26 Қаңтар, 2017

Балқан қаламгерлерінің жинағы жарық көрді

494 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
24_01 (5)А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Балқан поэзиясы мен прозасынан сыр шертетін «Жарылқа мені, түн» атты жаңа жинақтың тұсауы кесілді.  Аталған кітаптың жарыққа шығуына есімі белгілі жазушы, аудармашы, Лондондағы «Абай үйі» мен Халықаралық Абай клубын құрушы, «Ама­нат» халықаралық әдеби жур­налының негізін қалаушы Рол­лан Сейсенбаев ұйытқы болды. Жаңа жинақпен таныстырған ««Kazzinc Holdings» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Никола Поповичтің айтуынша, аталған еңбек Нұрсұлтан Назарбаевтың жылы лебізіне ие болған «Менің 100 кітабым» сериясымен жарық көрді. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланатын бұл серияның кітаптары демеушілердің көме­гіне сүйенеді. «...Ақыл-ой байлығы еш­қашан сарқылмайды. Жақ­сы кітап сіздің өмірлік серігіңіз болмақ», деп жазған екен Елбасы аталған жинақтың алғы­сөзінде. Н.Попович Сер­бия, Черногория, Босния, Хор­ватия жазушылары мен ақындары шығармаларының жанына жақын екенін жеткізді. Оның ата-анасы бұрынғы югославиялық азаматтар екен. Ол осы орайда аталған ел­дер­дің құндылықтарын ба­ғалай келе, жинақта барлық республикалардың рухы ай­рықша ашып көрсетілгенін және жарияланған мәтіндер өткен шаққа деген сағыныш сезімін оятатынын айтты. – Бұл жинақты ХІХ-ХХ ғасырды қамтитын бұрынғы Югославия кеңістігіндегі жазба әдебиеті құдіретінің ескерткіші деп бағалауға болады, – деді Н.Попович. Тағы бір айтарымыз, жақында жазушы Роллан Сейсенбаев Ка­наданың Эрнест Хэмингуэй атындағы әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Бұл сыйлыққа қазақ қаламгері «Елдер мен Континенттер» аталымы бойынша әлем халықтарының бірлік пен ынтымақта жарасымды өмір сүрулері жолындағы ізденіске ұмтылған шығармашылығы үшін лайық деп танылып отыр. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН