Этномәдени бірлестік төрағалары мен мүшелерінің, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми-сараптамалық топтар өкілдерінің қатысуымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі өтіп, алда атқарылатын идеологиялық-ақпараттық шаралардың тізбесі белгіленді.
Жиында сөйлеген кіріспе сөзінде облыстық Ассамблея төрағасы, аймақ басшысы Ерік Сұлтанов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аталып өткен жыл өзіндік ерекшеліктерге толы болғанын, қай шара болсын жұртшылықтың белсене атсалысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, биыл жаңа қазақстандық патриотизм идеясын насихаттауға басымдық берілетінін атап көрсетті.
Кеңес отырысында Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимовтың есебі тыңдалды. Өңірде 25 облыстық, 154 аудандық этномәдени бірлестік, 38 аналар ұйымы, 80 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Жастардың бастамашылдығына үлкен қолдау көрсетіледі. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де, Ұлттық ұлан Петропавл әскери институтында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары құрылып, ұлтаралық татулықты нығайтуды басты мақсат еткен. Бүгінде аудандар мен ауылдық округтерде «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекеменің және «Достық» үйінің бөлімшелері мен орталықтарын құру ойластырылған.
«Кентрон» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Геворг Геворкян елдің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ету, ұлттық құндылықтарды жұртшылыққа таныту жолында атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салумен бірге, ұйым төрағаларының мәртебесін кеңейту жайына тоқталса, аналар кеңесінің төрайымы Күлімкөз Смайылова еліміздің лайықты құрмет пен беделге ие болып отырғанына бірқатар мысал келтірді.
Этномәдени бірлестіктер санының көбеюіне байланысты «Достық» үйі тарлық етуде, оны кеңейтудің қандай мүмкіндіктері бар деген сұраққа Ерік Сұлтанов мәселенің алдағы уақытта оң шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол жиналғандарды облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырып, атқарылатын іс-жоспарлармен бөлісті.
Өңір басшысы сөзінің соңында ел халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институт саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясы шеңберінде көп этносты мемлекетіміздің басты байлығы – құрыштай бірлік пен ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсуіне солтүстікқазақстандықтардың да өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы