Енді санаулы айдан кейін асқақтаған Астана төрінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі басталады. Бұл ел тарихындағы айтулы кезең болмақ.
Тарихы тасқа тұнған шежірелі өлке Жамбыл облысының да халықаралық көрмеге қосатын өзіндік үлесі бар. Мыңжылдықтардан тамыр тартқан тарихи өлкеге шетелдік туристердің де қызыға қарайтыны рас. ЮНЕСКО тізіміне енген бес тарихи ескерткіштен бөлек, өз алдына шежіре шертетін нысандардың алатын орны бір басқа. Есте жоқ ескі замандардан бері ел мүддесіне, ұрпақ ұлағатына қызмет етіп келе жатқан тарихи орындардың осы жолы да әлем мәдениетіне танылуына кең жол ашылмақ.
Бүгінгі таңда облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің сандық көрсеткіштері 3365-ке жетті. Оның ішінде 741 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған болса, мұның 711-і жергілікті дәрежедегі, ал 25-і республикалық дәрежедегі ескерткіштер. Сондай-ақ, 5 тарихи-мәдени ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік тарихи-мәдени мұраларының тізіміне алынып, халықаралық дәрежедегі ескерткіштер мәртебесін алып отыр. Ал қалған 2624 тарих және мәдениет ескерткіші алдын ала тізімге алынған. Облыс бойынша ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген тарихи-мәдени ескерткіштердің қатарында ортағасырлық Қостөбе қалашығы (VI-XII ғғ.), Ақыртас кешені (VIII-XIV ғғ.), ортағасырлық Өрнек қалашығы (VIII-XII ғғ.), ортағасырлық Құлан (VI-XIII ғғ.) қалашығы, және ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) (VI-XIII ғғ.) қалашығы бар.
Ал алдағы ЭКСПО-2017 көрмесіне орай, өңірге мыңға тарта турист келеді деп жоспарланып отыр. Осыған орай, облыстық Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сейітжан Ілияс Жамбыл облысында орналасқан 34 тарихи-мәдени ескерткіштің өңірлік туристік кластерді дамыту мен келген туристерді аралату нысаны ретінде алынып отырғанын айтады. Олардың қатарында көне VI-XIII ғасырларға жататын Құлан қалашығы, VIII-XII ғасырларға жататын Меркі, Өрнек қалашықтары, VI-XIII ғасырларға жататын Ақтөбе (Баласағұн) қалашығы, сонымен қатар, Ақыртас, Қостөбе, ежелгі Тараз қалашығы, Төменгі Барысхан қалашығы, Түймекент қалашығы, Охқум қалашығы, Жалпақтөбе қалашығы, Бабаджа хатун мазары, Беріққара қорымдары, Тәңірқазған мен Бөріқазған тұрақтары, Айша бибі, Қарахан мен Тектұрмас кесенелері және өзге де тарихи-мәдени нысандар бар.
Қазіргі таңда облыста бұл ескерткіштердің айналасына жол салу, олардың бағытын көрсететін тақтайшалар мен бан-
нерлер ілу сияқты жарнамалық жұмыстар жүргізілуде.
– Елімізге ЭКСПО-2017 қарсаңында келетін туристерге жеріміздің көрнекті тарихи-мәдени орындарын таныстыру үшін жасалып жатқан іс-шаралар тиянақты түрде орындалуда, – дейді Сейітжан Рысбекұлы.
Аталған көрме елдің елдігін, ұлттың ұлттығын танытып қана қоймай, еліміздегі көне шаһарлар мен ескерткіштерді паш етіп, әлемнің одан әрі қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы