АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикамен шекарада "ұлы қорған" салуға белін бекем буып отыр. Президент өз сөзінде сәрсенбі күні шекарада қорған салу туралы қаулыға қол қоятынын айтты, деп жазады BBC.
"Бұл ұлттық қауіпсіздік үшін өте маңызды қадам. Біз қорғанды саламыз", - деп жазды Ақ үй басшысы өзінің Туиттерінде.
Қорғанды салуды туралы қаулыға президент Астана уақытымен түнге қарай қол қояды. Сонымен қатар шекарадағы қауіпсіздік шараларын күшейту мен көші-қон саласындағы бірқатар құжаттарға қол қойылмақ.
Бұл қаулылардың нақты мәтіні әзірге жарияланбай отыр. Алдын ала болжамдарға сүйенсек, АҚШ-қа Таяу Шығыстың мұсылман елдерінің азаматтарының кіру тәртібі күшейтілмек.
Бұған қоса Трамп елдегі қалалардың жергілікті билігін заңсыз мигранттарға қарсы қолданылатын шараны қатаңдатуды тапсыратынын айтты.
Мексикамен арадағы шекарада 3 мың шақырымдық қорған салу президенттің сайлауалды бағдарламасында да айтылған еді. Тіпті, қорған құрылысына кететін шығынды Мексика үкіметіне төлететінін де айтқан болатын. Ал Мексика билігі қорған құрылысына қаржы бөлмейтінін ашық айтқан.