25 Қаңтар, 2017

Аса тағдырлы мәселені жария етпекпін - Елбасы

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу үшін тиісті заңдарға өзгерістер Парламенттің осы сессиясының аяғына дейін енгізілетінін айтты. "Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақпын. Бұл – Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу. Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым. Арнайы құрылған жұмыс тобы атқарылған істерді баяндады. Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады. Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламенттің сессияның аяғына дейін Парламентке енгізуі тиіс. Екіншіден, одан да күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейтеміз. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді. Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді. Жұмыс тобы барлық сұрақтарды жан-жақты зерттеп, қоғамдық талқылауға шығару үшін ұсыныстар жиынтығын әзірлеуі қажет" деді Мемлекет басшысы.