қазақ мәдениетімен кеңінен танысқылары келеді
Санаулы күндерден кейін қысқы Универсиадаға алпысқа тарта елдің алғашқы делегациялары келе бастайды. Биылғы студенттік додалардан Аргентина, Бразилия және Парагвай сынды шалғайда жатқан Оңтүстік Америка елдері де қалыс қалмайды. Жарыстарға Аргентина құрамасы қатарында 2 спортшы, атап айтқанда, сноубордшы Инаки Одриозола және шаңғышы Томаш Басигалупо өнер көрсетпек.
Ағынан жарылған атлеттер шын мәнінде Қазақстан туралы аз білетіндерін мойындаған. Дегенмен, Алматыға табандары тигенше біздің еліміз туралы көбірек білгісі келетінін айтып отыр.
Соңғы айлардағы студенттік каникулдар кезінде бұл спортшылар өте қарқынды жаттығулар жүргізген. Аргентина делегациясы екі спорт түрінде медаль тағудан дәмелі.
Инаки Одриозоланың айтуынша, ол 2015 жылы Аргентинаның Snowboarder Slopestyle чемпионатында және 2016 жылы Оңтүстік Америкадағы Big Air жарыстарына қатысқан. Атлет 2017 жылғы қысқы Универсиадада кеңінен тәжірибе жинақтап, жергілікті мәдениетпен таныссам деп отыр. «Мен Қазақстан туралы ештеңе білмеймін деуге болады. Қазір елдеріңіздің тарихы және оның тәуелсіздік алуы туралы материалдар оқып жүрмін. Алматыға барғанда осы өлкенің мәдениеті туралы көбірек ақпарат аламын деп ойлаймын», дейді сноубордшы.
Томаш Басигалупо да 28-ші Қысқы студенттік ойындарда жақсы нәтижелер көрсетсем деп отыр. Осы жарыстар кезінде ол басқа елдерден келген спортшылардың дайындық деңгейін байқап, жаңа адамдармен танысуға ниетті. Бұл спортшы да Қазақстан туралы аз білетінін жасырмайды. Сондықтан, 2017 жылғы Универсиада елін өз көзімен көруге аса ынтық.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ