Шығыс Азияның дамыған елі Жапония мен Орталық Азия барысы ретінде танылған Қазақстанның ынтымақтастығы жылдан жылға артып келеді. Жапония Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде 1991 жылдың 28 желтоқсанында таныды. Бір ай өткенде, яғни 1992 жылдың 26 қаңтарында екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар арнайы бекіп, ынтымақтастықтың өрістеуіне кеңінен жол ашылды.
Міне, содан бері тура 25 жыл өтіпті. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаттағы орны мен беделі күннен-күнге айқындалып, әлем таныған, талай асуды бағындырған, дамудың сара жолында өз бағытын тапқан егемен ел екендігін барша дүние біледі. Қазақ-жапон қатынастарының 25 жылдығына орай, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың тарихын қысқаша зерделеп шығуды жөн көрдік.
Дипломатиялық қатынастың бастауы ретінде ынтымақтастық орнағаннан кейін бір жыл өткенде, яғни 1993 жылы Алматы қаласында Жапония елшілігінің ашылуын атасақ болады. 2005 жылы Жапония елшілігі Астанаға көшірілді. Қазақстанның Жапониядағы елшілігі 1997 жылдан бері жұмыс істейді.
25 жыл ішінде екі мемлекеттің үкіметтері арасындағы қол қойылған басты уағдаластық құжаттарына келсек: Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Жапония Үкіметі арасында техникалық ынтымақтастық жөніндегі уағдаластық (2005 жылдың 6 шілдесінде күшіне енді), Қосарланған салық салуды болдырмауға және кіріс салығынан жалтаруға жол бермеуге қатысты конвенция (2009 жылы күшіне еніп, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылды), Атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану туралы уағдаластық (2011 жылы күшіне енді), Инвестицияны екіжақты қорғау жөніндегі мемлекетаралық уағдаластық (2014 жылдың 23 қазанында қол қойылып, бір жылдан кейін күшіне енді).
Қазақстан мен Жапония 2015 жылдың 27 қазанында стратегиялық серіктестікті кеңейтуге қатысты Біріккен мәлімдеме жасады. Екіжақты саяси үнқатысудың бастауы ретінде Жапония премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Ватанабэ Мичионың 1992 жылдың мамыр айында Қазақстанға сапарын атауға болады. Ал Қазақстан тарапынан алғашқы ресми сапар 1994 жылдың 6-9 сәуірі аралығында жүзеге асты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға алғаш рет сапар шегіп, аса маңызды келісімдерге қол жеткізді. Бұл сапар мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа өреге көтерілуіне тың серпін берді.
Жапонияның сол кездегі Қазақстандағы елшісі Акира Мацуи Нұрсұлтан Назарбаевтың Күншығыс елінде болған кезін өзінің естеліктерінде егжей-тегжейлі жазған. Өзгені тани отырып, өзін таныта білу – дипломатиялық шеберліктің айқын үлгісі. Жапонияның Қазақстандағы алғашқы елшісі Акира Мацуи «Шйодайтайшигамитаказафусутан» (Қазақстан тұңғыш елшінің көзімен, Токио: 2007) деп аталатын кітабында жапон оқырмандарына Қазақстан туралы нақты деректер мен мол мағлұматтар бере отырып, тәуелсіздігін жаңадан алған ел туралы ойларын келелі пікірлерімен өрнектеген.
Кітаптың «Президент Назарбаевтың Жапонияға сапары» деп аталатын үшінші тарауында 1994 жылдың 6-9 сәуірі аралығында Елбасының Күншығыс еліне сапары жайлы толымды деректер келтіріп, Қазақстан басшысы жайында көңілге түйген ойларымен бөліскен. «Мен жаңа қызметіме кіріскен кезде, Президент Н.Назарбаев Жапонияға сапар шегіп, жаңадан тәуелсіздік алған Қазақстан мен Жапония арасындағы келісімді жүзеге асырып, екі ел арасындағы байланыстың іргетасын бекіту туралы ниетін білдірген еді. 1994 жылы, тура сакура ағашы гүлін толық ашқан мезгілде Қазақстан Президентінің Жапонияға сапары жүзеге асты. Сол уақытта үш күн бойы Президентпен бірге болғанымды мен бақыт санаймын.
Н.Назарбаев 1994 жылдың соңында өткен дипломатиялық таныстырылымда шабыттанып, домбыра тартқан болатын. Осы жолғы сапарында да көтеріңкі көңіл-күймен, көлік ішінде әндетіп отырды. Президенттің мұндай әдеті күйзелісті бойға жинамаудың бір құпиясы болар деп түйдім. Қазақтың ән әуеніне ұқсағандықтан ба, жапонның дәстүрлі әндерін ұнатып, Гиндзадағы серуен кезінде және Акихабарада дүкен аралағанда Жапонияға кеңінен таралған әндерді қалайтынын айтты. Зайыбымен, қызымен бірге жапон әндерінің СD жинағын сатып алды...», деп жазады А.Мацуи.
Қазақстанда қызмет еткен кезінде көрген-білгендерін, ойға түйгендерін кітабына арқау еткен жапон елшісі Қазақ елінің ұлттық мінез-құлқына да өз бағасын беруді ұмытпапты. «Қазақ халқы көшпенді халыққа тән ерекшеліктерді, мінез-құлықты сақтаған, турашыл, кеңпейіл, шешен, қонақжай, дархан көңілді» деп жазған өз кітабында елші.
Қазақстан басшысы 1999 жылы желтоқсанның 5-8-і аралығында Жапонияға екінші рет сапармен барған кезде Достық, ынтымақтастық пен әріптестік жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қойылуы да екі елдің дипломатиялық байланысын жаңа белеске көтергені сөзсіз.
2006 жылы 28-29 тамыз күндері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы шақыруымен Жапония Премьер-министрі Джюничироу Коидзуми Қазақстанға келді. Бұл сапар табиғи ресурстарға бай Қазақстан мен энергетикалық шикізаты тапшы Жапонияның өзара тиімді әріптестігі үшін өте маңызды болды.
Ал 2008 жылдың 18 маусымында Қазақстан басшысы Жапонияға үшінші рет ресми сапармен барды. 22 маусымға дейін созылған сапар кезінде Жапония императоры екі елдің арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевты «Хризантема» орденімен марапаттады. Қазақстан тарапынан император Акихитоға жоғары мемлекеттік «Алтын Қыран» ордені табысталды.
Жоғары дәрежелі кездесулер екі ел аумағындағы ресми сапар кезінде ғана емес, өзге мемлекеттерде өткен халықаралық жиындар кезінде де жалғасып жатты. Мәселен, 2010 жылы 13 сәуірде Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Премьер-министрі Юкио Хатоямамен кездесу өткізген болатын.
2013 жылы 6 қыркүйекте Санкт-Петербургте өткен G20 Саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесті. Ал 2014 жылы 17 қазанда Елбасы Миланда өткен «Азия-Еуропа» форумының 10-шы саммитінде Жапония Премьер-министрімен келіссөз жүргізді.
Бүгінгі күнге дейін Жапониядан түрлі лауазым иелері ресми сапармен Қазақстанда болып, соның арқасында ынтымақтастық өз деңгейінде даму үстінде. 1997 жылы Жапония Парламенті Төменгі палатасының депутаты Кэйдзо Обучи (2000 жылдан бастап Премьер-министр), Экономикалық жоспарлау министрі Таро Асо, 1998 жылы Сэйчиро Тойода бастаған Жапония экономикалық ұйымдар федерациясы, 2001 жылы бұрынғы Премьер-министр Цутаму Хата, 2002 жылы Сыртқы істер вице-министрі Сэйкэн Сэгиура, Төменгі палата депутаты Юрико Койкэ, 2003 жылы Сыртқы істер вице-министрі Тэцуро Яно, Жоғарғы палата депутаты Хироюки Моришита, Төменгі палата депутаты, бұрынғы Премьер-министр Йоширо Мори, депутат Цутому Хатаның Қазақстанға жасаған арнайы сапарлары да мемлекеттеріміз арасындағы достық, ынтымақтастықты өркендетуде маңызды рөл атқарды десек болады.
Қазақстандық парламентшілер мен министрлер де Жапонияға сапармен барды. Бүгінде Қазақстан Парламентінде Жапониямен ынтымақтастықты дамыту туралы арнайы топтар құрылған.
Жапония Сыртқы істер министрлігі жанындағы Халықаралық ынтымақтастық агенттігі Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Аталған агенттік Астананың салынуына үлкен үлес қосуда. 1998 жылы осы ұйымның қаржыландыруымен Астана әуежайы салынды. 2002 жылы Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің қолдауымен Астананы дамытудың бас жоспарын жүзеге асыру қолға алынды. Архитектор Кишио Курокаваның жобасымен жаңа шаһар бой көтере бастады. Астана қаласының су жүйесі мен жол төсеу жұмыстарына да Жапония агенттігі атсалысты. 2013 жылдың наурыз айында Жапонияның Цукуба университетінің қолдауымен Алматыда екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылдығына байланысты халықаралық конференция өткізілді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд АҚШ долларын құраған. 2005-2015 жылдар аралығында Жапониядан Қазақстанға салынған тікелей инвестиция көлемі 4,8 млрд долларға жеткен. Гуманитарлық салада да Жапония Семей аймағына көмек көрсетіп отыр.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы
АЛМАТЫ