Біз бұған дейін де Универсиада салтанатына орай Алматыдағы барша сауда орталықтары тауарларын арзандатып, туристер тартуға септігін тигізетіні туралы хабарлаған едік. Жұма, яғни 20 қаңтарда басталған ауқымды жеңілдіктер жәрмеңкесіне Алматыдағы 200-ден астам сауда орталықтары мен дүкендер желісі қосылды.
Аптаның соңғы жұмыс күнінде қала әкімі Бауыржан Байбек БАҚ өкілдерімен бірге жеңілдіктер фестиваліне қатысатын бірқатар сауда орындарын аралап шықты.
Алдағы 10 ақпанға дейін жалғасатын «Almaty Sales Festival – Winter-2017» фестиваліне әлемге танымал 500-ге жуық брендті ұсынатын әрі «street retail» форматында жұмыс істейтін 100 сауда орталығы, 100 дүкен қатысуда. Алматылықтар мен қала қонақтары киімдерді 80 пайызға дейінгі жеңілдіктермен сатып ала алады. Сонымен қатар, косметиканы 20 пайызға дейінгі, зергерлік бұйымдарды 40 пайызға дейінгі, тұрмыстық техника мен басқа тауарлар да арзан бағамен босатылмақ.
Отандық сауда маркалары да Универсиада – қала мен алматылық кәсіпкерлер үшін маңызды жоба екенін алға тартып, жеңілдіктер фестиваліне қолдау көрсету арқылы өз үлестерін қоса алатындарына мақтанады.
Тауарлардың арзандатылғанын ести сала, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға ұмтылғандар арасында танымал өнер жұлдыздары да табылды.
«Біз барлығымыз Универсиаданы асыға күтудеміз. Спортшыларымызға қолдау көрсету үшін міндетті түрде жанкүйер боламыз. Жеңілдіктер фестивалі туралы ести сала, ұнатқан киімдерді алуды жөн көрдік. Біз алған тауарлар қонымды, спорт нысандарының ішінде киіп жүруге қолайлы», – дейді RIN’GO тобының солисі Данияр Өтеген және әнші Мәдина Сәдуақасова.
Сол сияқты, сауда орталықтарында түрлі тақырыптық шаралар, қолөнершілер жәрмеңкесі, қазақстандық дизайнерлердің көрмесі, балалар үшін шеберлік сыныптары, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылуда.
«Біз радиодан қалада жеңілдіктер фестивалінің басталғанын ести сала құрбым екеуміз бірден дүкен аралауға шықтық. Қызығып жүрген тауарды арзан бағаға сатып алу да қуаныш», – деді Айсұлу атты студент қыз.
«MEGA Alma-Ata» сауда орталығында болған қала әкімі Универсиадаға билет сататын кассаға да барды. Ол жердегілер конькимен мәнерлеп сырғанауға, хоккейге қызығушылықтың көп екендігін, ал қазақстандық хоккейшілердің ойындарына билеттердің түгел сатылып кеткендігін, орынның жоқтығын айтты. Жалпы, бүгінгі күнге дейін 200 мың билеттің 86 мыңы сатылған.
АЛМАТЫ