26 Қаңтар, 2017

Прототип

964 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
IMG_5495«Көктемнің он жеті сәті» фильміндегі басты кейіпкер өмірде болған адам. Соғыстан кейін ол Қарағанды қаласында тұрып, жұмыс істеген Иә, жазушы Юлиан Семеновтің кеңес дәуірінде жарық көрген атақты туындысы жай қиялдың жемісі емес. Ондағы басты кейіпкер Максим Исаевтың (Штирлиц) прототипі – аты аңызға айналған барлаушы Норман Бородин. Өмірі мен қызметі құпияға толы осы бір жан туралы, оның бейбіт күндегі тағдыры қалай өрбігені жайлы белгілі журналист, «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Владимир Иванович Рыжков көптен бері зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.  Мұның өзі кездейсоқтық емес. Өйткені, Норман Бородин белгілі себептермен бір жылдары Қарағанды қаласында тұрған, облыстық газетте қызмет істеген. «Егемен Қазақстанның» оқырмандарына қызықты болар деген оймен біз жақында барлаушы туралы біраз деректерге қол жеткізген Владимир РЫЖКОВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Владимир Иванович, себепсіз салдар жоқ. Сіздің осы тақырыпқа ден қоюыңызға түрткі болған не?  – Біраз жыл бұрын «Индус­триаль­ная Караганда» газетінің редакция­сына тұрақты автор­лары­мыздың бірі, тарихшы, өлке­танушы Юрий Григорьевич Поповтан қомақты сә­лем­деме келіп түсті. Қазір ол Санкт-Петербург қаласында тұрады. Көп уақытын Санкт-Петербург пен Мәскеу мұрағаттарында өткізіп, бірталай ізденген. Жіберген материалдарының ішінде, әсіресе, біреуі мені ерекше елең еткізді. Поповтың айтуынша, жазушы Юлиан Семеновтің «Көктемнің он жеті сәті» романының, кейін сол кітап бойынша түсірілген әйгілі фильмнің бас кейіпкері Штирлицтің прототипі белгілі барлаушы Норман Бородин ке­зінде біздің редакцияда қызмет істе­ген екен. «Қарағанды мұрағат­тарынан қараңыздаршы, ол туралы құжаттар табылуы мүм­кін», – деп жазыпты хатында Юрий Григорьевич. Іздестіру жұмыстарын редак­цияның өзінен-ақ бастадық. Сәтін салғанда, бізге нағыз керек, сонау 1952 жылдың 31 мамы­рында газет редакторы шығар­ған №78-ші бұйрықты тауып алдық. Бір парақ сарғайған қағаз­да былай делінген: «Осы күннен бастап Норман Михайлович Бородин жолдас редакцияның аға әдеби қызметкері ретінде уақытша жұмысқа алынсын. Жалақысы кесте бойынша. «Социалистическая Қараганда» газетінің редакторы Я.Муляр.». Біз бұл туралы бірден газет арқылы оқырмандарымызға сүйінші хабар таратып, Юрий Поповтың материалын да жарияладық. Бірақ сол кезде көп сырдың беті ашылмай қалды. Бородин Қарағандыға қалай келіп жүр? Оның кейінгі тағдыры не болды? Көркем шығармадағы атақты Штирлиц образы неге тап сол кісі арқылы жасалған? Осы сауалдарымызға жауап табу үшін іздестіру, сұрастыру жұмыстарын жалғастыра бердік. – Барлаушы Норман Бо­родин туралы не біле алды­ңыздар? Туған, өскен жері, ата-анасы мен нақты қызметі туралы деректер бар ма? – Өз облысымыздағы біз сұрау салған мұрағаттардан мардымды жауап ала алмадық. «Ол кісі Қарағандыдан кеткеннен кейін құжаттарының бәрін Мәскеу сұратып алған», – деп қысқа қайырды мұрағат қызметкерлері. Бірақ біз не керектің бәрі табылатын интернет заманында өмір сүріп жатқан жоқпыз ба, ғаламтордан біраз мағлұматтарға қанық болдық. Норман Бородин туралы әң­гі­мелегенде, өз заманында атақты болған әкесі Михаил Маркович Грузенберг туралы да айтып өткеніміз орынды.  Ол кісі В.И.Лениннің сенімді серіктерінің бірі, дипломат, Коминтерннің белді қайраткері болған адам. 1884 жылы Белоруссияның Витебск ауданына қарасты Яновичи деген жерде дүниеге келген. 1903 жылы РСДРП қатарына өтіп, бір жылдан соң Швейцарияға қоныс аударады. Одан кейін астыртын жұмыстар жүргізу мақсатымен Ригаға көшіп, сонда РСДРП қалалық ко­ми­тетінің хатшылығына сайланған. 1907 жылы бұл кісі Бородин деген лақап атпен АҚШ-қа барып тұрақтайды. Сонда саяси эмигранттарға арналған мектеп ұйымдастырып, Америкадағы орыс саяси эмиграциясының көрнекті өкіліне айналады. Оны қазір де АҚШ-та коммунистік партияны алғаш құрушылардың бірі ретінде атайды. 1911 жылы Грузенберг – Бородиннің отбасында екінші ұлы – болашақ кеңес барлаушысы Норман дүниеге келеді. Содан алты жыл өткенде бәріміз білетін Қазан төңкерісі дүниені дүр сілкіндіргеннен кейін Михаил Маркович Ресейге отбасымен қайтып оралып, Коминтернге қызметке тұрады. Ал 1919 жылы В.И.Ленин оны РСФСР-дің Мексика үкіметіндегі бірінші бас консулы етіп тағайындау туралы шешімге қол қойған. Сөйтіп, оған Мексикада коммунистік партия құру туралы құпия тапсырма қоса жүктеледі. 1922 жылы Ұлыбританияда Михаил Грузенберг – Бородиннің басы дауға қалады. Глазгода ол Джордж Браун деген бүркеншік атпен жергілікті компартияны қайта құруға кіріседі. Сол әрекетінің барысында тұтқынға алынып, жарты жылдан соң елден шығарылған. 1923 жылы Михаил Мар­ко­вичке одан да жоғары жауапты тапсырма жүктеледі. «Жолдас Кирилл» деген лақап атпен ол Қытайда Сунь Ятсеннің саяси кеңесшісі болады. АҚШ-тан ұлдары Фрэд және Норманмен бірге жаңа ғана оралған зайыбы Фаня Семеновна да Кантонға, отағасының қасына көшіп барады. Грузенберг – Бородиннің бұл жерде атқарған жұмыстары оңай болмаған. Сунь Ятсен қайтыс болғаннан кейін оны тұтқындап, Кеңес Одағына қайтарады. Аз уақыт Еңбек жөніндегі халық комиссарының орынбасары қызметін атқарған ол одан кейін Мәскеу метросын салып жатқан америкалық инженерлер мен жұмысшыларға арналған шет тіліндегі «Moscow news» газетінің бас редакторы болып тағайындалады. Осы қызметті 1949 жылға дейін атқарған. Кеңес Одағында «космополитизммен және антипатриоттық күштермен» күрес қарқын алған кез еді бұл уақыт. Сонда Шепилов деген адам Ждановқа арыз жазып, «Moskow news» газетінде «бір орыс, бір армян, басқа да ұлттардан үш адам және 23 еврей қызмет істейді», деп көрсеткен. Осыдан кейін газет жабылады. Михаил Грузенберг – Бородин сталиндік қуғын-сүргінге ұшырайды. Екі жыл Лефортово түрмесінде отырып, жантүршігерлік қинауға шыдамай, тергеуші талап еткен мойындаулардың бәріне қол қойып береді. Дамылсыз ұрып-соғулар салдарынан ақыры сол абақтыда 1951 жылдың 29 мамырында дүние салады. – Енді осы Грузенберг – Бо­ро­диннің баласы Нор­ман Боро­динге келейік. «Көк­темнің он жеті сәті» романын­да оқиғалар фашистік Гер­манияда, оның астанасы Бер­линде өрбіген ғой. Ол, яғни, Норман Бородин соғыс уақы­тында онда қалай барып, немен шұғылданған? Отанына қа­шан оралды?    – Белгілі жазушы Георгий Вайнер бір сұхбатында осы Норман Бородин туралы әңгі­мелеген. Оның айтуынша, Нор­ман өз әкесінің аманатын орындап, жас кезінен шетелдерде барлаушы болған, Еуропаның негізгі тілдерін өте жақсы білген. Шынында да, «болашақ Штир­лиц» небәрі 19 жасында НКВД-нің шетелдер бөлімінде қызмет етіпті. 1930 жылы Ленин­град теңіз училищесін тәмамдап, арада бірнеше ай өткенде Осло университетіне «студент» кейпінде барып жүрген. Бейресми барлаушы бұдан соң Берлин университеті мен Сорбонна колледжінде де «студент» болған. 1934 жылы Норман Боро­дин Қызыл Армияның Әскери-химия академиясында тыңдаушы болады. Ал үш жылдан кейін сырт көзге АҚШ-тағы радио­тех­никалық институттың «студенті» ретінде көрініп жүріп, шын мә­нінде Америкадағы бейресми резидент Исхак Абдулович Ах­меровтің орынбасары болады. Белгілі барлаушы, КСРО Сыртқы барлау институтының бұрынғы басшысы Виталий Павлов «Операция «Снег» деген кітабында Норман Бородин өмірінің осы бір кезеңі туралы былай деп жазған: «Бородин 1937 жылы Ахмеровтің орынбасары болды. Бастамашыл әрі ширақ қимылды әріптесіміз Норман Михайлович аса білікті үш агентке жетекшілік етті. Кейіннен Берияның бұйрығы бойынша оны шет елден кері шақырып алғанда ол отызға да толмаған жас жігіт болатын. Солай десек те, Бородин астыртын жұмыста әжептәуір тәжірибе жинап, төселіп үлгерген еді... Мен Норман Михайловичпен АҚШ-тан кері шақырылғанынан кейін таныстым. Ол маған өте жақсы әсер қалдырды: әркез байсалды, адамдармен оңай сіңісіп, тез тіл табысуға бейім, өзіндік әзілі де бар әдепті кісі еді. Өкінішке қарай, Ішкі істер халық комиссариатының шешімімен Бородин сыртқы барлау қызметінен шы­ғарылды да, Ұлы Отан соғысы бас­талғаннан кейін ғана қайта оралды». Норман Бородин мен Исхак Ахмеровтің кері шақырылуында құпия мән бар еді. Бұрынғы барлаушылардың бірі сатқындық жасағаны белгілі болып, бас­қа­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында АҚШ-ты шырмап алған заңды да, заңсыз да барлау жұмыстары уақытша тегіс тоқтатылған. Уақытша бос қалған кезін Норман Бородин Әдебиет және баспа ісі басқармасының шетелдер бөлімінде өткізеді. 1941 жылы ол америкалық болып Берлинге барып, швейцариялық Қызыл Крест қоғамында еңбек етеді. Барлаушы содан Ұлы Жеңіс сағаты соққанша Берлинде Кеңес Одағының пайдасына жұмыс істеген. Ол Мәскеуге тек 1947 жылы оралып, шет ел тілін жақсы білгендіктен «Moscow news» газетіне тілші болып орналасады. – Аты аңызға айналған барлаушы Қарағандыға қалай тап болып жүр? Мұнда ол қанша уақыт болған және немен айна­лысқан? – Әкесі өлгеннен кейін Нор­манды да тұтқындайды. Оны Қа­ра­ғандыға жер аударады. Ол мұн­да екі жылдан артық уақытын өткізген. Колония қоныста тұрған. МҚК басшылығы барлаушының бұрынғы еңбектерін ескерсе керек, оның өзі қалаған қызметпен шұғылдануына рұқсат береді. Сөйтіп ол «Социалистическая Караганда» газетінде алдымен әдеби қызметкер, одан кейін бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы болған. Норман өз мақалаларына «Н.Бородин», енді бірде «Н.Борисов» деп қол қойып отырған. Ол не туралы жазған дей­сіздер ғой. Көбінесе қала мен облыстың партиялық өмірі, саяси үйірмелердің қызметі сияқты ағымдағы мәселелерді қозғапты.  Мәдени тақырыптарға қалам тербеп, театр спектакльдеріне, кеншілер ансамблінің репертуарларына рецензиялар жариялаған. Ауыл-аудандарға шығып, еңбек­кер­лер өмірінен очерктер жаз­ған. Материалдарының біразы­на фотосуреттерді өзі түсір­ген, бұрынғы барлаушы фотоап­параттың тілін де жақсы білсе керек. Өкінішке қарай, Қарағандыда бұл күндері тілші Норман Бо­ро­динді көрген-білген ешкім қал­мапты. Оны журналист ретінде көргенін, бірге қызмет еткен адам табылған күнде де, кезінде оның атақты барлаушы болғанын мұнда ешкім білмегені анық. – Жазушы Юлиан Семенов роман кейіпкерінің прототипі ретінде неліктен нақ осы Норман Бородинді алды екен? Оны, мүмкін, мұрағат құжаттары бойынша таңдап алған болар? Әлде ғажайып ерлік иесі ретінде МҚК-нің өзі ұсыныс білдірді ме екен? – Мәскеуге қайтып оралғаннан кейін көп ұзамай ол ақталған, КСРО МҚК-дегі қызметі де қалпына келтірілген. Шетелдік тілшілермен жұмыс жөніндегі бөлімді басқарып, одан кейін партиялық және мем­ле­кеттік мекемелер резерві бөлі­мі­нің меңгерушісі болған. 1961 жылы Норман Бородин «Новости» баспа агенттігі саяси жарияланымдар ре­да­кциясының бас редакторы, одан кейін сондағы саяси шолушы қызметін атқарыпты. Сол кезде ол көпшілікке әлі таныла қоймаған ағайынды Вайнерлермен танысады. Оларға оқиғаны детектив жанрында жазып көруге алғаш кеңес берген де осы Норман Михайлович болған. «Ақымақтар-ау, – депті оларға атақты барлаушы, – жиналып алып, бос сөзді құр сапырғанша, бір-біріңе жүйелі әңгіме айтып, оны қағазға түсіріп, детектив романдар жазсаңдаршы». Бұл туралы Георгий Вайнер өзінің естелігінде де айтқан. Норман Бородин оларға шығармаларын бес-алты беттік әңгіме жазудан бастауға кеңес берген. Әңгіме жазсаңдар, бастырып беремін деп те уәде айтқан. Ағайынды Вайнерлер нақты бір оқиғаны негізге алып, іске кіріседі. Жазуға әбден берілген екеуі екі ай ішінде алты емес, алты жүз бет жазып тастайды. Кейін танымал болған «Часы для мистера Келли» романы өмірге солай келген.  Оны бұлар қолжазба күйінде Норманға әкеліп көрсетеді. Ол кісі оны «Советская милиция» журналына апарып береді. Ағайынды Вайнерлер романды жазушы Юлиан Семеновқа да көрсетеді. Ол болса қолжазбаны «Наш современник» журналына ұсынады. Сәтін салғанда, шығарманы екі журнал да ұнатып, басып шығарады. Осыдан соң ағай­ындылар Норман Бородинді қа­ламгер Юлиан Семеновпен та­ныс­тырған. Нәтижесінде «Көк­тем­нің он жеті сәті» өмірге келеді… – Норман Бородиннің қайтыс болған уақыты белгілі ме? Ол кісі Ю.Семеновтің романы бойынша түсірілген Т. Лиознованың «Көктемнің он жеті сәті» фильмін көрді ме екен? Көрсе, оның аталмыш кино туралы пікірін естіген адам бар ма? – Норман Бородин қайтыс боларынан бір жылдай бұрын, яғни 1973 жылы теледидардан Татьяна Лиознова түсірген әйгілі «Көктемнің он жеті сәті» сериалының премьерасын көрген. Сол кезде қасында болғандар тек оған фильмнің ұнағанын айтады. Ал негізі талантты барлаушы Норман Бородиннің Штирлицтің прототипі екенін сол кезде жақындары мен роман авторынан басқа ешкім білмеген. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескендер, Жанболат АУПБАЕВ, Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»  ҚАРАҒАНДЫ Бородин Суреттерде: «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы В.И.Рыжков; аты аңызға айналған барлаушы, өмірі Штирлиц образына негіз болған Н.Бородин