24 Қаңтар, 2017

Мемлекет басшысының өкілеттігін қайта бөлу жөнінде 32 ұсыныс әзірленді

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елбасы Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты. Отырыс барысында жұмыс тобының мүшесі З.Федотова ұсынылған түзетулердің сындарлы сипатына тоқталды. – Біз негізінен Үкімет иеленуге тиісті ұйымдастыру-атқару функцияларын беріп жатырмыз. Бұл – Үкіметтің де жауапкершілігі. Парламенттің жұмысына қатысты алсақ, біз Мәжілістің көп жағдайда келісім беру жөніндегі өкілеттікке ие екенін көріп отырмыз, – деді Мемлекеттік басқару академиясының профессоры. Сонымен қатар, жұмыс тобының мүшесі М.Бекетаев Президенттің өкілеттігі бекітілген нормаларды анықтау жөніндегі Үкімет жүргізген талдауды жариялады. – 11 конституциялық заңға, 20 кодекс пен 298 заңға талдау жасалды. 11 кодекс пен 80 заңда Президенттің өкілеттігін белгілейтін нормалар қарастырылған. Үкімет жұмыс тобымен бірлесіп, Мемлекет басшысының өкілеттігін қайта бөлу жөнінде 32 ұсыныс әзірледі. Бұл ұсыныстар Конституцияға өзгерістер енгізбей-ақ, басқа заңдарға өзгерістер енгізуді көздейді, – деді Әділет министрі. Сондай-ақ, «Қазақстанның заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы жүргізілген талдаудың негізінде барлық филиалдарда талқылаулар өтіп жатқанын айтты. – Заңгерлер қауымы жүргізіліп жатқан реформаның өзектілігі мен дер кезінде жасалып жатқанын айтып, оған қолдау білдіруде, – деді Р.Мұқашев.