Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі халықаралық кездесудің қорытындылары бойынша
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
МӘЛІМДЕМЕСІ
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі үстіміздегі жылғы 23-24 қаңтарда өткен сириялық реттеу бойынша халықаралық кездесудің қорытындыларын құптайды. Бұл келіссөздерді өткізу кепілдік беруші мемлекеттер Ресей, Түркия және Иранның күш-жігерлерінің арқасында БҰҰ және АҚШ-тың қатысуымен мүмкін болды. Қазақстан қазіргі Астана үдерісінің шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтар сириялық дағдарысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 (2015) қарарына сәйкес Женева үдерісі аясында саяси реттеуге оң серпін береді деп санайды. Астана сириялық қақтығыстың тараптары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2336 (2016) қарарына сәйкес Сирияда атысты тоқтату режімі бойынша өздеріне жүктеген міндеттемелерге берік болады деген үміт білдіреді. Қазақстан, білетіндеріңіздей, Астанада 2015 жылы бірқатар сириялық оппозициялық топтар арасында келіссөздердің екі раундын өткізді, сондай-ақ 2016 жылғы желтоқсанда Сирия халқына 500 тонна көлемінде ізгілік көмек жеткізді. 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздікпен байланысты мәселелерді шешу жолында барынша күш-жігер жұмсайтын болады және, бұл ретте, сириялық дағдарысты реттеу бойынша үдеріске өзінің үлесін қосуға дайын.