24 Қаңтар, 2017

Прокуратура органдары өкілеттігін анықтайтын нормаларға түзету енгізу ұсынылды

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков Елбасыға мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде әзірленген ұсыныстар туралы баяндады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Алға қойылған міндетке сәйкес үш бағыт бойынша ұсыныстар әзірленді. Бірінші. Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейтін, Мемлекет басшысының заңмен белгіленген өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі ұсыныстар. Бұған қатысты мемлекеттік органдардың ұсыныстары жүйеленді. Жалпы, ұсыныстар әлеуметтік-экономикалық сала мәселелері реттелетін өкілеттіктерге қатысты. Олар –  экономиканы, қаржыны, мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері, әкімшілік-аумақтық құрылымның жекелеген мәселелерін шешуге байланысты өкілеттіктер. Екінші. Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура сот және құқық қорғау жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар берді. Олар да Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейді. Бұл сот бақылауын күшейтуге, прокурорлардың азаматтық және әкімшілік процеске қатысуын одан әрі шектеуге қатысты ұсыныстар. Барлығы сот-құқықтық сала бойынша конституциялық өзгерістерді қажет етпейтін 13 ұсыныс жасалды. Үшінші. Жұмыс тобы Конституция нормаларын түзетуді көздейтін 40-қа жуық ұсынысты жеке қарады. Бұл мәселеде депутаттық корпус, ғылыми-сарапшылық қауым белсенділік танытты. Енгізілген ұсыныстар Парламент пен оның палаталарының өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді, соның ішінде олар Үкімет құрамын жасақтауға да қатысты. Сонымен қатар Үкіметтің Парламент пен оның палаталары алдындағы есептілігін күшейту ұсынылды. Бұған қоса, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейту жөнінде ұсыныстар келіп түсті. Сот-құқық саласын жаңғыртуға бағытталған ұсыныстардың да бір бөлігі Конституцияны өзгерту мәселесімен байланысты. Атап айтқанда, ол Жоғарғы Соттың мәртебесі мен функцияларын нақтылау мүмкіндігіне және судьяларға қойылатын талаптарды анықтауға қатысты. Прокуратура органдарының мәртебесі мен өкілеттігін анықтайтын нормаларға түзету енгізу ұсынылды. Конституциялық бақылау тетігін жетілдіру туралы ұсыныстар енгізілді. Осылайша, Сіздің қарауыңызға Конституцияны өзгертпей, заңнамамен  белгіленген өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейтін базалық ұстанымдар енгізіліп отыр. Сондай-ақ, Конституция нормаларына бірінші кезекте Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, сонымен бірге Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізу мүмкіндігі жөнінде ұстанымдар әзірленіп, Сіздің қарауыңызға ұсынылып отыр, – деді Ә.Жақсыбеков.