25 Қаңтар, 2017

Түркия министрі: Астана келіссөзі нәтижелі аяқталды

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглы осылай деп мәлімдеді, деп жазады 24kz. «Астанадағы алқалы жиында қатысушы тараптар оқ атпау туралы уағдаластықты одан әрі нықтап, бұл маңызды келісімді Сирияның барлық аймағына енгізу жөнінде пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ үкімет пен дала командирлерінен тұратын оппозициялық топ өкілдері Сирияның алдағы келешегі мен саяси үдерістері төңірегіндегі ұстанымдарын айқындады. Нәтижесінде Сирияда оқ атуды тоқтатып, арандатушылықты болдырмау бойынша жүйені қадағалайтын үшжақты механизм құру туралы келісімге келдік», - деп атап өтті Түрік сыртқы істер ведомствосының басшысы. Екі күнге созылған Астанадағы Сирия мәселесіне арналған келіссөзді түрік сарапшылары да жіті бақылады. Ахи Эвран университетінің профессоры, саясаттанушы Куршад Зорлудың айтуынша, Астана процесі 8 ақпанда жоспарланған Женевадағы жиынға жаңаша серпін бермек. "Астана араздасқан елдерді елдестіріп, күн тәртібіндегі күрмеуі шешілмей тұрған күрделі мәселелерді бейбіт жолмен реттейтін дипломатиялық алаңға айналғалы қашан?! Осы жолы да Астана бүкіл әлемді алаңдатып отырған Сириядағы қантөгісті тоқтатып, елде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауына түрткі болса, онда Қазақстанның жаһандық тұрақтылық пен адамзат өркениетіне қосқан кезекті үлесі болатыны анық. Астана процесі кескілескен қақтығысқа қатысы бар тараптардың басын жиып, шиеленісті саяси жолмен шешуге барлық мүмкіндікті жасады. Енді оның нәтижесі Женевадағы жиынды толықтырып, алқалы отырысқа жаңаша серпін береді деп ойлаймын", - Ахи Эвран университетінің профессоры саясаттанушы: - Куршад Зорлу.