Универсиада кезінде жоқ дегенде 1 миллион еуро табады делінген Атлеттер ауылының асханасында ұлттық, азиялық, еуропалық, вегетериандық және халал секілді бес тағам түрі ұсынылмақ.
«Мәзірдің ішінде пицца, стейк, паста, спринг-ролл, «Том Ям» атты тай сорпасы сияқты тағам түрлері де бар. Әрине, біз өзіміздің ұлттық тағамдарымызды ұмыт қалдырмадық. Спортшыларға арналған асханаларда қазақы «шай дастарқаны» жайылады. Сондай-ақ, қонақтар асылған ет, қуырдақ, нарын секілді ауқаттардан ауыз тие алады», дейді Royal Catering компаниясының бас директоры Индира Ахметова.
FISU талаптарына сәйкес атлеттердің күндізгі калория нормасы (4000-4500) анықталып, ол Қысқы ойындар кезінде спортшыларға тамақ даярлағанда әрине, ескерілетін болады. Сондай-ақ, дұрыс зат айналымын қамтамасыз ету үшін атлеттерге пайдалы сусындардың барлық түрлері ұсынылады.
Универсиада кезінде ресми делегация мүшелері, FISU техникалық мамандары, халықаралық техникалық мамандар (ITOs), ұлттық техникалық мамандар (NTOs), волонтерлар, БАҚ өкілдері, медициналық қызметкерлер, Ұйымдастыру комитеті, FISU Family өкілдері және т.б. тұлғалар тамақпен қамтамасыз етіледі.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ