25 Қаңтар, 2017

140 мыңнан астам ел азаматы мүліктерін жария етті

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елімізде соңғы үш жылда жекешелендіру аясында іс жүзінде саудаға 578 нысан шығарылып, оның 394-і сатылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде жекешелендірудің «екінші толқынының» іске асырылу нәтижелері және мүлікті жария етудің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Ыбырайымов мәлім етті.  «2014-2016 жылдарға ар­налған сату кестесіне сәйкес, сатуға 629 нысан жос­парланған. 2017 жылдың 1 қаң­тардағы жағдай бойынша іс жүзінде саудаға 578 нысан шығарылды, оның 394-і сатылды. Республикалық меншік бойынша – 25, коммуналдық меншік бойынша – 201, әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациялар бойынша – 97, холдингтер бойынша – 71 нысан сатылды», – деді комитет төрағасының орынбасары. Сондай-ақ, ол сатудан түс­­кен қа­ра­жаттың қалай бө­лін­генін айтып берді. «Республикалық бюджетке – 8,4, облыстық бюджет­тер­ге – 16,9 холдингтер­ге – 73,6 және әлеуметтік кәсіп­кер­­лік корпорацияларға – 6,8 млрд теңге түсті», – деп атап өтті Ғ.Ыбырайымов. Сауда-саттық мем­лекет­тік портал ар­қылы элек­трон­дық форматта жүр­гі­зі­леді, бұл жекешелендірудің мөл­­ді­рлігін және ашық­ты­ғын қамтамасыз етуге мүм­­кіндік береді. Сәйке­сін­ше, сауда-саттық жүр­гі­зі­летін мемлекеттік пор­тал­дың қауіп­сіздігі аса маңыз­­ды болып табылады. Бұл орай­да, жүйенің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етудің ұйым­дастырушылық және тех­никалық сипаттарына «Ақ­параттық-есептеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Жа­на­сыл Оспанов тоқталып өтті. Оның айтуынша, мем­ле­кеттік ақпараттық жүйе ақпараттық қауіпсіздіктің стандарттары мен барлық талаптарына сәйкес аттестаттаудан өткізілген. «Аттестаттау қоры­тын­дысы бойынша ақпараттық жүйенің серверлік және бағдарламалық жасақтамасы барлық талаптарға сай болып шықты. Серверлік алаң сенімділіктің ең жоғарғы 4-ші деңгейіне сәйкес келеді. Жүйе қолданушыларының интернет трафигі қауіпсіздіктің барлық шараларынан өтеді және әрдайым бақылауда болады. Сондықтан да іс жүзінде жүйеге сырттан біреудің енуі мүмкін емес», – деп атап өтті Ж.Оспанов. Сондай-ақ, ол сауда-сат­тық қатысушыларының қан­дай да бір шағымдары немесе ұсыныстары болса, кез келген уақытта Call-ор­та­лық­қа хабарласулары­на болатынын жеткізді. Бұдан кейін жедел мониторинг басқармасының басшысы Ерлан Сағнаев мүлікті жария ету акциясы аяқталғанын жеткізіп, оның қорытындысы бойынша баяндама жасады. «Мүлікті жария ету ак­циясының мүмкіндіктерін елдің 140 мыңнан астам азаматы пайдаланды. Барлығы 5,7 трлн теңгеге активтер заңдастырылды, оның ішінде ақ­шалай – 4,1 трлн теңге жә­не мүлік 1,6 трлн теңгені құ­райды. Жылжымайтын мү­лі­ктің 151 мыңға жуық нысаны, сондай-ақ заңды тұл­ғалардағы қатысудың 213 үлесі жария етілді. Ақшаны жария ету үшін барлығы 11 821 шот ашылды. Ел ішіндегі активтер 5 трлн теңгеге, ал шетелдегі активтер 700 млрд теңгеге жақын, олардың 614 млрд теңгесі ақшамен, 70 млрд теңгесі мүлікпен жария етілді», – деп мәлімдеді басқарма басшысы. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»