25 Қаңтар, 2017

Ел үшін ер ісін тындырып жүрген жан

850 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
фото ШакеЕлдік істерді тындырып жүрген еңселі азаматтар, құдайға шүкір, қазақ топырағында бүгінгі күні де баршылық. Солардың арқасында ұмытыла бастаған оқиғалар мен ерен тұлғалардың есімдері де қайта жаңғырып, ұрпаққа танылып, елдігіміздің іргетасын нығайта түсуде. Алайда, жақсы істі бастап, жалпақ дүниеге жалаулатқанымен, оны аяғына дейін жеткізбейтіндер де көп. Солардың ішінде қор құрып, жылу жинап, жанашыр халықтан ақша түсіріп, ақыры «алтын көрсе, періште жолдан таяр» дегендей, оны қара басына жұмсап қойып, аузын қу шөппен сүртіп шыға келетін пысықтар да кездесіп қалады. Ал бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, елдің алғысына бөленетіндер туралы әңгіме бөлек. Абайдың «Единица —жақсысы Ерген елі бейне нөл. ...Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл?» жыр жолдары осындайда ойға оралады. Сол «единицаларға» жататындар қатарында Шахарбек Усманов ағамыз да бар деп батыл түрде айта аламыз. Алдымен қалың көпшілікке Шахар­бек Оспанұлының кім екенін таныс­тырып өтейік. Шәкеңнің әкесі Оспан –  қазіргі Қызылорда облысының Жалағаш ауданының тумасы. Оның әкесі Есжан да, ата-бабасы да әл-қуатты, дәулетті адамдар болған. Текті ұрпаққа құйылған мол несібенің қоры үзілмей, Кеңес өкіметі келгенше дәулетті ғұмыр кеше­ді. Соның арқасында Оспан ерте хат танып, ауыл маңында ерте атқа мінген белсенді адамның бірі болған. «Ел де, жер де халықтікі болады, біз халық өкіметін құрып жатырмыз», деген большевиктік сандалмаға сеніп, ол да жаңа өкіметке жанын салып қызмет етеді. Өзі тұрған ауданда «Жаңа талап» артелін құрып, оның алғашқы ұйымдастырушыларының бірі болады. Бұл – байлардың, қуатты шаруалардың барлық байлығын, қазынасын қызыл өкімет тартып алып, кәмпескеге ұшы­ратқаннан кейін халықтың ішер ас пен киер киімге жарымай қалған кезі еді. Жаңа артель егіншілікпен айналысып, елдің аузы аққа тиіп, бір тойынып қалады. Бәрін жұп қылып жаратқан жалғыз Алла дүниеде жақсылық пен жаман­дықты да егіз қылған ғой, енді тойынған халықтың арасынан «жау іздеушілер» табылып, Оспанның жеті атадан бері дәулетті тұқымнан екенін айтып, оны «байдың құйыршығы, жау» деп көрсеткен жалаңтөс, шолақ белсенділер шығады. Ел деп, жер деп күндіз-түні ат­тан түспей еңбек еткен есіл ер бас сауға­лап, туған жерден қашуға мәжбүр болады. Солтүстікте ата-бабасынан бері бай болғаны үшін қуғынға ұшырап, қорлық көрген Тұрғын ақынның мынадай жыр жолдары болатын: «Бытырады жұрт жерінен, Ойнап-күлген теңінен. Қайда барсаң сау жан жоқ Қуылмаған елінен. Жаздым қағаз қамығып, Шаппай-жел­мей талығып. Ұрлық-өтірік түк қылмай Жүрміз бұлтты жамылып...». Осындай күйді Оңтүстіктегі Оспан аға­мыз да кешіп, туып-өскен жерінен ата-бабасынан бері бай болғаны үшін ғана қудаланып, қыр асып, су кешеді. Бір кезде атын атап, еске алудың өзі қылмыс саналған Темірбек Жүргеновтің есімін қазақ халқы қазір жақсы біледі. Оның ұлтына қызмет етуде озық үлгілер мен орасан істер тындырып, халық ағарту комиссары ретінде қазақ өнерінің еуропалық жолмен қарыштауына аса зор еңбек сіңірген қайраткер екені әбден танылған. Міне, осы Темкең – Оспан ағамызбен бір жердің тумасы. Тіпті, тумасы ғана емес, жақын інісі, екеуі алтыншы аталары Жәрімбетте қосылады. Жәрімбет халқына қайыры тиген, бар дүниесін жетім-жесір ғаріптен аямаған, қайырымы мол, әулие атанған кісі екен. Осындай текті атадан тараған Оспан қудаланып, қамап қойған жерінен кепілдікпен шығарылған соң, әйелі мен жеті айлық Жәнеберген деген ұлын алып, өзбек жеріне Темірбекті сағалап барады. Ол кезде Темірбек Жүргенов Өзбекстанның халық ағарту комиссары қызметін атқарып жүрген шағы. Айта кететін болсақ, ол Қазақ АКСРОК-ның І хатшысы Л.Мирзоянның тікелей шақыруымен 1933 жылдан бастап Қазақ АКСР-інің осындай қызметіне келген. Оспан Есжанұлы осы інісінің көмегімен өзбек жеріндегі қазағы қалың қоныстанған Самарқан облысының Замин ауданына тұрақтайды. Бір кезде Орынбордағы алты айлық мал дәрігерлік курсын бітірген ол мамандығы бойынша жылқы өсіретін ферманың зоотехнигі болып орналасады. Жұмыстың қандай түрінен де бас тартпаған еңбекқор ағамыз мұнда өзінің маңдай терімен оңай сіңіп, жылқы өсіру шаруашылығын оңай үйіріп әкетеді. Бір-екі жылда күш алып, есін жиған ағамыз 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы аштықтан қашып, бас сауғалаған талай ағайындарға енді өзі пана болады. Ұзамай 1937-1938 жылдардың қанды сүргіні басталып, елдегі барлық есті-басты деген адамдарды тегіс көгендеп, қамауға ала бастаған ғой. Сол жылдары Оспан Есжанов ағамыздың соңына да шырақ алып түскендер болыпты. Бірақ өзбектер қазақтардай дарақылық көрсетпей, араларындағы жақсының көзін құртуға асықпаған. Замин ауда­нының сол кездегі хатшысы Саттар Усманов Қазақстан НКВД-сынан Есжановты қуғындап келген қатынас қағазға: «Бізде Есжанов жоқ, Ищанов деген озат колхозшы, қазақ маманымыз ғана бар, ол коммунизм ісіне әбден берілген, адал адам», деп қол қойып, жауап беріпті. Сөйтіп, кейбір сатымсақ қазақ басшылары құсап, «аш құлақтан тыныш құлақ» деп қол астындағы адамды ұстап бермей, басын бәйгеге тігіп, қорғап қалған екен... 1937 жылдың 1 ақпанында Оспанның отбасында іңгәлап тағы бір перзент дүние есігін ашады. Ол осыдан 80 жыл бұрын Өзбекстанға қуғынмен барған қазақ отбасында дүниеге келген біздің бүгінгі әңгімеміздің негізгі кейіпкері Шахарбек Усманов ағамыз еді. Отбасындағы сегіз баланың бірі болған Шахарбек алақанға салып, әлдиленіп, еркетотай болып өспеген. Жасынан еңбекке ұмтылып, әке-шешесіне көмектесіп, мал табуға дағдыланған. Ата-ананың ұлағатты тәрбиесі оны елге қайырымды, мейірім-шапағаты мол азамат етіп өсіреді. 1957 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Шахарбек Ташкенттің мақта-мата институтына оқуға түседі. 1932 жылы ашылған бұл жоғары оқу орны алғашында мақта өңдеу мен иіру, жібек технологиясы және тоқу мамандықтары бойынша инженерлер дайындайтын. Кейінгі жылдары бірнеше мамандық бойынша жаңа мамандар дайындайтын болған. 1967 жылдан Ташкенттің тоқыма және жеңіл өнеркәсібі институты аталған. Шахарбек Усманов осы инс­титутты инженер-технолог мамандығы бойынша 1962 жылы бітіріп шығады. Бұл – заман сталиндік қуғын-сүр­гіннен тыныштанып, ел кенеліп, төл теңелген жылдар еді ғой. Шахарбектің әкесі Оспан ақсақал да таршылықта қол үшін берген өзбек ағайындарға алғысын айтып, бір баламен барған басы енді сегіз баласын ертіп, аттың басын күндіз естен, түнде түстен кетпейтін туған жерге түзейді. Сөйтіп, Шахарбек институт бітіргеннен кейін еңбек жолын туған жерде бастауға қол жеткізеді. Өзбек мәнерімен тегі Усманов деп жазылған ағамыз алдымен «Славян» мақта зауытына ауысым шебері болып тағайындалады. Осында тыңғылықты еңбегімен көзге түскен жас маман ұзамай өндіріс бастығы болып өсіріледі. Ал 1964 жылдың наурыз айында ол Түркіс­тан мақта зауытына ауысып, цех бастығы қызметіне тұрады. Жүрген жерінде жұғымды, халықпен жұмыс істей білетін, ұйымдастыру қабілеті жоғары жас жігіт ұзамай жергілікті өкіметтің назарын өзіне аударады. Сөйтіп, аудан билігі оны жастармен жұмыс істейтін салаға тартып, 1965 жылы Түркістан аудандық комсомол комитетіне жұмысқа шақырады. Ол кезде жергілікті өкіметтің айтқанынан, партияның айдауынан ешқайда бұлтара алмайсың. Шахарбек те сүйікті қызме­тінен қол үзіп, аудандық жастар ода­ғының бірінші хатшысы қызметіне баруға мәжбүр болады. Бір ғана жыл жастардың ортасында істесе де Шахарбекке бұл қызмет халықпен сөйлесудің, өзінің ой-пікірін ұқтыра алудың үлкен мектебі сияқты болыпты. Ол халық алдына шығып, еркін сөйлеудің, жиналысты қалай жүргізудің машықтарын бойына әбден сіңіреді. Жас жігіттің алымды қа­дамдары республикалық комсомолды да қызықтырып, 1966 жылы оны Алматыдағы Орталық комитетке қызметке алдырады. Осының өзі-ақ оның көзге бірден түсетін талантты жас екенін айғақтап тұр. Алайда, 1966 жылдың аяғына қарай Шымкенттегі мақта зауытына директор болатын адам іздегенде жергілікті басшылық Шахарбек Усмановтың кандидатурасына тоқтайды. Сөйтіп, ол комсомолдан қайтадан өндіріске шақырылып, 29 жасынан осы саланың басшылық қызметіне кіріседі. Үш жылдан кейін өзі бұрын қызмет еткен Түркістандағы мақта зауытын басқаруға ауыстырылады. Барлығы жиырма жылға жуық мақта өңдеу саласы кәсіпорнының басында жүрген жас жігіт үлкен өмір мектебінен өтеді. Түркістанда директор болған жылдарында осы кәсіпорынды одақ көлеміндегі алдыңғы қатарлы мақта өңдеу зауыттарының қатарына қосады. Осы кәсіпорындар 1985 жылы «Каззаготхлопкопром» өндірістік бірлестігі болып біріккенде оның бас директоры болады. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1994 жылы мақта кәсіпорындары «Мақта» акционерлік қоғамы болып қайта құрылғанда да Ш.Усманов оның бірінші басшылығында қала беріп, бұл қызметті 1997 жылдың желтоқсан айы­на дейін атқарған. Ал 1997 жылдың желтоқсан айынан бастап ол «Шымкент-Мақта» жекешелендірілген акционерлік қоғамының президенті болған. Басқа сөзбен айтқанда, Шахарбек Усманов – мақта өңдеу кәсіпорындарын қырық жылға жуық басқарған еліміздегі ең атақты мақташылардың бірі. Мемлекет оның саланы өркендету жолындағы ерен еңбегін жоғары бағалап, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берген, «Құрмет Белгісі» және Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапаттаған. Сонымен қатар, ол бір кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құр­мет грамо­тасын да алған. Түркістан қаласының, Мақтаарал ауданының, Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Құрметті азаматы және Оңтүстік Қазақ­стан облы­сы­ның Құрметті азаматы. Шахарбек ағамыз жұбайы Раямен екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан бірнеше немере-жиендер көріп отыр. Балаларының бәрі де қазақтың үлгі тұтарлық жақсы азаматтар болып өсіп, өмірдің сан түрлі саласында жүр. Үлкен ұлы Ерік заңгер, кіші ұлы Сұлтан мен қыздары Шара, Гүлмира жеке кәсіпкерлер. Шәкеңнің немерелері де өмірден өздеріне лайықты орындар тапқан. Соның ішінде бір немересі Қуаныш Сұлтановтың немересіне үйленсе, тағы бір немересі Еңбек Ері Нағым Қобыландиннің немересіне тұрмысқа шыққан. Міне, Ш.Усмановтың өмір жолы осындай. Енді оның халық қазынасын қалпына келтіру жолындағы қоғамдық еңбектеріне тоқталайық. Қазақ «өзі болған қыз төркінін танымас» дейді. Бұл қызға қаратып қана айтылған сөз емес, өзінің тойғаны мен қалтасының қампайғанына ғана мәз болып, ата-баба, туған жер, ұлт пен ұлысының тарихы мен тағдырына бейтарап қарайтын көзқамандарды да қамтып айтқан пәлсапалық ұғым. Шахарбек ағамыз ондайға керісінше, елдік іске еңсеріле кірісетін ер көңілді жан. Алдымен ол әкесі Оспанның кіндік қаны тамған «Жаңа талап» ауылына екі жүздей адам сиятын зәулім мешіт салдырып береді. Сөйтіп, жерлестерінің шексіз алғысын алып, Алланың ризашылығына бөленеді. Ал енді Шәкеңнің халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Темірбек Жүргеновтің есімін жаңғыртудағы істері ұлан-ғайыр. Өзінің отбасына Темкеңнің жасаған жақсылығын әкесінің аузынан тастамай айтуынан білген Шахарбек аға оның еңбегін әбден ақтаған. Алдымен ол, 2012 жылы Бауыржан Иманғалиұлы деген зерттеушінің Т.Жүргенов туралы кітабын шығартып, барлық шығынын жеке-дара көтеріп алған. Темкеңнің өмірі мен еңбектерін одан әрі зерттеген Бекарыстан Мырзабаевтың да кітабын жарыққа шығарған. Темкеңнің Өзбекстанда ұзақ жылдар қызмет етке­нін айттық, сондықтан ол туралы деректер көршіміздің мұрағаттарында көп екен. Сол деректердің бәрін зерттеушіге Өзбекстанның Орталық мұ­р­ағатынан Шәкең өзі алып берген. Өзбектер қазақтардай етек-жеңі кең, келген адамның бәріне ақта­рылып қалатын аңқылдақ емес, мұра­ғатына сақ, оңайлықпен керек дүние­ні бере қоймайды. Тек Шәкеңнің табандылығының, олармен тіл табыса алатын дипломаттығының арқасында ғана мол деректерге қол жеткен. Осы кітаптарға байланысты және басқа да қоғамдық шаралардың ұйым­дастырылуына ұйытқы болып, бәрі­­нің де шығынын өзі көтерген. Одан әрі «темір нарком» туралы бұрын тү­сірілген деректі фильмді де Өзбекс­тан мұрағаттарындағы деректермен толық­тырып, жаңа кино шығаруға барлық жәрдемін тигізген. Шахарбек Усмановтың Әйтеке бидің басына зәулім кесене орнатуды бастап, оның бел ортасында жүргені және оны аяғына дейін жеткізгені бір кітапқа жүк боларлық орасан зор еңбек. Осы еңбегінің өзімен ғана ол қазақ халқының барлық құрметіне лайықты адам. Әйтеке бидің Өзбекстанның Науаи облысының Нұрата қаласында жерленген дерегін алғаш тапқан Шәкең. 2005 жылы Өзбекстанға барғанда ол Нұратаның қорымында Сейітқұл әулие мен Әйтеке бидiң зираты барын естиді. Жұмысының тығыз екендігіне қарамай Шәкең бабалардың басына құран оқытуға барады. Кезінде қыш кірпіштен қаланып, одан ұзақ жылдар бойы айдаладағы аңызақ соққан аптап ыстықтың астында, жел мен күннен әбден мүжіліп, тозған, қараусыз моланы көргенде жүрегі қан жылайды. Оның өзін де өзбек өкіметі Кеңес жылдарында сырып тастап, үстінен жол салмақ болғанда Науаи облысының қазіргі бас имамы Насреддин Ишанның атасы, ауыл молдасы Саид Эшонбобо бала-шағасымен трактор алдына жатып алып: «Бұл жерде қазақтардың әулиелері жатыр, қозғауға болмайды, соңынан сұрауы болады», деп шырылдап, сырғызбаған екен. Осыны естіп, қорымды көрген Шәкең қазақ деген халқы үшін, келер ұрпақтың қамын ойлап, басын бәйгеге тігіп, аттан түспей, жау келсе, толарсақтан қан кешіп, ел мен жерді қорғауды ұйымдастырып, қу жандарын шүберекке түйіп, азап шеккен ұлы бабалардың басы бұлай күтімсіз жатқанына жалғыз өзі кінәлідей жүрегі қатты ауырады... Содан... содан Шәкең бабалардың басын көтеру жолында аттан түспей, аласұрып қызмет жасаған. Алдымен Қазақстанның сол кездегі Өзбекстандағы елшісі Асқар Мырзахметовке соғып, Өзбекстан билігінен Сейітқұл әулие мен Әйтеке би бейіттерінің басына кесене көтеруге рұқсат беретін жер алуға көмек беруін өтінеді. Айта кететін жайт, Сейітқұл әулие Әйтеке бидің туған бабасы. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірнеше шапқыннан кейін, әйтеуір екі әулиенің бейіттері маңындағы 6 гектар жерге құрылыс жүргізуге рұқ­сат алынады. Шәкең өзін қолдайтын бірнеше адамның басын құрап, енді кесененің құрылысын бастауды қолға алады. Бұл іс Өзбекстанға елші болып қазақтың тағы бір тұлғалы азаматы Зауытбек Тұрысбеков келгенде жанданып жүре береді. Жүрегінде ұлтына деген жылылығы, жілігінде намысы бар, ой-өрісі биік азамат бұл істі бастау­шыларды бел шешіп, белсене қолдап, қолдан келген көмектерінің бәрін жасайды. Сөйтіп, бейіттің басына биіктігі 14 метр, ұзындығы – 15, ені 8 метр алып кесене тұрғызылады, 17 метрлік мұна­расы бар мешіті бөлек салынады. Толық кешенге мұражай, қонақүй, шайхана да енгізіліп, бәрінің де құрылысы жайы­мен аяқталады. Мұражайдың ішіне қойылатын экспонаттарды Шәкең Қазақ­стан мен Өзбекстаннан тірнектеп жинаған. Әйтеке бидің қоладан жасалған мүсіні де оның сәнін келтіріп тұр. Сөйтіп, ғасырлар бойы қараусыз қалған ұлы бабамыздың басы қазір гүлдей жайнап тұр (суретте). Әрине, ол бір жолы немесе бір айда емес, бірнеше жылға созылып аяқталды. Осынша уақытта жасы жетпістен асқан кісінің Қазақстан мен Өзбекстанға, оның ішінде Ташкенттен 550 шақырым жердегі жазда күйіп тұратын Науаи облысының бір түкпіріндегі Нұратаға қайта-қайта шапқылауының арқасында зорға аяқталған шаруа. Өйтпесе, бола ма, қажеттi құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету, құрылысшыларға бас-көз болу оңай шаруа емес... Осының өзі үлкен ерлік емес пе? Әрине, Шәкеңнің ісіне бір топ азаматтар қаржылық, Арыстан, Нұрлан және т.б. інілері қол көмегін берген. Сонымен бірге, бұл іске үлес қосқандар арасында Зауытбек Тұрысбеков, Қаражан және Бернард Сердалиевтер, Рахат Байзақов, Алтынсары Үмбеталиев, Ибатулла Қалыбеков, Есенғали Байменов және т.б. болғанын айта кету керек. Бірақ негізгі жүк Шәкеңнің өз мойнында болған. Осында қызмет атқаратын төрт адамға да Шәкең өз қалтасынан еңбекақы төлейді... Әйтеке бидің 370 жылдығы аталып өткен Алматыдағы 2014 жылғы жиын­да бұл туралы талай адам айтты. Осындай жиын Әйтеке бидің басында да өткізіліп, оған 1,5 мыңдай адам келген. Оның да негізгі шығындарын Шәкең көтерген. Тіпті Әйтеке туралы фильм түсіруге де ол мұрындық болды. Осының бәрін Шәкең мен істедім деп кеудесін қағудан аулақ. «Ортағасырлық сәулеттермен өрнектелген хас шебердiң қолтаңбалары айқын аңғарылып, ай­шықтығымен көптi қуантқан кесененiң толық бiтуiне, одан басқа да көптеген игi шаралардың жүзеге асуына мұрындық болған Шахарбек Усмановтың орасан еңбегi кiмге болса да үлгi-өнеге», деп жазыпты кесенені көрген белгілі тележурналист Доғдырхан Тұрлыбек. «Мен істедім дегенше мың істеді десейші» демекші, Шахарбек Усманов қазақтың ат байлайтын қазығы, ел тұтас­тығының тұтқасы болған Әйтеке бидің басын мен көтеріп едім деп ешкімге айтпайды. Бұл да оның мәрттігі, жан жомарттығының бір көрінісі. Оның соңғы істеген бір ерен ісі Тілеу батырға арналған Шымкентте тұр­ғы­зылған ескерткіш. Атақты Мөңке бидің әкесі Тілеу әрі би, әрі батыр болған адам. Ол Сайрамды шабуға келген жоңғар­лармен айқасуға баласы Жол­дыаяқпен бірге 17 мың қолды бастап барып төрт жыл соғысқан. Шешуші ұрыста екеуі де ерлікпен қаза тапқан. Екеуі­нің де сүйегі кейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Міне, осы батырларға арналып Шымкентте Қазақ хан­дығының 550 жылдығын атап өткен 2015 жылы тұрғызылған монументалды ескерткіштің көтерілуіне де ол мұрындық болды. Шәкеңнің бұдан басқа да толып жатқан қайырымдылық істері бар, оның бәрін тізіп шығу мүмкін де емес, біз тек үлкендеріне ғана тоқталдық. Осының өзі-ақ оның алып тұлғалы, ізгі ниетті жан екенін көрсетіп тұр емес пе? Міне, бүгіндері 80-ге толып отырған Шахарбек ағамыз осындай адам. Қазір ол ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиендерінің қызық-қуаныштарын молынан кешіп, бәйбішесімен екеуі жақын-жұрағаттарының ортасында аман-сау, Шымкент қаласында тұрып жатыр. Халқының рухани байлығы үшін қызмет етуге Шәкең әлі де дайын, Алланың берген қуатын ол ел игілігіне жаратқысы келіп тұратын абзал жан. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» СуретТЕ: Ш.Усманов