқан жүйесі жоқ. Оның бір жүйеге бағынуы немесе толық түсіністік жағдайда жұмыс істеуі де мүмкін емес. Бірақ, осы аталған биліктің екі тармағында түбегейлі мақсаты елімізді өркендету, халықтың жағдайын жақсартып дамыту болғандықтан, әр қайсысы өз орнында, өздеріне жүктелген міндеттеріне сай қызметтерін атқаруға тиіс.
– «Біздегі бір партиялық жүйе пікір алуандығына жол бермейді» деген өкпе-наз да жиі айтылады.
– Өкпе-наздың айтылуы заңды. Мен қолдаймын оларды. Мемлекеттік хатшы болып жүрген кезде дәл осы тақырыпта бес-алты рет басқосу өткізіліп, бұл мәселе демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссияда қаралған. Сол комиссияның демократияны әрі қарай дамыту жөніндегі отырысында Парламенттің көп партиялы болуы туралы Ата Заңға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.
– Кейде маған оппозиция өкілдерінің «саяси мінберлерден көрінуге мүмкіндік берілмей отыр» деген өкпе-назы орынсыз көрінеді. Олардың белсенділігі саяси науқандарда ғана байқалады. Қазақ оппозициясын ширататын мезгіл тек науқандық кезеңдермен шектеліп қалғаны ма?
– Бұл тек біздің елдегі жағдай емес. Саяси партиялардың үлкен-үлкен додаларда ғана белсенділік көрсетіп, қалған уақытта тайм-аут алуы – заңды құбылыс.
– Ал сайлау алдындағы саяси белсенділіктеріне қандай баға бересіз?
– Мен толық құптаймын. Себебі, әділ сын ширатады. Бой түзеуге, қателіктен сабақ алуға, ойландыруға мәжбүрлейді. Дегенмен, мықты іргелі партия саяси аренадағы қарсыласының қалғып кетуіне жол бермейтіні рас. Қоғамға ондай мықты тегеуірінді партиялар ауадай қажет. Қазір сондай партиялардың саяси аренаға шығуына биліктің өзі мүдделі болуы тиіс.
– Саяси партиялардың қайсысынан үміт күтесіз? Қай партияның аяқ алысы сізді қуантады?
– Кез келген тіркелген партиялардың Парламентте тиісті орын алуға мүмкіндіктері бар. Бірақ соңғы сөз де, соңғы нүкте де халықтың еркінде.
– Жақында Израиль үкіметі сол елдің азаматтығын алу үшін ұлты еврей емес азаматтарға яхуди ұлтына және мемлекетке адал болу туралы талапты заңдастыруға шешім қабылдады. Сол елдің сыртқы істер министрі Либерман мырза: «Біз бұл қадамға мемлекетіміздің тұтастығын және ұлтымыздың бірлігін сақтап қалу үшін барып отырмыз», дейді. Сырт елге қарап, алаңдап немесе сырт елден аэродромын сайлап жүретіндер біздің елде де баршылық екенін жоғарыда айттыңыз. Бізге қазақ ұлтына және мемлекетке адалдықты талап ететін бапты заңдастыратын кез келген жоқ па?
– Мемлекеттік қызметкер лауазымына кірісер алдында адалдық антын береді.
– Біз бұл шартты азаматтығымыздан үміткерлерден де талап етсек қалай болады?
– Израиль мемлекетінің географиялық жағдайына назар аудармасқа болмайды. Мемлекетінің орналасқан жері араб әлемінің ортасындағы арал тәрізді. Палестинамен текетіресіне әлі нүкте қойылған жоқ. Аллаға шүкір, бізде тыныштық, тұрақтылық. Көп векторлы саясатымыз – саяси тұрақтығымыздың кепілі. Мемлекеттілігімізге, шекарамызға, жеріміздің біртұтастығына күмән келтіріп тұрған ешкім жоқ. Бізде ондай қажеттілік жоқ шығар.
– Жемқорлықпен күрес біздің қоғамда талай жылдан бері жүйелі жүргізіліп келеді. Министрлер, министрлердің орынбасарлары жауапқа тартылды. Мұның соңына әлі жетер түріміз байқалмайды. Бұл біздің қоғам жемқорлыққа бой алдырып кеткен дегенді білдіре ме, әлде заңның тетіктері енді ғана жұмыс істей бастады ма?
– Мен: «Біздің қоғам жемқорлыққа бой алдырып кетті ме?» деген сауалыңызды құптамаймын. 2008 жылы Елбасы «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесінде партия жанынан жемқорлықпен күресетін қоғамдық кеңес құру керек деген ой айтты. Кеңес сол уақыттан бері жүйелі жұмыс істеп келеді. Құқық қорғау орындарымен, есеп комитетімен бір бірімізге көмектесеміз деп меморандумға отырдық. Олармен байланыс жүйелі жолға қойылды. Біздің міндетіміз жемқорларды ұстап алып, түрмеге қамау емес, оның терең зардабы туралы қоғамда пікір тудыру, қоғамдық сана арқылы оны жатырында тұншықтыру. Жастарды, кадрларды тәрбиелеу.
– Сонда сіздердің өкілеттіліктеріңіз тек қана қоғамдық деңгейде ме?
– Солай десе де болады. Бірақ, біздің кеңеске қажет болғаны Бас прокуратураға да, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров мырзаға да тікелей шығып, пікір алмасуға құқық берілгені. Бұрын жемқорлықтың зардабы туралы аз айтылатын. Кейбір жағдайда жемқорлықтың ықпалын азайтуға бағытталған жұмыстардың нәтижелері көпшілікке жария етілмейтін де. Жабық түрде өтетін сот процестерінен кейін сотталып кете баратын. Ал қазір жағдай басқаша. Жемқорлықпен күрес науқандық шара немесе компания емес. Ол үнемі эволюциялық қозғалыста болатын қажеттілік. Жұмыс барысында жемқорлығымен көзге түсіп қалған шенеуніктің аты-жөні немесе лауазымына ешкімнің таң қалмайтын дәрежеге жетуі үшін жұмыс істеуіміз керек. Ол көпшілікке жария жағдайда өтсе, ол аяныш тіпті жиіркеніш сезімін туғызып, одан сабақ алуға жол ашады. Бұл жемқорлықты ауыздықтайтын эволюциялық тәсіл. Қазір қоғамның санасы жемқорлық мәселесіне келгенде, құлдық немесе тәуелділік құрсауынан ажырап келеді. Жемқорлықтың құрсауында қалған қоғамның кез келген мүшесі үшін есігіміздің ашық екенін азаматтарымыз түйсіне бастады.
– Жемқорлықты түбегейлі ауыздықтаған бір де бір ел жоқ. Бірақ ықпалын әлсірете алсақ, соның өзі үлкен жеңіс қой.
– Жемқорлықтың ықпалын әлсіретуге бағытталған шаралар халықаралық ұйымдардың назарында тұр. Олар әрбір жылдың соңында өздері бақылауға алған елдердегі жемқорлықтың деңгейіне рейтинг жасайды. Біз соңғы өткен үш жылдың ішінде 45 пунктке көтерілдік. Қазір біздің ел ТМД елдері арасында жемқорлықтың ықпалын әлсіретуге қол жеткізе алған елдердің алдыңғы санатында тұр. Ендігі мақсат жемқорлықтың деңгейін төмендете алған алғашқы алпыс мемлекеттің қатарынан көріну.
– Бұл науқаншылдыққа ұласып кетеді деп қауіптенбейсіз бе?
- Жоқ.
– Сіз жақында журналистерге берген сұхбатыңызда «журналистер жемқорлықтың түп-тамырын сараптамайды, тек жеңіл-желпі хабар берумен шектеледі» депсіз. Бірақ «Нұр Отан» партиясы тарапынан да көпке жарияланып, нәтижесі белгісіз қалған деректерді біз де байқап қаламыз. Мысалы, күзде Астана қаласы әкімінің орынбасарына қатысты үлкен мәселе көтердіңіздер де, аяқсыз қалдырдыңыздар.
– Ол енді тұрғын үй мәселесіне қатысты болатын. Біз бұл тұста тиісті орындарға қоғамдық деңгейде ұсыныс дайындадық. Кімге қандай жаза қолдану – мемлекеттік органдардың құзырында.
– Оның нәтижесін білуге немесе Президент Әкімшілігіне немесе Астана қаласының әкімдігіне «біздің айтқанымызға құлақ аспады, жылы жауып қойды» деп өкпе артуға құқықтарыңыз бар ғой.
– Олар, сіз айтқандай, істі жылы жауып қойған жоқ. Соңғы екі айдың ішінде Астана қаласында тұрғын үй мәселесіне қатысты оң өзгерістер болды. Тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтардың тізімі Астана қаласы әкімінің веб-сайтында жарияланды. Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов – тәжірибелі басшы, сыйлы азамат. Оның қол астындағы қызметкерлерімен әңгіме-сұхбат жүргізуі арқылы-ақ телі мен тентегін тезге салып, істі алға жылжытуға қабілеті жетеді деп ойлаймын.
– Табыс салығын декларациялау, лоббистер туралы бапты заңдастыру қоғамдық Кеңес жұмыс істегеннен бастап көтерілді. Бірақ Үкіметтің осы мәселеге келгендегі үнсіздігін сіз немен түсіндіресіз? Үнсіздіктің ғұмыры тым ұзаққа созылып кетпей ме?
– Әркім табысын жариялаудан қорықпау керек. Бұл басқа елдерде заңдастырылған нәрсе. «Нұр Отан» партиясы осы жөнінде өткізген акция кезінде кейбір министрліктер тарапынан қолдау тапты. Мысалы, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, олардың орынбасарлары жеке блогтарында табыстарын және жеке мүліктері туралы декларацияларын жариялады.
– Сіз өзіңіз табыс салығын жариялап үлгердіңіз бе?
– Менің табыс салығы туралы декларациям «Нұр Отан» партиясының сайтында тұр. Менің қоғамнан жасырып-бүгіп қалар ештеңем жоқ. Сабақты инемнің қандай қаржыға келгендігіне дейін есеп бере аламын. Осыдан бір-екі жыл бұрын «Жас Алаш» газеті: «Оралбай Әбдікәрімовтің арқасында депутаттардың қанша жалақы алатынын білдік», деп жазғаны бар. Меніңше, жариялылықтан қашпауымыз керек. Мысалы, Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің жарлығымен барлық шенеуніктер табыс салығын жариялады. Жақында ел Президенті осы мәселеге қайта оралып, табыс салығының қандай кіріс көздерінен түсіп жатқанын тексеруге кірісті. Мен біздің елімізде жемқорлыққа жол жабылатынына сенемін. Тәртіп пен тазалық – Тәуелсіздігіміздің бір тірегі.
– Сіздердің талаптарыңыз «қосшысы үшін басшысы жауап беруге тиіс» екенін міндеттейді. Оған біздің қоғам дайын ба?
– Біз осының бәрін ашық болсын дейміз. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін талқылаған республикалық форумда Елбасы ел-жұртқа қарата: «Қымбат көлік немесе үй сатып алсаң, халыққа қандай ақшаға сатып алғаныңды түсіндіруден неге қашасың?» дегенді ашық айтты. Қарамағындағы қызметкерінің жемқорлығына алдымен басшысы жауап беруі тиіс. Бұл ащы да болса шындық. Бізде қоластындағы қызметкерлері жемқорлығымен ұсталған министрлік басшылары бар. Заң қол астындағы қызметкерлерін кінәлі деп тапса, басшысы жауаптан жалтарып кетуіне жол беріп алуға болмайды ғой. Олардың отставкасын қабылдау-қабылдамауды Премьер-Министрдің құзыретіне қалдырайық. Егер, осы тұста әлсіздік танытсақ, қасықтап жиған абыройымызды шелекпен төккенмен бірдей боламыз. Сондықтан осы жайтты заңдастыруды кешеуілдетуге болмайды.
– Енді достарыңыз және сізге «қарсыласпын» деп жүрген оппоненттеріңіз жайлы айтсаңыз. Достарыңыз сізді неден сақтандырады?
– Кейде жұмыс барысында айтылған сын біреулерге қатты тиіп кетеді. Ондайда достарым: «Балаларыңның, бауырларыңның болашағын ойласаңшы, бұл жалғыз саған керек пе?» дейді. Орынтақ, лауазым мәңгілік емес. Менің орнымда болса, кез келген азаматтың ел мүддесіне келгенде қалғып кетпейтіндігіне және өзгелердің де қалғып кетуіне жол бере алмайтындығына сенемін.
– Ал қарсыластарыңыз үшін «Ахиллес өкшеңіз»...
– «Қарсыласым көп» деп ашық айта алмаймын. Және сол қарсыластарымды түсін түстеп танымаймын да. Кезінде сәлемі түзу болып, кейін арамыз суып кеткен азаматтар бар. «Құдай сабырын берсін» деп тілеп жүрмін. Өзіне сын айтқан жанды кім тәуір көрсін.
– Өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз?
– Орынды сыннан қашпаймын. Бірақ менің балаларымның қызмет барысындағы жеңісі мен жемісін менің лауазымыммен байланыстыра қарайтындардың сынын қабылдай алмаймын.
– «Нұр Отан» партиясы тарапынан «үлкен басшылардың балалары қайда жұмыс істейді, олардың тізімі неге жарияланбайды» деген мәселе көтерілді. Сіздің балаларыңыздың жауапты қызметтерде екенінен БАҚ арқылы хабардармыз. Ұлдарыңыздың мансабына сіздің ықпалыңыз болды ма?
– Жақында «Свобода слова» газеті «жұлдызды балалардың» тізімін менен бастап: «Бір ұлы аймақта прокурор, екінші ұлы Сыртқы істер министрлігінде ЕҚЫҰ департаментінің директоры», деген мәліметті келтіріпті. Қайталаймын, перзенттерім бұл мансапқа өздерінің қарым-қабілетімен жетті. Кіші ұлымды СІМ Болгарияда уақытша сенімді өкіл болып жүрген жерінен елге шақырды. Департамент басшысы қызметін ұсынды. Соңғы бір жыл бойы ЕҚЫҰ төрағалығына байланысты қызу саяси дайындықтың бел ортасында жүрді. Мен балаларым үшін мақтанамын! Балаларымның бетіне тіке қарау бақытын сыйлағаны үшін тағдырыма ризамын.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахметімді айтамын!
Әңгімелескен Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ.